El іshі
Қасиетті айларда ізгі амал жасайық!
Ассалаумағалейкум, барша мұсылман қауым!
Кіріп келген қасиетті айлар құтты болсын. Үш бірдей қасиетті ай қатар келіп тұр. Атап айтқанда, олар – Зұлқағда, Зұлхижжа және Мұхаррам және 4-сі 7-ші ай болып келетін Ережеп айлары. Ұлы Жаратушымыз бұл айларды меншіктеп, адамзатқа күнәлі істерден аулақ болуды, жамандықты тоқтатуды бұйырды. Сондықтан біздің дана ата-бабаларымыз: «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген нақыл сөз қалдырғаны белгілі.
Осы тұста айта кететін болсам, Ұлы Жаратушымыз тағы да былай деп бұйырды: «Сендерге Исламды бердім. Енді содан бөлінбей берік ұстаныңдар». «Пайғамбарларды жібердік және соңғысы мөрі етіп Мұхаммедті бекіттік» деп бұйырды. Алла тағала жол көрсетіп, бағыт-бағдар нұсқаған, ескертіп айтқан, тыйған, тоқтатқан нәрселерден аулақ болып, бұйырған амалдарға разы болып және соны бекітіп екі дүниеде адамзат бақытты болсын деген тоқтамға келуге болады. Ең алдымен Ұлы Жаратушыға жағу, оған сай жақсы амалдар жасау, бекіткен асыл дініміз – Исламның шарттарын мықтап ұстану арқылы Ол көрсеткен жолдан таймауға тиіспіз!
Қадірлі жамағат! Жоғарыда айтылған қасиетті айлар кезінде Алла тағаламен бірге болу, сонымен қатар, бірінші амал – басшыға бағыну, екінші кезекте – ел ішіндегі ынтымақ-бірлікті бұзбай, оны берік сақтауға тиіспіз! Сонда ғана жетістіктің жемісі болады.
Әзілхан Балданбаев,
Талапты ауылдық мешітінің имамы