El іshі

Балалар әдебиетінің дарабозы

Аудандық “Достық” мәдениет үйінде балалар кітапханасы кітапханашыларының ұйымдастыруымен “Балалар әдебиетінің дарабозы” атты көрме-сөзжұмбағы өтті. Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды “Балалар жылы” деп жариялауына байланысты “15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафон” жобасының қазақтың көрнекті балалар ақыны, жазушысы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Ескен Елубаевтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Ақын 1942 жылы 18 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Отар стансасында дүниеге келген. 1958 жылы осы ауданның Отар стансасындағы №29 теміржол орта мектебін тамамдап, 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін «филолог» мамандығы бойынша бітірген. 1966 жылдан бастап «Жалын», «Өнер», «Балауса» баспаларында, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде және «Балдырған» журналында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарған. Ең алғашқы өлеңі 1958 жылы республикалық «Ара» журналында жарық көрді.
Ақын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Ұлттық «Астана – Бәйтерек» конкурсының екі дүркін бірінші орын жүлдегері. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екінші жүлдегері, сонымен қатар «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
Оның бүгінгі таңға дейін қазақ және орыс тілдерінде 40-тан астам шығармалары жарық көріп және мектеп оқулықтарына да енгізілген. Ақынның шығармашылығының басым бөлігі балаларға арналды. Олар: «Көк жейде», «Көкпар», «Баламысың», «Өжет» деген т.б. шығармалары. «Болатбек» пьесасы республикалық қуыршақ театрында қойылды, ал «Балабек», «Асар» пьесалары бүгінгі күнге дейін республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. «Саған күшік керек пе?» атты көркем фильмде автордың пьесасы бойынша түсірілген екен.
Көрме-сөзжұмбақ балалар өнер мектебінің “Тұмар” бишілер тобының “Ерке қыз” биімен ашылды. Одан кейін Led экраннан кітапханашы Нұржанат Нұрманалиеваның баяндауымен ақынның өмірі мен шығармаларына арналған бейнебаян көрсетілді.
Кеште балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 5 сынып оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Сонымен қатар, ақынның жеке болжамы “Қазақстанның жеті кереметін” жатқа айтып, ақынның өзге қырын таныстырды. Ал, кітапхананың тұрақты оқырманы Жанерке Мейрамбек “Бақытты қыз” әнін орындаса, бір топ балалар кітапханашылар жасырған ақынның жұмбақтарының шешімін тапты. Кеште балалар жаңылыспай ақынның шығармашылығынан жаңылпаштар да айтты.
Кезек балалар кітапханасының кітапханашысы Айгүл Дәуітоваға беріліп, ол “Балаларға базарлық” кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Кітапхана қорындағы ақынның жаңа кітаптарымен, әдістемелік құралдарды таныстырды. Ал, кітапханашы Нұржанат Нұрманалиева “Кітап тамшылары” көрме инсталляциясын таныстырып, жаңаша форматтағы кітап көрмесінің мән-мағынасына тоқталды. Көрмеден кітапханашылар балалардың қызығушылығын ояту үшін жаңашылдыққа бет бұрғаны, оның оқырманға пайдасы мол екені аңғарылды.
Шарада сөз кезегі №1 мектеп-гимназия кітапханасының меңгерушісі Сара Ормановаға беріліп, ол кешке кітапханашылар мен оқырмандар тыңғылықты дайындалғанын, балалардың белсенділігі мен қызығушылығы жоғары екеніне тоқталды. Кітапханашылар ақынның шығармаларындағы түрлі жанрды таныстырып, туындыларын ұштастыра білді деген пікірін жеткізді. Олардың жаңашылдығын өз тәжірибесінде қолданатынын да ерекше атап өтті.
Кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы қорытындылады. Шараға белсенділік танытып қатысқаны үшін №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Жеңіскүл Бейбітоваға және 5 сынып оқушыларына алғысын білдіріп, мекеменің атынан Алғысхат тапсырды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close