Наурыз айының басында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі аясында салт-дәстүр, әдет ғұрыптарымызды жаңғырту, облыс және аудан жұртшылығы арасындағы мәдени және рухани байланысты күшейту мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен “Рухани керуен” жобасы басталған болатын.
“Рухани керуен” тобын батагөй қариялар мен ел аналары бастап, ұлттың құндылығын ұлықтап жүрген түрлі сала майталмандары қоштап, наурыздың 14-і күні Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйі алаңынан бастау алған еді.
Осы ретте, облысымызға қарасты әр аудан атап айтқанда, Жуалы елі “Игі істер күнін” өткізсе, Құлан жерінде “Зияткерлік күні”, Меркі төрінде “Шымырлық пен шеберлік”, Қордай ауданында “Өркендеу күні” тойланды.
Ал кеше Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінің алдында “Рухани керуен ” жобасының “Ұлыстың ұлы күні” атты қорытынды мерекелік концерт өтті.
Көрермендерге арналған орындарда ұлттық киім киген ардагерлер, қала қонақтары және өзге ұлт өкілдері жайғасып, мәдениет үйінің ауласы мерекеге сай безендіріліп, кештің шырайын аша түскендей.
Мерекелік шара Қордай ауданының өнерпаздарының “Ұлыстың ұлы күні” деп аталатын театрландырылған көрініспен ашылды. Сонымен қатар, белгілі айтыскер ақын, термеші Ертай Тазабеков “Рухани көш” арнауын орындаса, Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздары ақын, сазгер Нұржан Әліштің шығармашылығынан “Ақ орамал” композициясын көрерменнің назарына ұсынды.
Шара барысында дәстүрлі әнші Ербосын Қасымбеков халық композиторы Кенен Әзірбаевтың “Тік шырқау” әнін, “Салбурын” тобы “Қыздар-ай”, “Асыл мұра” фольклорлық-этнографиялық тобы “Ақбұлақ” әнін шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Бекзат Сейдалиева халық әні “Бес қопа”, “Сарысу” триосы “Угәй-ай”, әнші Жексенбек Төреби “Көк жөтел”, Тараз қалалық мәдениет үйінің квартеті “Керім-ау айдай” және Аружан Оразалы “Жасасын өмір” әндерінен шашу шашты.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мерекесімен барша жиналған жұртты құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен бірге, жеңімпаздарға облыс әкімінің дипломдарын және бағалы ынталандыру сыйлықтарын салтанатты түрде табыстады.
Атап айтар болсақ, жерлестерімізге, яғни Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздарына III орын бұйырып, 200 мың теңгелік сертификат табысталды.
Сонымен қатар, III орын және 200 мың сертификатпен Жамбыл ауданы марапатталса, II орынды 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен Сарысу ауданының өнерпаздары алды. Ал көптен күткен I орынды, (500 мың теңге сыйақысымен бірге) әсерлі көрінісімен ерекшеленген Қордай ауданының өнерпаздары марапатталды.
Сондай-ақ, Т.Рысқұлов, Байзақ, Меркі, Шу, Мойынқұм, Талас аудандары және Тараз қаласының өнерпаздарына ынталандыру сыйлықтары берілді.
Мерекелік шара аудан және Тараз қаласы өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасын тапты.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»