El іshі

Отан қорғау – абыройлы іс

“Отан қорғау, елдің шебін күзету – абыройлы іс” деген аға лейтенант Ұлан Қадырбай 91678 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің идеологиялық жұмыстар және арнайы үгіт-насихаттау офицері лауазымын атқарады. Ол 2013 жылы Алматы қаласы Құрлық Әскерлерінің әскери институтының курсанты болып қабылданып, 2017 жылы “Тәрбие құрылымының офицері” мамандығын алған. Әскери қызмет жолы Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімінен басталып, 2017-2021 жылдар аралығында жүк-арту көлік рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымын абыроймен атқарады.

Қазіргі таңда Ұлан Беилұлы әскери бөлімде бағытталған әскери-саяси жұмысты ұйымдастыруға, әскери қызметшілер арасында жоғары моральдық-саяси және психологиялық қасиеттерді қалыптастыруға, қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жеке құрамның терең түсінуін және қолдауын қамтамасыз етуге, қолбасшылық бірлігін нығайтуға, әскери қызметшілерді отансүйгіштік, әскери борыш пен әскери антқа (міндеттемеге) адалдық рухында тәрбиелеуге, әскери қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасын және жалпы әскери жарғылардың талаптарын сақтауын, командирлердің бұйрықтарын сөзсіз орындауын қамтамасыз етуге міндеттеледі.
Сонымен қатар, қырағылықты арттыру және мемлекеттік құпияларды қорғау талаптарын қатаң сақтауға тәрбиелеуге, әскери бөлімнің жеке құрамына Қазақстан Республикасы Президентінің, Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша шешімдерін, әскери бөлімнің міндеттерін, оның бөлімшелер мен әрбір әскери қызметшіге жеткізуге, сол бағытта тәрбие жұмыстарын жүргізуге міндетті.
-Маған өз жұмысым ұнайды. Себебі, бейімделуінде қиындық болған, проблемасы бар сарбаздармен қиындықты бірге жеңіп шыққан кезде олардың өмірге деген көзқарасы өзгереді, – деп бастады әңгімесін Ұлан. -Сарбаздардың ерік-жігерінің болаттай бекінгенін, әскери өмірге үйренгенін көргенде қуанасың. Бір Отан қорғаушының батыл қадамға барғанын көріп, марқаясың.
«Болаттай берік тәртіп астында алтындай табыс жатады» дейтін аталы сөз бар. Бұл әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзімен де ұштасады. Иә, әскердегі тәртіп, жауынгерлік даярлық, жалпы атмосфера басқа болатыны мәлім. Сол себепті, сарбаздардың жаңа ортаға бейімделуінде алдымен психологиялық тұрғыдан көмек қажет екендігі анық. Әрі рухы биік, сертіне адал, өзіне сенімді сарбазды дайындау үшін психологиялық жеңілдету бөлмесінің орны бөлек.
Осы кезеңде жас сарбаз әскери борышына қатысты көптеген жаңа білім, жаңа әдеттерді, жаңа ақпарат ағынын қабылдауы тиіс. Осы жоғарыдағы талаптарды қабылдау барысында жас сарбаздың мінез-құлқында өзгерістер, жеке тұлғааралық, командирмен қарым-қатынастарында бұрын кезікпеген қиыншылықтар туындайды.
Бейімделу кезеңіндегі мінез-құлық ерекшеліктері өзгеріске ұшырайды, жағымсыз жағдайларды, қиыншылықтарды азайту мақсатында әр бөлім командирі қарамағындағы сержанттармен бірлестікте ұжым ахуалын психологиялық тұрғыдан жеңілдетіп, ұжымда жас сарбаздардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуын қамтамасыз етуі қажет. Жас сарбаздарда өзінің әскери қызметтік борышына деген қызығушылығын арттырып, алдына жаңа мақсаттар, талаптар қойып, сол мақсаттарға жету жолдарын табуда қолдау көрсетуі керек. Сондықтан әрбір взвод, рота командирі жас сарбаздардың жеке басының ерекшеліктерімен танысып, жұмыс жүргізуі қажет, – дейді.
“Ас – адамның арқауы” демекші, қуатты тағамсыз сарбаздың қызметі өтелмес. Осы ретте, аға лейтенант сарбаздар күніне үш рет тамақтанатынын, әскери бөлімде ас мәзірінің сапасы жоғары екенін тілге тиек етті. Таңғы, түскі ас, кешке қызметтен келген соң кешкі ас беріледі екен. Мұнда ас мәзірінің сапасы қатаң бақылуда. Тағы бір айта кетерлігі, әскерде ең бірінші талап пен тазалық. Сол себепті, төсек-орынның тазалығы мен жеке бастың тазалығына да аса мән беріледі.
– Әр күніміз таңғы алтыда басталып, жаттығулар жасалады. Сарбаздың жеке гигиеналық тазалығы мен күтіміне уақыт бөлінеді. Содан кейін әскери бөлімде түрлі бағыттағы сабақтар басталады. Жеке құрамды әлемдегі және еліміздің Қарулы күштеріндегі болып жатқан басты жаңалықтарымен ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Қызметтік дайындықтар, мемлекеттік құқықтық дайындық, жауынгерлік сабақтар өткізіледі. Одан кейін қызметке дайындаламыз.
Қызмет уақыты сағат 18:00-де аяқталып, офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер отбасыларына оралып, сарбаздармен тәуліктік кезекшілік және рота бойынша жауаптылардың қадағалауымен жеке құрамды жатқызуға дейін күн тәртібіне сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ кешкі астан кейін жеке уақыт беріледі, яғни, шаш қию, жаға тігу, аяқ киім тазалап, ертеңгі күнге дайындық жұмыстары жүреді және 21:00-де “Хабар” телеарнасынан басты жаңалықтарды көреміз. 22:30-да сарбаздар ұйқыға жатқызылады, – дейді Ұлан.
Қазіргі таңда әскери бөлімде 88 мерзімді әскери қызметші Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуде. “Жігітке жеті өнер де аз” демекші, сарбаздар өнерлі, спортқа бейім келеді. Әскери бөлімдегі сарбаздар кітап оқып, мәнерлеп өлең оқып, әсем ән айтып, концерттік бағдарламада өз өнерлерін көрсетеді. Сонымен қатар, ой жүйріктігі сыналатын ұлттық ойындарды ойнап, жүлделі орындардан көрінетін де жауынгерлер бар. Айта кетсек, қатардағы жауынгер М.Сапаров дойбы ойынын жетік меңгеріп, Азия чемпионы атанған.
-“Отан отбасынан басталады”. Отанды қорғау, әскери борышын өтеу туралы сөз баланың бойына сіңірілуі керек. Ер азаматтың міндеті – Отан алдындағы борышын өтеу қажеттігі жіті түсіндірілуі қажет. Ата-ана баласына дұрыс бағыт-бағдар беріп, әскерге баратын баласын жігерлендіргені абзал. Жігіттің жігері мықты болған сайын, қиындыққа төзімді болады. Жігітке тән ержүректілік, батылдық, батырлық секілді қасиеттерді бойына сіңіре білген жөн.
Әрине, біз де жас маманбыз. Дегенмен әскердегі қызметімізде Антымызға адалдығымызбен шыңдалып, жас сарбаздармен жұмыс істеу арқылы тәжірибе жинақтаудамыз. Әйтсе де, өзімнің өмірлік ұстаным шындықты айтудан айнымай, қатардағы жауынгерлерге де оны үнемі айтып жүремін. Сонда ғана шыншыл, батыр жастар қалыптасып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқара береді, – дейді аға лейтенант Ұлан.
Шындығында, азаматтық өмірден әскери өмірге үйрену үшін жас сарбазға біршама уақыт керек. Әскери тәртіпке үйрену арқылы ер жігіт өзін шыңдап, нағыз ер азамат ретінде қалыптасары хақ. Осы ретте, әскери бөлімдегі бейімдеу жұмыстары дәл осылай дұрыс бағытта жүргізіле берсе, онда алдағы уақытта Отан қорғаушылардың қатары арта бермек.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close