El іshі

Көпбалалы ананың шағын нан цехындағы дәмді өнімдер

“Еңбек етсең маңдай термен қыр асып,
Тамыр жаяр бұл өмірің гүл ашып” демекші, еңбек еткен жан қашанда мұратына жеткен. Сондықтан қай қоғамда болсын ісін өте адал, жұмысын үнемі үздік атқаратын жандарға құрмет те ерекше.
Бүгінгі қоғамда Мемлекет басшысының бастамасымен еңбектің жасампаздық күш-қуатына жаңаша сипат беріліп, еңбек адамының мәртебесін биіктетіп, мерейін өсіруге айрықша көңіл бөлініп отырғаны қуантады.
Ауыл – салт-дәстүрлеріміздің, ұлттық құндылықтарымыздың, ұлттық тәрбиенің алтын қазығы ғана емес, еңбектің де алтын бесігі. Ауылдағы еңбек адамдары өзінің отбасы үшін ғана емес, бүкіл елдің игілігі үшін тер төгуде. Бұрындары ауылдағы ағайын тек мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен ғана айналысса, бүгінде олар заман талабына сай түрлі кәсіпкерлік бастамаларды қолға алып, жемісті еңбек етуде.
Ауылын – алтын бесігім деп жүрек түкпірінде әлдилеген жандар шағын ауылда тұрып-ақ, үлкен іспен айналысуда. Бүгінгі “Ауылым – алтын бесігім” деп аталатын арнайы бетіміздегі мақалаларға арқау болған жандар нағыз еңбектің иесі, яғни еңбегімен елді сүйсіндіріп жүрген жандар.

Қоңыртөбелік көпбалалы ана Күлзипаш Құттыбаева былтыр “Ауыл аманаты” бағдарламасымен бес миллион теңге несие алып, нан пісіру цехын ашқан. Бес баланың анасы ауылдағы Д.Пахомов атындағы орта мектепте гардероб болып жұмыс істейді. Гардероб алты айлық қана жұмыс. Сондықтан басқа уақытта түрлі тәттілер пісіріп сатумен айналысады.
-Біраз жыл бұрын мектептегі асханада аспаздың көмекшісі болып жұмыс істедім. Яғни ыдыс жуумен айналыстым. Асханада тек ыстық тамақ қана болатын. Оның өзі ол кезде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына ғана берілетін. Асханада басқа балаларға арналған ештеңе жоқ. Сондықтан арасында үйден самса, тәтті тоқаш (булочка) пісіріп алып келіп жүрдім. Мұндай тағамдарды мектепте сатуға рұқсат болмағандықтан, кейін сыртта сататын болдым.
Былтыр “Ауыл аманаты” бағдарламасымен кәсіпкерлік бағытта несие алуға болады деп ауыл әкімі айтқан соң, ойлана келіп несие алуға бел будық. 2,5 пайызбен бес миллион теңге алып, оған үлкен нан пісіретін пеш, екі қамыр илейтін құрал, нан пісіретін формалар, сөрелер және пісірген заттарымды сату үшін дүңгіршек сатып алдым. Нан өнімдерін пісіруге келінім мен жоғары сыныптағы қызым көмектеседі.
Жалпы дастарқанға түрлі нан өнімдерін пісіргенді бұрыннан өзім ұнататынмын. Алғаш балаларым үшін түрлі тәтті тоқаштар пісіріп жүрдім. Кейін тоқашым үйге келген қонақтарға да ұнап, көршілер, ағайындар тапсырыс бере бастады. Бірте-бірте самса, бәліш пісіруді қолға алдым. Даладағы пешке булка нан пісіріп саттым. Сөйтіп, сүйікті ісімді кәсіпке айналдырдым. Қазір тандыр нан, самса, бәліш, пицца, сосика нанмен, пигоди, тағы да басқа нан өнімдерін пісіремін. Енді донер, хот-дог пісіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Оларды пісіруге арналған пештерді сатып алып, дайындап та қойдық. Булка нан пісіруді де қолға аламыз. Себебі, жаз мезгілінде науқандық жұмыс кезінде нанға деген сұраныс жақсы болады.
Қазір күнделікті 30 шақты тандыр нан пісіреміз. Одан бөлек тұрғындардан жеке тапсырыс қабылдаймыз. Арасында торт, пирогқа да тапсырыстар болады.
Жалпы бұл кәсіптің жақсы жағы елдің баласы да, өз балаң да тоқ. Адал ас пісіріп, елдің ықыласына бөленесің.
Дүңгіршектің де пайдасын көріп жатырмыз. Пісірілген өнімдерді осы жерде сатамыз. Жұмыстағы және іссапармен келген кісілерге ыңғайлы болсын деп үстел, орындықтар да қойып, бір шыны шәй, кофе ішіп, тамақтануға жағдай жасап қойдық. Қосымша түрлі сусындар да сатамыз. Осылай бірте-бірте кәсібімізді кеңейтсек дейміз. Себебі, алған несиені дер кезінде жабу керек.
Жалпы жеңілтетілген пайызбен берілген несие арнайы кәсіп ашып, жанданыруға, жағдайымызды көтеруге көмегі көп болады деп ойлаймын,- дейді Күлзипаш Қамбарқызы.
Отбасының отағасы Тұрсынбек Құттыбаев ұзақ жыл малшы болып жұмыс істеген. Қазір де зейнет демалысында мал шаруашылығымен айналысады.
Үйдің үлкен ұл-қыздары жоғары оқу орындарын бітіріп, бірі мамандығы бойынша жұмыс істесе, бірі жеке кәсіппен айналысуда. Үйде кіші ұлы Серік отбасымен бірге тұрады. Кенжелері Гүлдана 10 сынып оқушысы.
Еңбектен бақыт тапқан қарапайым отбасы әрдайым бірлік пен еңбекқорлықты ту етіп келеді.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close