El іshі
Жаңару мен жаңғыруды әркім өзінен бастауы керек!
Бауыржан Момышұлы ауылдық әкімшілігінің мәжіліс залында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауы бойынша облыстық және аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері халықпен кездесу өткізді.
Жиынға негізінен қоғамдық жұмысшылар қатысты.
Кездесуді аудандық ақпараттық тобының мүшесі Эльмира Абишева ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз кезегі Жамбыл облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, «Қарахан» журналының Бас редакторы Сатыбалды Досымбековке берілді.
Сатыбалды Досымбекұлы Жолдаудың негізгі бағыттарын қарапайым тілмен жеткізді.
Ол әңгімесін «Қаңтар қасіретінен» бастап, әрі қарай тарқатып түсіндіріп өтті. Жиналған көпшілікті ең бірінші ел ішіндегі бірлікті, тұрақтылықты сақтауға, еңбекқорлыққа, жанашырлық қасиетке шақырды. Мемлекет басшысына сенім білдіріп, қолдау көрсетуге үндеді. Бар мүмкіндікті пайдаланып, жаңаруды, жаңғыруды әркім өзінен бастау Жаңа Қазақстанды құруда маңызды қадам екендігіне тоқталды.
Алыс-жақын шет мемлекеттердегі жағдайлардан мысал келтіріп, еліміз қарқынды дамуы үшін қай сала болсын сөзден іске көшу маңызды екенін жеткізді.
Ал, аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Э.Абишева «Қаңтар қасіреті» халыққа бейбіт заманның қадірін түсіндіріп, қай жерден қателесіп жатқанымызды ашық көрсеткенін айтты. Ендігі жерде бірінші кезекте немқұрайдылықтан арылу қажеттігін баса түсіндірді.
-Жауапкершілік әрбір отбасынан басталады. Отанға деген жанашырлық өз аулаңнан, көшеңнен бастау алады. Мәселен, аулаңды ғана емес, көшеңнің тазалығына да ерекше мән беру керек.
Жастар табысы көп мамандықтарды ғана емес, сұранысқа ие әрі өзінің қабілетіне қарай мамандық таңдаса, өзіне де, қоғамға да тигізер пайдасы үлкен болары сөзсіз,- деді Э.Әбілқызы.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері тұрғындарды еркін пікір алмасуға, өз ойларын білдіруге шақырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»