El іshі

Қайта оралмас қимас кезді сағындық…

Жыл сайын жаңа оқу жылы аяқталған соң, 25-ші мамырда елдің барлық өңіріндегі мектептерде салтанатты жағдайда соңғы қоңырау соғылатыны белгілі. 11 сыныпты бітірген түлектер мектепте бірге оқыған сүйікті достарымен, ұстаздарымен және алтын ұя мектебімен қимай-қимай қоштасады. Сөйтіп, бәрі жан-жаққа тарап, өмірдің ағымымен кете барады. Жоғары оқу орындарына түскендері оқып, түспегендері жұмыс істеп, елдің әр тарабында жүреді. Уақыт шіркінде тоқтау барма?… Өстіп жүргенде жылдар ұршықтай зырылдап өте береді екен. Осы уақыт аралығында бір-бірін көрмей сағынысып: «шіркін-ай, достарды, ұстаздарды, оқыған мектебімді бір көріп, мауқымды бассам ғой» деп туған ауылынан жырақта жүрген сыныстастар қаншама… Соңғы жылдары ауыл мектебін бітіруші түлектер ұйымдасу арқылы – 10, 20, 30, 40, 45 және 50 жылдық кездесу кештерін жоғары деңгейде өткізіп жүр. Бұл – еліміздің барлық өңірінде бұлжымайтын дәстүрге айналды десек, қателесе қоймаймыз.
Жақында Боралдай ауылдық округіне қарасты Көлтөған ауылында №8 Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектепті (бұрынғы М.Лермонтов атындағы ОМ) 1979 жылғы бітірушілер, яғни, 1962 жылы Көлтоған ауылында туған азаматтардың 45 жылдық кездесуі болып өтті. Айта кетсек, биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде Жамбыл облысына белгілі кәсіпкер-меценат Қуанышбек Бөрібеков сыныптастардың атынан 45 жылдық кездесудің құрметіне өз қаражатына Көлтоған ауылына барлығы 45 түп шырша көшетін еккен болатын. 25 мамырдағы Соңғы қоңырау салтанаты күні түлектер туған ауылда бас қосып, сол күні шырша егілген орынға сыныптастармен бірге естелік суретке түсті.
Түлектердің 45 жылдық кездесуінің өтуіне ұйытқы әрі мұрындық болған Көлтоған ауылының тумасы – Рәсілхан Бейсеқұлов. Есімі елге белгілі атпал азаматтың әкесі, еңбек ардагері Әлжапар Бейсеқұлов ұзақ жылдар Боралдай ауылдық округіндегі Көлтоған ауылында тұрып, осындағы «Коммунизм жолы» колхозында бас агроном қызметін атқарған. Жастайынан ауылдың тыныс-тіршілігіне қанығып, еңбекпен есейген Рәсілхан Алматы мал дәрігерлік-зоотехникалық институтының 1984 жылғы түлегі. Бокстан КСРО-ның спорт шебері. Бір сөзбен айтқанда, ол ел мен туған ауылдың дамуына еңбек сіңірген азамат. Айтулы сыныптастың тағы бірі – Қанатбек Ертаев. Қанатбек Керімшеұлы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. Медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесін ол қазір Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында дәрігер-хирург болып қызмет атқарады.
Иә, біздің де мектеп бітіріп, алтын ұямызбен қоштасқанымызға да биыл 45 жыл өте шыққан екен. 45 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде біраз өзгерістер болды. Сыныптастардың барлығы өз алдарына жеке отау құрып, үйлі-баранды, балалы болумен бірге, немере сүйіп, отбасында ардақты ата-әже атанып отырған жайы бар. Өсіп-өнген туған ауылымыз Көлтоғандағы бұрынғы М.Лермонтов атындағы орта мектептен түлеп ұшқан біз арман қуып, әр тарапқа тарадық. Мәселен, Ләззат Мырзақұлова, Рәсілхан Бейсеқұлов, Өріккүл Затыбекова сол тұстағы ел астанасы Алматы қаласында жоғары білім алып, сонда біржолата тұрақтап қалды. Ал, сыныптастар Рабиға Рүстембекова, Берік Өтебаев, Мәлік Бошқаев және Рысбек Қаржаубаев Астана қаласында тұрады.
Елордасы Астана қаласында тұратын Рабиға Рүстембекова 45 жылдық кездесуге өмірлік жары Жомарт Назарбеков екеуі бірге келді. Кәмилә Мұратбекова сонау Арқадағы Жезқазған қаласынан келді. Абилов Бигелді, Әбітаев Дәулет, Илданов Есмахан, Қармысов Қамбар, Тәжібаев Төлебай, Тойғұлиев Қанат және Тасқынбаев Анарбек сияқты іскер, еңбекқор жігіттер туған ауылды көркейтуге атсалысып, туған жердің төсін еңбекпен дүбірлетіп, әртүрлі мамандықтың иелері болып жүр. Ал Жолдыбекова Балқия, Оразходжаева Үміт, Шажалиева Айсұлу, Бегелтаева Қалдыкүл, Бозаева Раушан және Жұманқұлова Гүлбахира бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырған келіншектер. Бөрібеков Қуанышбек, Бескенова Мейіркүл, Елеева Бегайым, Жаманқұлова Гүлнәр, Оразова Мейізкүл, Қыдыралиева Сәуле және Жаманқұлова Сәуле Тараз қаласында тұрады. Нағашбек, Болысбек, Жолдасбек, Аманғали, Әбдіғали сынды аяулы да қимас достар дәм-тұзы таусылып, дүниеден өтіп кетті. Олардың имандары жолдас болып, жатқан жерлері жайлы, жандары жаннатта болсын деп дұға тілейміз.
Ендігі кезекте түлектердің 45 жылдық кездесуіне достармен қауышуға күні бұрын дайындалған сыныптастардың көңіліндегі ақ тілекті де сөзбен келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.
Рабиға Рүстембекова: «Мамыр айы туа бере «биыл біздің сыныптың кездесуі, достарыммен қауышам!» деп көңілдері алып-ұшып қызу дайындалып жүрген жандарды көп көресің. Біз де міне, 45 жылдан кейін кездесіп отырмыз. Жүрегіміз дүрсілдеп, сыныптастарды көруге асықтым. Бәрін сағынып кеттім. Олар менің бауырым сияқты жақын адамдарыма айналып кеткендей. Мен барша достарыма амандық-саулық, сәттілік тілеп, қайда жүрсе де өмірде жолдары ашық болсын деймін».
Қанатбек Ертаев: «Бәріміз бір үйдің баласындай 10 жыл бірге ойнап-күліп, осындағы орта мектепте білім алдық. Оқушы кез – балалық шақтың ең бір бақытты кезеңі екен. Адам өмірі жылдың төрт мезгілі сияқты. Балалық кезең – көктемде қылтиып өскен бәйшешек сияқты. Нағыз ойынға тоймайтын кезіміз. Сыныптас досым Нұрғали екеуміз күн сайын футбол ойнайтынбыз. Балалар футболға жиналмай қалса да, 11 метрлік айып добын кезек-кезек соғатынбыз. Қыста қыздарға қар атып, беті-қолдарын жуып, соған мәз болатынбыз. 8 наурыз бен 23 ақпандағы мерекелер кезінде ұлдар мен қыздар бір-біріне сыйлық беретін. Алғашқы «балаң махаббат» бәріміздің басымыздан өтті. Сыныптағы «үндемес, жуас» деген балалар да бұл сезімді бастан кешірді деп ойлаймын. Бір-бірімізге хат жазып, жауабын үйге келіп немесе мектептің артында тығылып оқитынбыз. Міне, біздің бақытты оқушы кезіміз осылай өткен».
Баянкүл Кемелбекова: «Мен түлектер кездесуіне Түркістан облысынан келдім. Біз мектепте оқып жүрген кезде «мұғалім мені ұрды, ұрысты» деп ешбір оқушы ата-анасына шағымданбайтын. Олай айтсаң, өзімізге ұрсып беретін. Қазір сол ұстаздарды сағынамыз. Мен атам мен апамның ерке қызы болдым. Олар менің айтқанымның бәрін орындайтын. Апам үзілісте кәмпит, құрт, бауырсақ әкеліп, мені мектептің ауласында күтіп тұратын. Шіркін, сол алаңсыз балалық кездер қазір қайтып келсе ғой»…
Түлектердің кездесуі өз алдына. Туған ауылды түлетуге атсалысып келе жатқан атпал азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қосымша айта кететін болсам, Көлтөған ауылында туып-өсіп, қазір жұмыс бабымен сыртта қызмет етіп жүрген түлектер, оның ішінде, Алматы қаласында тұратын жерлес азаматтар бас болып былтыр «Қамқор-Көлтоған» қорын ашты. Қазір оған Көлтоған ауылының түлектері шама-шарқынша қаражат салу үстінде. Көпшіліктен жиналған қаржы бір тиынына дейін Көлтоған ауылының көркеюіне жұмсалмақ!

Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
Көлтоған ауылының түлегі.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close