El іshі

Өлкетану музейі – өңір тарихының айнасы

Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да, қасиетті, киелі. Онымен қоса, өзіндік мәдениеті қалыптасқан тарихы терең өңірлер елімізде жетерлік. Қасиетті Әулиеата өңірінде орналасқан Жамбыл облысының ең құйқалы өңірі саналатын Жуалы ауданының тарихы терең, келешегі де кенен. Ел тарихы мен көне замандардың сырын қойнына жасырған қасиетті өлкенің ашылмаған сырлары көп-ақ. Ресми құрылғанына 90 жылдан сәл ғана асатын Жуалы ауданының тарихы тым ертеден бастау алатынын өңірдің әр аймағынан табылып жатқан көне тарихи жәдігерлер айғақтайды.

Өңірдің тарихына қатысты тарихи-мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтап, оны жас ұрпаққа аманат етіп қалдыру мақсатында 2019 жылы ауданның 90 жылдық мерейтойына орай аудан орталығынан тарихи-өлкетану музейінің ашылығаны жұртшылыққа белгілі. Аталған музей қасиетті өлкенің бай тарихи мұрасын сақтаушы және жас ұрпаққа рухани-идеологиялық тәрбие беру орталығы болып саналады. Аталған мекеме өз кезегінде ұлттық мәдени-тарихи мұраларды жинақтаумен бірге, жалпы адамзатқа тән үздік ұлттық құндылықтар мен дәстүрде тәрбиеленген, өз Отанын сүйетін және болашағын мемлекет болашағымен байланыстыруға ұмтылатын бәсекеге қабілетті жас мамандарды тәрбиелеу міндетін де қоса атқарады.
Құрылғанына биыл бес жыл толып отырған аудандық тарихи-өлкетану музейі – өңір тұрғындарына рухани-идеологиялық тәрбие беріп, қасиетті өңірдің ежелгі бай тарихи мұрасын сақтауды өз міндетіне алған іргелі мекеме. Мұнда ел мен өлке тарихынан сыр шертетін құнды экспонаттар мен жиналған қор ауданның кешегі тарихымен қоса, бүгіні мен болашағын да айшықтап көрсетеді.
Музей үш бірдей экспозициялық залдан, атап айтқанда, «Археология», «Даңқ», және «Өлкетану» залдарынан тұрады. Қазіргі таңда музейде аудан тарихына қатысты 3 600-ден астам құнды жәдігер жинақталған. «Археология» залында Баркуаб (Бурно-Октярбск) және Ақтөбе ортағасырлық қалашықтарына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған қыш бұйымдар, онымен қоса, Билікөл аймағындағы «Берікқара» қорымынан табылып, тас дәуірінде тұрмыста қолданылған тас құралдар да көрмеден орын алған. Сонымен қатар, музейдің «Даңқ» залына ауданнан түлеп ұшқан генералдар мен әскери қайраткерлердің, КСРО батырларының, ауған соғысы ардагерлерінің, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың және Чернобыль апатынан кейінгі залалсыздандыру жұмыстарына қатысқан азаматтардың жеке құжаттары, фотосуреттерімен қоса, қолданған жеке заттары жинақталған. Ал келушілер «Өлкетану» залынан өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарында тұрмыс-тіршілікте қолданылған бұйымдарды тамашалай алады.
«Музей – тарих айнасы» дейтін болсақ, қасиетті өңірдің өткен тарихы мен бай шежіресі өңір тұрғындарын да қатты қызықтыратыны байқалады. Жекелеген азаматтардың өңір тарихына қызығушылығы мен музейге жанашырлығы көңіл қуантады. Осыған байланысты болу керек, «Музейге сый» акциясының барысында аудан тұрғындарынан өңір тарихына қатысты көптеген баға жетпес құнды жәдігерлер жинақталу үстінде. Соның бірі ретінде Шақпақата ауылының тұрғыны Мадияр Сағындықов ауыл төңірегінен табылған дуал бұзатын тас құралды музейге тарту етсе, ал Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, зейнеткер Мейрамбек Сәулебеков көне Құран кітаптары мен тарихи кітаптарды тұрақты сақтауға өткізіп, музейге үлкен сый жасады.
Музейдің негізгі көркі – жәдігерлер. Бұл ретте Күреңбел ауылының тұрғыны Ринат Нағашыбековтың сыйға тартқан қыш құмыралары музейдің ең көне әрі ең бағалы жәдігерінің бірі саналады. Бұл құнды жәдігер 8-10 ғасырға тиесілі сусын құюға арналған өрнектеп жасалған қыш құмыралар. Ел мен жерге, өңірдің тарихы мен болашағына жанашыр көзқараспен қарайтын мұндай азаматтар барда аудан тарихының терең сырлары әлі де ашыла беретіні даусыз.
«Көш жүре түзеледі» демекші, қасиетті Жуалы өңірінің ежелгі тарихы мен өткенін түгендеуге мол үлес қосып келе жатқан аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспонаттық қоры алдағы уақытта да толыға беретіні дау тудырмаса керек. Біз мұны музейге келушілер санының артуымен байланысты айтып отырмыз. Қасиетті өңірге Қазақстанның өзге аймақтарынан ат арылтып келген қонақтар да қасиетті Жуалы жерінің бай тарихымен танысу үшін өлкетану музейіне әдейілеп атбасын бұрып, мұндағы экспонаттарды тамашалап, оған аса зор қызығушылық танытуда.
Өңір тарихы – өңірдің айнасы, оның ертеңі мен болашағы да өткен тарихты бағамдауға тікелей байланысты болмақ. Осы ретте өңір тұрғындарын ауданның тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын тарихи-өлкетану музейінің «Музейге сый» акциясына белсене қатысып, өңір тарихын бізбен бірге түгендеуге атсалысуға шақырамыз!

Мария НҰРСҰЛТАНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің қор сақтаушы маманы

Таңдаулы материалдар

Close