El іshі

Кітапты көп оқитын Ақторғын

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде, кітап оқу арқылы әлемге деген қызығушылық мектеп қабырғасынан қалыптасуы тиіс екенін айрықша атап айтқаны баршаға белгілі. Осыған сәйкес, мектептерде «Оқуға құштар мектеп» жобасы енгізіліп бекітілді. «Оқуға құштар мектеп» жобасы білім алушылардың, кітапханашылардың, ата-аналардың арасында оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, оқу мәдениетінің деңгейін арттыруға және оқуды насихаттауға бағытталған.
Жоба аясында отбасылық оқудың жарқын дәстүрлерін жаңғырту, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру, кітапхана қорын көркем әдебиетпен толықтыру, мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді шаралар көзделген.
Аталған жоба аясында №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Айта кетсек, «Үздік оқырман сынып», «Ең үздік кітап оқитын мектеп », отбасылық оқулар, 20 минуттық кітап оқу сағаттары, байқаулар, марафондар, акциялар және апталықтар өтілуде.
Жоба аясында мектептің мақтанышы, 10 сынып оқушысы Ақторғын Өмірбай аудандық «Ең үздік кітап оқитын мектеп» атты Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай өткізілген байқауда «Мен жастарға сенемін!» номинациясын иеленді. Одан бөлек, Мұқағали оқулары, Шерханның оқулары, Ә.Кекілбаевтың, М.Жұмабаевтың, Ш.Құдайбердіұлының тағы да басқа мектепішілік, аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрінуде.
Бастауыш сыныптан бастап кітап оқуға деген құштарлығы жоғары Ақторғын Өмірбай кітапхананың тұрақты оқырманы. Ол түрлі тақырыптағы жазылған қазақ әдебиетіндегі шығармаларды көп оқиды. Мектептің қоғамдық іс-шараларына белсенділікпен қатысумен бірге, кітапханаға бас сұғып, кітап оқуды ұмытпайды. Біз осындай жас оқырманымыз барына қуанамыз. Кітап оқуға құмар шәкіртімізге біз әрдайым сәттілік тілейміз.

№13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің кітапханасы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close