El іshі

Жастарға да, қоғамға да пайдалы жобалар жүзеге асады деп үміттенеміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында әлеуметтік салаға, жастар мәселесіне ерекше тоқталды.

«Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету керек. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» деген болатын.
Президент қаңтар айының басында ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керектігін баса айтты. Жоғары оқу орнын, колледждерді бітірген жастардың басым бөлігі жұмысқа орналаса алмай, табылған жұмысты істеп жүретінін, кейбіреуі тіпті табыс іздеп, заң бұзуы мүмкіндігі жайлы айта келіп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Яғни, «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңыздылығын айтып, Үкіметке тиісті гранттардың мөлшерін 2 есеге – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жүктелді.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бүгінде жер-жерде жоспарлар жасалуда.
Қазіргі таңда көптеген жастарымыз жұмыссыз жүргені жасырын емес. Мәселен, біздің ауданда 14 мың жас болса, соның ішінде NEET жастардың санын 110 жас құрайды екен. Аудан әкімінің тапсырмасымен алдымен осы 110 жасты жұмыспен қамту көзделуде. Жалпы жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту орталығының алдында көптеген міндеттер тұр.
Үстіміздегі жылы «Еңбек» бағдарламасының логикалық жалғасы ретінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба қолға алынуда. Бұл кешенді жоба халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде үлкен маңызға ие жоба. Яғни, жұмыссыздық мәселесін шеуге арналған ұлттық жоба.
Ұлттық жобаның мақсаты – кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету; халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту; экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену; кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар – бәсекелестікті кешенді дамыту.
Әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттары – еңбек нарығының қажеттіліктеріне байланысты жұмыссыздарды оқытумен қайта даярлау. Яғни, жұмыссыздар санатына жатқызылған адам жаңа мамандық игеріп,қайта даярлықтан өтетін болса,оған әлеуметтік қолдау көрсету. Мемлекет барлық проблемаларымды шешіп береді деп күтпей, адамның өзін бизнесте сынап көруіне, елде жүргізіліп жатқан экономикалық өзгерістердің толыққанды қатысушысы болуына жағдай жасау. Сонымен бірге іскерлік мәдениеттің жалпы деңгейін көтеру және кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру. Жұмыс берушілердің халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа белсенді түрде тартып,оларға жалақы төлеуді қамтамасыз ететін жағдайлар жасау.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдардың толыққанды еңбек қызметі үшін жағдай жасау. Жұмысқа мүгедектерді алып, оларға жағдай жасайтын компаниялар мен корпорацияларды көтермелеу.
Бүгінгі таңда аталған бағыттар мен жобалар бойынша тиісті Қағидалар жобалары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бекітілу үстінде, алдағы уақытта заңды күшіне енеді.
Ұлттық жобаға байланысты жасалған жұмыс жоспары туралы аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зиядхан Бүрлібаев баяндап берген еді.
-Жоба аясында біз жоғарыда айтқан 110 жасты бірінші қысқа мерзімді оқуға жібергелі отырмыз. Одан кейін ауданда 182 адамға грант беру жоспарланса, соның 131-і жастарға беру көзделіп отыр. Жаңа жұмысты, кәсіпті бастасам деген ниетті 131 жас мемлекет қолдауымен өз кәсібін бастаса, олардың әрқайсысы айналасына тағы да үш-төрт белсенді жастарды жинап, жұмыспен қамтиды деп ойлаймыз.
Елімізде 2022 жылдан бастап грант беру ережелері мен талаптары өзгеріп отыр. Енді гранттар жастар мен әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылғандар мен көпбалалы отбасы мүшелеріне және еңбекке қабілетті мүгедектерге ғана беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжілісте берген тапсырмасына сәйкес грант көлемі 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке көтеріліп отыр. Яғни, биыл грнаттың көлемі 1 млн 225 мың 200 теңге мөлшерінде белгіленуде. Осыған сәйкес, ауданымызға биыл жалпы 182 адамға 222 млн 900 мың теңге қаралуда. Оның ішінде 131 жасқа 160 млн 500 мың теңге, әлеуметтік осал топтарға 51 адамға 62 млн 400 мың теңге жоспарланып отыр. Жыл бойында анықталған қосымша қажеттіліке сәйкес қосымша сұраныс берілетін болады.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жолданған жас түлектердің еңбекақылары 30 АЕК-ні құрап (91 890 теңге), мерзімі 12 ай болып бекітілуде. Биылға 140 жас түлектерді жұмысқа орналастыру жоспарланған.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысқан жұмыссыз азаматтардың еңбек ақы мөлшері 30 АЕК (91 890 теңге) мерзімі 18 ай. Бұл жоба бойынша 11 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы енгізілуде. Аталған жобаға екі адамды қатыстыру көзделген. Зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасы аясында 23 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Кәсіптік даярлау және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға ниет білдірген жастар бірінші кезекте жолданатын болады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 75 адамды, жұмыссыздарды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында оқытуға 30 адамды, Enbek.kz платформасында талап етілетін дағдыларға 92 адамды онлайн оқыту көзделген.
Қазіргі кезде аудан аумағында жұмыссыз азаматтар тіркеуге алынып, Ұлттық жобаның бағыттарына қатыстыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жобаның аясында әр ауданда құрылатын тұрақты және уақытша жұмыс орындарының жоспарын әзірлеп, аталған картаның жасалуын ұйымдастыруда.
Жоспарға сәйкес «Түлектер үшін жастар практикасы» жобасын іске асыру бойынша 140 түлектер; жұмыссыздарды қамту мақсатында «Осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы аясында 120 адам, «Қоғамдық жұмыстар» жобасына 620 адам тартылады. Тұрақты жұмыс орындарына 2106 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Әрине, мұның бәрі жоспар. Яғни, алдағы уақытта өзгерістер енуі де мүмкін,- дейді Зиядхан Бүрлібаев.
Президент 2022 жылға арналған Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шын мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің елімізде мүмкіндіктер зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғылды адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі керек. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек»,- деген болатын.
Бүгінгі қоғамда мұндай жағдайдың белең алып бара жатқаны жасырын емес. Қазақта «Балаңа балық берме, қармақ бер» деген сөз бар. Маңдай теріңмен тапқан табыс сіңімді, берекелі. Сондықтан болашағын ойлаған жастар үкімет берген көмекті тиімді пайдаланып, сұранысқа ие, келешегі бар кәсіптерді қолға алса, ерінбей еңбек етіп, кәсібін дөңгелетсе, заманға сай өзін үнемі дамытып отырса, өзіне де, қоғамға да мол пайда әкелер еді.
Аудан басшысы Олжас Қаржауов та тиісті бөлім басшыларына бұл бағыттағы әрбір жұмысқа терең мән беріп, әрбір істің нәтижелі болуын қадағалауды тапсыруда. Сондықтан алдағы уақытта жастарға да, қоғамға да пайдалы істер жүзеге асады деп үміттенеміз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close