El іshі

ӨРТ СӨНДІРУ – ЖҮРЕКТІНІҢ ЖҰМЫСЫ

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Ол жүректілік пен батылдықты талап ететін нағыз ер жүректерге тән мамандық. Өрт сөндірушілер күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүреді. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмейді. Осындай жауапкершілігі мол мамандықты атқарып жүрген азаматтардың бірі – Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, полковнигі бұл салаға өзінің 22 жылға жуық уақытын сарп еткен өжет өрт сөндіруші Кеңесбек АБДРАИМОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Ең алғашқы өртпен арпалысқан кезіңіз?
– Есімде. Бұндай жағдай әрбір өрт сөндірушінің басында болған шығар, сірә… Біз өрт сөндірушілер күнде батылдыққа барамыз. Өйткені кез келген өрт оқиғасы қауіпті. Сол үшін де өрт – тілсіз жау деп аталады. Әрине мен жалғыз емеспін. Бүгінгі таңда Жуалы ауданының өрт қауіпсіздігін аудан орталығындағы №7 өрт сөндіру бөлімі және Боралдай ауылдық округіне қарасты №14 өрт бекеті қамтамасыз етеді. Осы екі бөлімдегі әр қызметкерді батыр деуге болады. Өйткені өз өмірін қауіп-қатерге тігіп өрт сөндіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Менің артымда өрт сөндіру бөлімінің 26 қызметкері бар.
– Оқыс жағдай кезінде көзсіз батылдыққа барған сәтіңіз болды ма?
-Әрине, 2017 жылдың қысында болған Көксай шатқалындағы қар көшкініне тоқталғым келеді. Аталған оқиғада 17 әскери қызметкер қар көшкіні астында қалды деген суыт хабар 101 жүйесіне түсті. Жедел түрде мен қарауыл жеке құрамын басқарып, оқиға орнына Урал өрт сөндіру автокөлігімен шықтық. Сол жылы қар қалың түскен. Көксай шатқалына қарай жол жоқ. Автокөлігіміз қарға тығылып, оны қолмен, күрекпен күреп шығарып әзер дегенде жеттік. Орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері оқиға орнына автокөліктің бара алмайтындығын, ол жерге бару қауіпті екенін айтты. Өйткені қар көшкінінің тағы қайталану қаупі жоғары еді. Мен қасымдағы әріптестерімнен «қандай шешім қабылдаймыз?» деп сұрадым. Сол кезде әріптестерім: «Біз барып құтқармасақ кім барады? Сізбен бірге барамыз»- деп бірауыздан мені қолдады. Нәтижесіне әскери қызметкерлермен бірге құтқару жұмыстарын жұмыла жүргіздік.
– Көбі бұл мамандыққа баруға дауаламайды. Ал сіз өз мамандығыңыздан бақыт таба алдыңыз ба?
– Шыны керек, осы мамандықпен қызмет ету үшін арнайы әскерге де бардым. Келген соң жұмысқа орналасып, дос-жараң, жақсы әріптестер таптым, отбасылы болдым. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Сол үшін де мамандығымнан бақыт таба алдым деп айта аламын.
– Егер сіз өрт сөндіруші болмасаңыз, қандай мамандықты таңдар едіңіз?
-Егер мен өрт сөндіруші болмасам, техник мамандығын таңдар едім. Өйткені техникаға жақынмын.
– Сіздің мамандықта асқан жауапкершілік пен өжеттілік қажет. Сіздің ойыңызша өрт сөндірушінің бойында тағы басқа қандай қасиеттер болуы керек?
– Әрине, ең басты керек екі қасиет ол – жоғары жауапкершілік пен өжеттілік. Осындай қызметте жүрген соң, түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондай сәттерде психологиялық және физикалық тұрғыда мықты болу да әрбір өрт сөндірушінің міндеті. Өрт сөндіруші бірінші кезекте өз елінің патриоты және кез келген уақытта адамдарға көмек қолын созатын жанашыр азамат болу керек деп ойлаймын.
– Кейбір өрт сөндірушілердің еңбегі тасада қалып қойып жатады. Жалпы сондай сәттерде іштей реніш болмай ма?
– Негізгі ісіміз адам өмірін аман алып қалу мен өртті ауыздықтау болған соң, біздің жұмыс мақтау-марапатты көздеу мақсатында жасалмайды. Сол үшін ешқандай реніш те, өкініш те өзекті өртемейді.
– Белгілі бір орында өртті ауыздықтау барысында жазатайым оқиға болған жағдайда сіздерге сақтандыру шаралары қолданыла ма?
– Иә, бар. Оның барлығы арнайы бөлімдерде мемлекет тарапынан қарастырылған. Жазатайым оқиға бола қалған жағдайда жалпыға бірдей еңбек кодексінде көрсетілген сақтандырулар қарастырылған.
– Қызыл жалын жаулаған ғимарат ішіндегі жанның немесе сіздің өміріңіз, яғни қос таңдау тұрса қайсысын таңдар едіңіз?
-Өрт сөндіруші құтқарушы болғандықтан, өз өмірімізден өзгенің өмірін әр қашан жоғары қоямыз. Өйткені ол біздің міндетіміз. Негізі кез келген жағдайда қос тарапты да сүйреп шығуға тырысамыз. Ал егер басқа амалы болмаса, әрине жоғарыда атап өткендей, адам жанын аман алып қалу мен берілген антты орындау. Себебі, ол әрбір өрт сөндірушінің парызы деп санаймын.
–Өзіңіздің ізіңізден ерген перзенттеріңіздің осы мамандықты таңдауына кеңес берер ме едіңіз?
-Үлкен ұлым спорт саласын таңдады. Қазіргі таңда ол студент. Кіші ұлымның жасы бесте. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл салаға кіші ұлымды жіберетін шығармын.
– Жастарға айтар ақылыңыз…
– «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағының кепілі» деген жақсы сөз бар. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, ел үмітін ақтар азамат болуларына тілектеспін. Кез келген жағдайда өрт сөндіру ережелерін сақтап жүріңіздер және қандай мамандықты таңдасаңыздар да, шын ықылас пен бар ынта-жігеріңізді салып жұмыс жасаңыздар. Сонда ғана діттеген мақсаттарыңызға жетесіздер.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Р.S Кеңесбек Абдраимов ұжым болып бірлесе атқаратын жұмыс болғандықтан нақты біреуді жеке-дара бөліп қарай алмайтынын, қызметтен тыс кезде де қиындықта қалған адамдарға көмек қолын созып жүретінін жеткізді. Кәсіби сауатты және жауапкершілігі мол маман қарамағындағы қызметкерлерге ізетті, кішіпейіл екені көрініп тұр.
Ерлігі және қаһармандығының дәлелі – оның кеудесінде тағылған медальдары және ерен еңбегі үшін облыс, аудан атынан берілген марапаттары.
Қазіргі таңда Кеңесбек Өмірбекұлы жары Самал екеуі жеті бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасының отағасы. Қаупі мол болса да қызметіне жанымен берілген маман өз таңдауына ешқашан өкінбейтінін жеткізді. Адамдарға көмектесу, оларды құтқару, ел алғысын алу бақыт деп есептейді.
Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Осындай батыр ұлдармен ата-аналары мақтанса, мұндай ержүрек азаматтарды кішкентай балалары да мақтаныш санайды.

Сұхбатты жүргізген
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close