El іshі

Бізге әрдайым өзара құрмет пен сенім керек!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бірлік күні қарсаңында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу” атты ХХХІІІ сессиясында бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.
“Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру” деген Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс мәселелерді тілге тиек етті.
“Біз Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек. Біздің идеологияның тірегі – мемлекет тәуелсіздігі. Ең бастысы – дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Бізге бос сөз емес, нақты іс керек. Оқыту-тәрбиелеу үрдісінде “Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз”, “Қазақстанның халқы біртұтас” деген қағидаттар көрініс табуға тиіс. Бұл мызғымас әрі берік қағидаттар. Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік”,- деді Мемлекет басшысы. Шынында елдің дамуы үшін, күйреу мен ыдырауға, берекесіздік пен сенімсіздікке жол бермеу үшін мызғымас бірлік пен ынтымақ керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да халықтың береке-бірлігі, елдің тұтастығы туралы айтты.
“Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды.
Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашан да дайын”,- деді Мемлекет басшысы.
Ел сүйсінер бірлік жоқ жерде саналы тірлік те жоқ. Әр отбасында, әр ұжымда бір-біріне деген құрмет, сыйластық, өзара түсіністік болмаса, ол жерде береке де болмайды.
Еліміздің бүгінгі жеткен азды-көпті жетістігіміз халымыздың ауызбіршілігінің арқасы.
Аудандық аурухананың ұжымында түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейді. Олар бір-бірімен әріптес қана емес, дос. Бір мақсатқа жұмылып еңбек ете білулерінің арқасында талай қиындықты еңсеріп, жемісті еңбек етіп келеді. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжымның бір-бірімен қарым-қатынас тілі мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Бұл біздің – туған елге деген құрметіміздің белгісі.
Құрметті жуалылықтар!
Баршаңызды Бірлік күнімен құттықтаймын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елімізде болған табиғи аппаттың салдарын жеңіп, бірлігіміз, күш-қуатымыз арта берсін!

Қалдыбай Байрамов,
аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі.
Аудандық мәслихаттың депутаты

Таңдаулы материалдар

Close