El іshі
Кіл мықтылар белдескен жарыс
Сәрсенбі күні Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Спорт кешенінде» қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Жуалы аудандық іріктеу жарысы болып өтті.
Турнир Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету арқылы оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Ұлттық спортты дамыту мақсатындағы «Жуалы барысы» турнирінің ашылу салтанатында аудан әкімінің м.а Асхат Жабағы, Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы Ерғали Тілеубеков, құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. Ауыл ақсақалы Кәрібай Құрмашев боз кілемге шығатын балуандарға ақ батасын берді.
Аудандық іріктеу жарысына дейін әр ауылдық округ өзара жарыс өткізіп, ең мықты деген балуандарын аудандық жарысқа жіберген болатын.
Турнирде ауылдық іріктеулерде финалға шыққан 16 балуан бақ сынады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнирде әрбір балуан аудан деңгейінде «барыс атануға» барын салды.
Дегенмен, аудандағы кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін балуандардың арасынан бабы мен бағы келіскен билікөлдік Азат Рысбек бас жүлдені жеңіп алып, «Жуалы барысы» атағын иеленді. Турнир жеңімпазы арнайы медаль, диплом және 50 000 теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Сондай-ақ, турнирде ІІ орынды иеленген Түктібай ауылының балуаны Әбікен Әбіхайға 30 000 теңгенің, ІІІ орын иеленген күреңбелдік Бақберген Бергенбайға 20 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.
«Жуалы барысы» атағын иеленген Рысбек Азат пен ІІ орынды еншілеген Әбіхай Әбікен енді облыстық «Қазақстан барысы» іріктеу турнирінде аудан намысын қорғайтын болады.
Жалпы турнир аясындағы тартысты белдесулер екі сағатқа созылды. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар аудандық «Достық» мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, ұлттық күрес жанкүйерлерінің көңілін көтерді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»