El іshі

Майдангердің ұрпақтары тағылымды шара ұйымдастырды

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Кәріқорған ауылында Ұлы Жеңістің 79 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Мейман Қожаназаровтың 100 жылдығына орай ұрпақтары әке рухына Құран бағыштап, тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы З.Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмашев, қоғамдық кеңестің төрағасы Ә.Уркумбаев, билер кеңесінің төрағасы М.Рахметов, әкелер кеңесінің төрағасы Ә.Ералиев, “Жуалы” көпшілік мешітінің имамы С.Медетбеков, Қарасаз ауылының имамы А.Назарбеков және 91678 әскери бөлімінің сарбаздары мен сардарлары, “Жамбыл” телеарнасының басшысы Г.Құланбаева қатысты.
Мейман Қожаназаров 1941 жылы ел басына күн туған шақта бір үйдің жалғыз баласы бола тұра, небәрі 16 жасында майданға аттанған. Ол Украина, Калинин, Прибалтика майдандарында кескілескен ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткен. Майданда алдыңғы шепте жүріп бес рет жараланған. Майдангер ерлігі үшін Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі орденімен, 17 медальмен және И.Сталиннің Алғысхатымен марапатталған. Соғыстан ІІ топтағы мүгедек болып оралады. Елге оралған соң отбасын құрып, сегіз бала тәрбиелеп өсірген. Ауыл мектебінде 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған.
Майдангердің өмір жолы туралы оның ұлы Рүстем Қожаназаров жастарға қысқаша таныстырып өтті.
Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар майдангердің ерлігі, оның ұрпақтарының әке рухына арнап Құран оқытып, еске алып отырғаны жастарға үлкен өнегелі әрі сауапты іс екенін айтты.
Әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақдәулет Аманжол Отан үшін қан төккен майдангерлердің ерлігі жас ұрпақтың мәңгі жадында сақталатынын, оларды еске алып, құрмет көрсету азаматтық парыз екенін айтып, іс-шараны ұйымдастырған майдангердің ұрпақтарына алғыс білдірді.
Мейман Қожаназаровтың немересі, Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы Арна Шарханбекқызы атасының құрметіне өзі көп жылдар бойы ұстаздық еткен қазіргі Т.Әкімов атындағы орта мектептің кітапханасына арнайы соңғы жылдары қазақ тілінде жарық көрген 70 кітапты сыйға тартты. Сыйға тартылған кітаптардың ішінде жас өрендердің бойында көшбасшылық, шешендік өнер, өзіне деген сенімділік қасиеттерін қалыптастыратын, тәрбиелік мәні зор құнды кітаптар бар.
“Конфуцийдің мынадай сөзі бар: “Бір жылдық келешегіңді ойласаң егін ек, он жылдық келешегіңді ойласаң ағаш ек, ал жүз жылдық келешегіңді ойласаң білім үйрен” деген. Білімнің қайнар көзі – кітап. Сондықтан мектептің кітапханасына қазақ тіліндегі соңғы жылдары жарық көрген бүгінгі қоғамда жоғары сұранысқа ие кітаптарды сыйға тартамыз. Ондағы мақсатымыз – жас өрендеріміздің бойында көшбасшылық, тайм менеджерлік, қаржылық сауаттылық, өзіне сенімділік, қазақилық, руханилық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. “Отбасы хрестоматиясы” қоғамдық қоры шығарған, автор Санжар Керімбайдың өз қолымен “Ауыл балаларына” деген тілек жазылған және басқа да құнды кітаптарды «М.Қожаназаровтың немере қыздарының кітап қорынан» деген мөрімен мектеп кітапханасына тапсырғалы отырмыз”,- деген Арна Шарханбекқызы мектеп кітапханашысына кітаптарды тапсырды.
Майдангердің немерелері Санжар Керімбай, Қайрат Жолдыбайұлы сияқты авторлардың ғарыш пен ғаламның, табиғат пен адамзаттың сырын ашатын қызықты әрі пайдалы деректерге толы еңбектері ауыл балаларына қолжетімді болса деген тілекте.
Шара барысында майдангердің ұлы Шарханбек Қожаназаров әкесіне өлең шумақтарын арнап, келген қонақтарға арнайы алдырылған кітаптарды сыйға тартты.
Шараның салтанатты бөлімінде майдангерге қойылған ескерткіш тақтаға әскери бөлім сарбаздары гүл шоқтарын қойды.
Іс-шара соңынан жиналған көпшілік дастарқан басына шақырылып, М.Қожаназаровтың рухына құран бағышталды.
Дастарқан басында ауыл қариялары майдангер, ардагер ұстаз Мейман Қожаназаровтың білім берген шәкірттерінің ішінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада абыройлы қызмет еткен, бүгінде елімізге танымал шәкірттерінің көптігі жайлы әңгімелеп, майдангердің адами биік қасиеттері жайлы естеліктерімен бөлісті.
Иә, «Жақсының аты өлмейді» деген осы болар. Тағылымды шарада М.Қожаназаровты замандастары, шәкірттері және көрші-қолаңдары тек жылы лебіздерімен еске алды. Бүгінде Мейман атаның ұрпақтары да еліміздің түкпір-түкпірінде кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, білім беру салаларында абыройлы қызмет атқарып келеді. Майдангер артында қалған ұрпақтарымен, шәкірттерімен мың жасасын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close