El іshі

Тәрбиенің негізі – ұлттық құндылықта

Өскелең ұрпақты, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені қазақ қоғамының діңгегі осы құндылықтарда жатыр. «Жас бала шыбық тәріздес, оны қалай иетін болсаң сол қалпы өсе береді» демекші, балалық шақта берілетін тәрбиенің маңызы зор. Расымен де балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру ұлттық құндылықтардан бастау алады. Ал отбасы тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға қанық болып өскен баланың ұстанымы мықты болады. Отанның ұлы ұғым екенін ұғынып, елінің қорғанына айналады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөздің негізі сонда болары анық.

Жалпы әрбір халықтың, әрбір ұлттың өз мәдениеті, тұрмыс тіршілігінде қалыптасқан салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, тәрбиелеуінің тың тәсілі болатынын білеміз. Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып сан сыннан өткен, сол халықтың ой-арманымен ұштасып, күнделікті тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұрасы.
Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихи тағылымы, ой-пікірі мен түйіні бар. Ал ол жазу-сызудан, оқу құралынан, ауыз әдебиетінен, ұлттық өнер тағылымынан, халықтың дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, бір сөзбен айтқанда мәдени мұраларынан өзекті орын алып, көрініс табады. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына жинап озық өнегелі дәстүрінсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз ұлттық құндылықтарды елестету мүмкін емес.
Бала көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ т.б ойындары арқылы қазақи қайнардан тәлім алып ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өседі. Балабақшадағы сәбилерге жоғары деңгейдегі ұлттық сана-сезімді, рухани мұраларға және ұлттық мәдениетке деген құндылықтарды, отансүйгіштік, ұлттық намыс сезімдерін қалыптастырады. Балабақшадағы ұлттық тәрбие берудің мақсаты – баланы ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін терең меңгеруге, ана тілін қадірлеуге үйрету.
Осы мақсатты негізге ала отырып «Жаңа-Теріс» бөбекжай-балабақшасында бүлдіршіндерге ұлттық құндылықты бойына сіңіру мақсатында түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізілуде. Себебі, балаларға отансүйгіштік, азаматтық тәрбие беруде, ертеңгіліктер, ұлттық ойындар, ұлттық аспаптармен әндер, ұлттық салт-дәстүрлер басқа да іс-шаралардың маңызы зор. Сондай іс-шаралардың бірі – қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттау.
Ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға арналған «Асық – асыл қазынам» атты ертеңгілік ұйымдастырылды. Баланың ой-өрісін, танымын, логикалық ойлауын, ұсақ қол моторикасының дамуына арналған ойын түрінде балалар белсенділік танытты.
Ойында балалар түрлі тапсырмаларды орындау арқылы жан-жақты ақпарат алды.
Балалардың жас ерекшелігіне қарай дидактикалық ойындар ойналды. Мектепке дейінгі тәрбие беруде балалармен көбінесе сабақтар ойын түрінде өткізіледі. Бала ойын арқылы ақпаратты танып біледі. Сондай-ақ, бүлдіршіндер балабақшада жеті ата, ұлттық киімдер, ұлттық аспаптар, ұлттық ойындар туралы түсінік алады. Міне, біз осылайша балаларға жас ерекшеліктеріне сай тақырыптық шаралар өткізіп, ұлттық құндылықтар барынша насихатталуда.
Балалардың жас ерекшеліктеріне сай ата-баба дәстүрі мен халықтық педагогиканы басшылыққа алып, тәрбие жұмысын ғылыми негізде ұйымдастырып, ұтымды жүргізе білу біздің – басты міндетіміз. Ұлттық тәрбиеден нәр алып өскен ұрпақ қай кезде де аталар аманатына адал боларына кәміл сенеміз.

Разия Кариева,
«Жаңа-Теріс» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі

Таңдаулы материалдар

Close