El іshі
Татулыққа үлес қосқан татар қызы
«Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, еңбекпен өмірлерін ұштастырған Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Көлбастау ауылында қазақ халқымен бірге өзге ұлт өкілдері өмір сүруде. Жалпы Көлбастау ауылының тұрғындары татулық пен достықты ту етіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырғаны баршамызға белгілі. Солардың бірі – көпбалалы ана Фаузиля Шамилқызы.
Көпбалалы отбасы атанған Фаузиля Шамилқызы өзі татар ұлтынан, ал жолдасы Марат Жұрқабаев қазақ. Екеуі 1987 жылы отау құрып, бүгінгі таңда бес баланың ата-анасы атанып отырған жайы бар. Отағасы Марат Жұрқабаев Көлбастау ауылында туып-өскен. Ол ауылдың тыныс-тіршілігімен бала күнінен жақсы таныс болғандықтан, ауылдағы кез келген жұмысқа кірісіп кете береді. Ал, отанасы Фаузиля Шамилқызы Башқұртстанның Бижбуляк ауданы Елбұлақтамақ ауылдық кеңесінің орталығында туып-өскен. Ол көпбалалы отбасынан шыққан.
-Ата-анам өте мейірімді, көңілдері кең болғанмен, баланың тәрбиесіне барынша мұқият қараған жандар еді. Біз орыс мектебіне бардық. Бірақ үйде орысша сөйлей алмайтынбыз. Ата-анамыз: «Қақпадан бері кіргеннен кейін, орысшаны доғарыңдар» деп, қатаң талап еткендіктен, тек татар тілінде сөйлесетінбіз.
-Татарлар Наурыз мерекесінде жеті дәннен тұратын қарға ботқасын әзірлейді. Қарға ботқасы атауы алқапқа себілген дәнді қарғалар шоқып, болашақ егінді құртып жібермесін деген ырымнан шыққан. Салт-дәстүр, мәдениетімізді дамытуға бар мүмкіндік жасалған. Бұған өте ризамыз, – дейді Фаузиля Шамилқызы.
Фаузиля Шамилқызы Уфа қаласында техникумда кассир-бақылаушы болып білім алып, алғашқы еңбек жолын Уфада дүкенде кассир болып бастайды.
-Жолдасымның туып-өскен жері Көлбастау ауылы.
Тұрмысқа шыққанда, ата-енем таза қазақи кісілер екен. «Олардың алдында қалай орысша сөйлеймін, ұят емес пе?» – деп, дереу қазақ тілін үйренуге кірістім, сөйтсем, татар тілін білетін адамға қазақша үйренудің еш қиындығы жоқ екен. Уақыт өте келе бәріне үйрендім. Өмірдің түрлі жолдарынан өттім, балалар дүкенінде дүкенші болып жұмыс істедім, одан кейін Ленин колхозында түрлі жұмыстар атқардым. Қайын атам қазақ, енем башқұрт ұлтынан болды. Біз қара шаңырақта ол кісілермен бірге тұрдық. Енем өте еңбекқор кісі болды, 80 жасқа дейін ауыл алмабағынан алма теріп, дүкенге өткізетін. Көктемде тауға шығып, саңырауқұлақ теріп аудан орталығындағы базарға барып сатып келетін.
Өзім де көпбалалы анамын. Отбасында төрт ұл, бір қыз тәрбиеледік. Бір ұлымыз үйленген. Олар Тараз қаласында тұрады.
Қазіргі таңда «Бурное сүт компаниясында» жұмыс жасап жатқаныма 16 жыл болды. Онда өзге ұлт өкілдері көп. Жұмысым өзіме ұнайды. Бәрімен сыйластығымыз жақсы, сәлеміміз түзу, бір атаның баласындай татумыз.
Ауыл адамдарының мейірбандылығы, татулығы өте жақсы. Барымыз, балаларымыз, құлындарымыздың алаңсыз білім алып, болашақтары жарқын болуы үшін қолымыздан келгенін аянбаймыз. Әулетім – мақтанышым. Әсіресе, апамыз марқұм жайдарлы кісі еді, көп нәрсеге түсіністікпен қарайтын. Көршілерімізбен де жақсы қарым-қатынастамыз,- дейді Фаузиля Шамилқызы.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»