El іshі
Келіндер байқауы өтті
Қазақта «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөз бар.
Жас келіндер ауылдағы үлкен ақ жаулықты апалардың сынынан өтіп тұрғаны дұрыс. Әрбір жас келін үшін білмегенін үйреніп, ақ жаулықтылардың ақ батасын алу үлкен мәртебе. Жақында Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Ақ босаға» сайысы келіндерге үлкен мүмкіндік бергендей.
Байқаудың мақсаты – келіндерді имандылық пен инабаттылыққа, сыйластыққа, ұйымшылдыққа, ынтымақ пен бірлікке тарта отырып, ата-енеге, жақын туыстар арасында мейірімді, сыйлы болуға тәрбиелеу және ұлттық салт-дәстүрлерді келіндердің бойына дарыту.
Аталған іс-шараға Алматы қаласындағы «Алмамикс» компаниясының меңгерушісі Алматы Раханұлы, аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Бахыт Үшкемпірұлы және ауылдық мәдениет үйінің маманы Ақжол Шоқанұлы демеушілік жасап, қолдау көрсетті.
Ал, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының бөлім басшысы Несібелі Мұтанқызы, Қызыларық ауылдық округі және Ақтөбе ауылдық клубының маманы Манаткүл Сәрсенбаева, «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Ботакөз Әубәкір сайыста келіндердің өнерін бағалап, қазылық етті.
Байқауда ауылдың инабатты алты келіні бақтарын сынап, өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Келіндер төрт кезең бойынша бақтарын сынады. Байқаудың бірінші кезең «Өзім туралы» деп аталып, онда келіндер өздерін таныстырса, екінші кезеңде «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты тақырыпта көрініс қойды. Ал, үшінші кезеңде келіндер үй тапсырмасын таныстырды. Төртінші кезең «Дәстүр даналығы» деп аталып, қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлер туралы сұрақтарға жауап берді.
Байқаудың нәтижесінде, Маржан Жайлаубай жеңімпаз атанып, І орынды иеленді. Ал, Айгерім Бисенбай ІІ орыннан көрінсе, сайыстың ІІІ орны Ұлболсын Саржановаға бұйырды. Сонымен қатар, Майра Әбдіреева «Ибалы келін» номинациясымен, Назира Қадырова «Өнерлі келін» номинациясымен, Айдана Рахимова «Инабатты келін» номинациясымен марапатталды. Байқау жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Алдағы уақытта ауылдық округте Алматы қаласы «Алмамикс» компаниясының демеушілігімен және мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 1 мамыр – Бірлік күні көршілес ауылдар арасында тағы да «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» келіндер байқауы өтетін болады.
Нұрлыкент ауылдық
мәдениет үйі