El іshі

Шақпақата түлектерінің туған ауылға тартуы

«Туған елге тағзым ету – парызым, туған жерге қызмет ету – қарызым» дейтін жомарт жандар үшін игі бастама жалғасуда. Туған жерге қанша қызмет етсең де артық болмайды.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Шақпақата ауылындағы «Шақпақата» бөбекжай-балабақшасы үшін қуанышты күн болды. Өйткені, ауылдағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті бітіргендеріне 15 жыл болған түлектер балабақша бүлдіршіндеріне заманауи ойын алаңшасын сыйға тартты.
Мерекеге орай балабақша ұжымы «Жүрегімді балаларға арнаймын!» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, ауыл әкімі Затыбек Пашенов және ауыл имамы мен 2009 жылғы түлектердің сынып жетекшілері, ұлағатты ұстаздар Сайранкүл Пралиева, Жұмабай Оразбаев және балабақша ұжымы мен мектеп түлектері қатысты.

Мерекелік шарада балабақша бүлдіршіндері мектеп бітіргендеріне 15 жыл болған түлектерге алғыс ретінде өздерінің өнерлерін тарту етті.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова түлектерге алғысын айтып, жылы лебізін білдірді және аудан әкімі Жалғас Мұртазаның құттықтау хатын табыстады.
Мерекелік шарада түлектер ұстаздарына өздерінің сыйлықтарын табыстады. Өз кезегінде ардагер ұстаздар да шәкірттеріне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Іс-шараны «Шақпақата» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Рабиға Арқабайқызы қорытындылады. Ол 2009 жылғы түлектерге осындай керемет заманауи балалар ойнайтын алаңшаны сыйға тарқаны үшін ұжымның, ата-аналар мен бүлдіршіндердің атынан алғыс айтты.
Өз кезегінде түлектер де игі тілегін білдірді.
-Біз ауыл балаларына тосын сый жасағанды жөн көрдік. Ауыл балаларының балалық шақтары алаңсыз өтсе дейміз. Әр салада еңбек етіп жүрсек те туған ауылымыздың өркендеуіне тамшыдай болса да өз үлесімізді қосуға қашанда дайынбыз,- деді мектеп түлектері.
Балалар алаңшасының лентасын ардагер ұстаздар Сайранкүл Пралиева мен Жұмабай Оразбаев қиды. Мектеп түлектері балабақшадағы барлық балаларға тәтті сыйлықтар таратты.
Осындай игі бастамаға үш сыныптан 30 оқушы атсалысқан. 2009 жылғы түлектердің ішінде ауылда ғана емес, ауданда, облыста абыройлы қызмет етіп жүрген азаматтар баршылық.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close