El іshі

Жеңісті жақындатқан ардагерлерге мың тағзым!

Бар асылынан бас тартып, елі үшін қанын төккен, ұрпақтарына бейбіт күннің ақ таңын сыйлаған ардагердің бірі – Талапты ауылының тумасы, Жексембаевтар әулетінен майданға аттанып, қанды қырғыннан ауыр жарақат алып, ауылға аман оралып, ерлігімен ұрпақтарына үлгі-өнеге болған азаматтың бірі Иса Жексембаев болатын. Кеудесінде жарқыраған ордендері мен медалі, сұрапыл соғыс жылдарында қан кешіп, «контузия» алып келсе де ол мылтықсыз майданда да қарап жатқан жоқ. Денсаулығының болмағанына қарамастан, ауыл мектебінде оқушыларға математика пәнінен сабақ берді. Ешқандай жоспарға, ешқандай оқулыққа жүгінбеген Иса атамның математикалық қабілеті керемет еді… Қаламы қарымды жазушы, Иса ұстаздан дәріс алған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасындағы атам туралы жазылған үзік сыр – соның дәлелі.
Бүгінгі таңда бір ғасырдың тарихын арқалаған Иса Әмірқұлұлы биыл 100 жасқа толып отыр. Жастайынан қосылған қосағы Сұлухан әжемен бірге екі қыз, екі ұл тәрбиелеген атамның ұрпақтары, немере, шөберелері аталары салып берген сара жолдан айнымай келеді. «Тектінің ұрпағы» деген осы шығар?! Ұрпақтарының барлығы есеп-қисапқа және математикаға өте жақын болып өсті. Қан майданда қан кешкен қосағынан қалмай, тылда ауыр еңбек еткен Сұлухан әже перзенттерінің барлығына дерлік жоғары білім әперіп, ел қатарына қосты. Майданнан ауыр жарақатпен келген қосағының күтімімен бірге, сол кездегі елдің ауыр тұрмыс-тіршілігін көтеру үшін жан аямай еңбек еткен асыл да ардақты Ана бүгінде тоқсан жасты еңсерген, шөберенің қолынан май жалап, су ішкен ұлағатты жан, асыл әже.
Қаламының ұшымен және қарым-қабілетімен елді мойындатқан жазушы Шерхан Мұртаза туған ауылға жолы түссе, міндетті түрде Иса мұғалімін іздеп келіп, сәлем беретін. Оның соғыстағы және бейбіт өмірдегі ерліктеріне бас иіп, әңгіме-дүкен құрғаны ұрпақтарының жадында. Қазір бейбіт елде өмір сүріп, жастардың емін-еркін алшаң басып жүруі, халқымыздың еркіндікте өмір сүруі – бәрі-бәрі осындай қажырлы кісілердің арқасы деп білеміз!

Айнұр ЖЕКСЕМБАЕВА,
“Балауса” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close