El іshі

Атау беру тек заң аясында жүзеге асырылады

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ономастикалық мәселелерге қатысты семинар өтті. Оған ауылдық округ әкімдері, ардагерлер және аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы топтың мүшелері қатысты.

Семинарды аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы тобының төрайымы Анар Ахметова ашып, сөз кезегін облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Ақтолқын Есқалиға берді.
Ақтолқын Камокқызы облыстық ономастикалық комиссияның мақсаты туралы айта келіп, Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының 25-5 бабына тоқталды.
-Ономастикалық комиссияға түскен ұсыныстар көбінде қабылданбай кері қайтарылады. Себебі, аталған Заңның 25-5 бабының критерийлеріне сәйкес келмей жатады.
Жалпы нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен оның құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау жұмыстары ҚР «Тіл туралы» Заңы, ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы және арнайы бекітілген нұсқаулыққа негізделіп жүргізіледі.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігімен келісілген ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның мақұлдаған тізімде 555 тарихи тұлғалар, 380 тарихи жер-су атауы, 298 дәстүрлі атаулар бар. Нысандарға, елді мекендер мен көшелерге атау осы тізімде бар атаулар аясында беріледі.
Алайда бұл тізім толықтырылып отырады. Мәселен, биылғы жылы 1 қарашаға дейін әр өңірден тарихи тұлғалар тізіміне ұсыныстар қабылданады. Біз оны 1 қарашаға дейін күтіп отырмай, қазірден ақылдасып, ұсыныс жинау жұмыстарын бастап кеттік. Алайда ол ұсыныс “Тіл туралы” Заңның 25-5 бабы, яғни ономастика жұмысының критерийлеріне сай болуы керек.
Одан кейін ауылдық округ әкімдеріне ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 12 бабы, яғни Аудандық өкілді және атқарушы органдардың өкілеттіктері, сонымен бірге аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктері туралы 14 бабын түсіндірді. Яғни, нысандар мен көше, ауыл атауын беруде ауылдық округ әкімдері қандай жағдайда ұсыныс жасау, қандай жағдайда шешім шығару қажеттігінің заңдылығы туралы айтты.
Ақтолқын Камокқызы семинарға қатысушылардың тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.
Сонымен бірге маман аудандық ардагерлер кеңесінің төрғасы Сейітхан Жұмашевтың ардагерлердің атынан сұрауына байланысты ҚР «Тіл туралы» Заңының 25-5 бабы Ономастика жұмысының критерийлеріне жеке тоқталды.
-ҚР аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру жөніндегі ономастика жұмысының критерийлері:
1) тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру;
2) әдеби тіл нормаларына сәйкестігі;
3) бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру;
4) жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атау, оны өзгерту;
5) қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға ерен үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беру жағдайларын қоспағанда, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың жеке есімдерін қайтыс болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң беру болып табылады,- деп маман заңда көрсетілген талаптарды оқыды.
Ақтолқын Камокқызы жалпы бұл мәселеге қатысты барлық сұрақтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Семинарды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close