El іshі
Бақытты бала – бақытты болашақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «2022 жыл – Балалар жылы» деп жарияланды. Еліміз Тәуелсіздік алғалы балаларға арнайылап ден қойып, маңыз беріп жатқанымыз осы шығар. Біреуін ескереміз, біреуін ескермейміз, жыл сайын балаларға қатысты қаншама құқық бұзушылық, қылмыс, оқыс оқиғалар болып жатады. Шын мәнінде соның барлығы терең зерделенуі, тегеурінді тәртіпті қажет етеді.
«Мен мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек.
Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі.
Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деді ел Президенті.
Елдің келешегі – бүгінгі балалар. Сондықтан балаға мән беру – болашаққа үлкен жауапкершілікпен қарауды білдіреді.
Аудан әкімдігінің жанындағы кәмелет жасқа толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысында да балалар арасындағы түрлі мәселелер қаралып жатады. Қаралған мәселелердің арасында жүрек сыздатар жағдайлар да аз болмайды.
«Адамның адамшылығы, ақыл, ғылым жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді Абай атамыз. Яғни, баланың жақсы адам болып қалыптасуы ата-анаға, ұстазы мен ортасына тікелей байланысты.
Елімізде болған кешегі жағдай барлығымызға үлкен сын болды, үлкен ой салды. Кемшіліктеріміздің барлығын ашып, әшкереледі. Ендігі жерде нені мықтап қолға алу керек екенін көрсетті. Басқа жағдайды, саясатты айтпағанда, жіберілген кемшіліктердің ең маңыздысы – ұрпақ тәрбиесін тым босаңсытып алғанымыз болды. Елімізде патриот жастар көп. Алайда көптеген жастарымыздың әлде кімдердің сөзіне ілесіп кеткені осының айғағы.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Бесігімізді түзеу үшін бірінші өзімізді түзейік. Енді бұрынғыдай сөзбен айтып қана қойып жүруге болмайды, нақты іспен мықтап қолға алу керек.
«Әйел ерге ұсынып, адал асын,
Ер әйелді бағым деп бағаласын.
Отбасы мықты болса, Отан мықты
Аралап жүрген сөз ғой ел арасын.
Әр ошақтың түтіні түзу шықса,
Бақытты байтақ Отан, бар Алашым»,- деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтқандай, барлығы ер мен әйелдің ұрпаққа үлгі болар сыйластығынан басталады. Сыйластығы, бірлігі бар отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет болады.
Патриоттық тәрбие – отбасын, алтын ұя мектебін, туған ауылын, елін, жерін сүю, құрметтеу. Патриот адам ешқашан опасыздық жасамайды, ешкімнің жетегінде кетпейді. Ол үшін әрине, жалаң сөздің қажеті жоқ, сөзіміз бен іс-әрекетіміз астасып, жас ұрпаққа үлгі болайық.
Жұмысбастылықты сылтау етіп бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін болдық. Рас, күнкөрістің қамымен үй-жайынан жырақта жүргендер, бала-шағаның қамымен таң атпай жұмысқа кетіп, қараңғы түскенде бір-ақ келетін жандар да көп. Ондай жандарды айтпағанның өзінде, кейбір үйінде отырған немесе уақытымен үйіне келетін ата-ана да балаларына уақыт бөлмейді. Яғни, көптеген отбасында әке-шешесінен бастап балалары барлығы бір-бір телефонға үңіліп, өз беттерінше отырады. Тіпті дастарқан басында телефоннан көз алмайтындар бар. Бауырлары, ағайын-туыс тұрмақ, бір отбасы мүшелері бір-бірінен жағдай сұраспайды. Баланың ішкі жан дүниесінде не болып жатыр? Ол жабығып жүрген шығар, ол ата-анасының махаббатына, сүйіспеншілігіне зәру шығар. Баласының жанында жүріп сағындырып жүретін ата-аналар қаншама?!
Адамның балалық шағы, яғни үлкен өмірге деген көзқарасы, бағдары қалыптасатын шағы тез өте шығады. Уақыт адамға бағынбайды. Адам уақытқа бағынады. Сондықтан уақыттың қадірін біліп, дер кезінде көңіл бөлуіміз керек.
Шыны керек, балаларымызды интернет тәрбиелеуде. Олар іздеген сұрағының жауабын интернеттен алады. Баланың көкейіндегі сауалға кім жауап берді? Оның ниеті қандай? Мән бермедік. Кешегі жағдай осының салдары.
Бұл жағдай санамызды оятты. Енді қайта қалғып кетпейік!
Көп балада дұрыс жеткілікті білім жоқ. Оны білім-ғылымға баулитын ұстаздарымыздың да көбіне ұстаз керек.
Ұстазға құрмет көрсетпейміз. Ұстазға құрмет көрсетсең, алған білім-ғылымыңның қызығын көресің. Аллаға құлшылық етіп, ата-анаңа қызмет етсең, ұрпағың осы қызметіңді өзіңе қайтарып, рақатқа бөленесің.
Қазақта «Балаңа жаның ашыса, аяма!» деген сөз бар. Ол дегеніміз – балаңа жаның ашыса, келешегін ойласаң, еңбекке баулы деген сөз. Аяп, жатып ішер етіп тәрбиелесең – ол бала өмір бойы мұқтаждықта өмір сүреді.
Қазір мектептерде тәрбие сағаттары өтпейді. Өтсе де мақсатты емес, тек есеп үшін өтеді.
Тәрбие сағаты сынып жетекші мен оқушыларды бір-біріне жақындастыра түсетін, ұстазға баланың жан дүниесіне үңіле түсуіне мүмкіндік беретін сабақ.
Біздің оқушы кезімізде әр тәрбие сағаты әртүрлі тақырыппен өтетін. Оған ерекше дайындалатынбыз. Тәрбие сағатын ерекше күтуші едік. Қазір де солай өткізуге болады. Оған тек басшы мен ұстаздың өз мамандығына деген адалдығы, ұрпақ тәрбиесіне деген шынайы жанашырлығы қажет. Көзбояушылықпен, есеп үшін жасалатын өтірікке құрылған істі тоқтату керек. Жалпы бала тәрбиесінде ата-ана да, ұстаз да өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Барлық саладағы немқұрайдылық, жемқорлық, тамыр-таныспен сыбайластық елді тығырыққа тіреді.
Қандай кәсіп болса да өз маманы істеген жерде ғана нәтиже болады.
«Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Әрқайсымыз сырттан ақыл айтпай, өзіміз белсене атсалысайық. Мінезіміздің кемшіліктерін түзейік. Қабілетімізге мінезіміз жау болмауы керек. Егер мінезіңді түзей алмасаң, өз мініңді түзей алмасаң, жинаған біліміңнен не пайда?!
Халыққа қызмет ету – міндетті түрде жоғары лауазымды қызметкер болу емес. Қарапайым еден жуушы болсаң да, сенің жұмысыңнан біреу ләззат алатындай, өзгелерге қуаныш сыйлайтындай, яғни сенің таза, тиянақты ісіңе ел сүйсінетіндей болса, халыққа қызмет ету деген осы. Сондықтан Алланың берген ақылын өсірумен айналысайық. Өзімізді дамытайық!
Балалар жылында бірінші қолға алынатын мәселе осы болуы керек. Сонда жас отбасылар арасында ажырасу да азаяды. Ажырасу азайса, балалардың көңіліне, жүрегіне сызат түспейді. Баланы ең бірінші, мейірімге бөлейік.
Қысқасы, бала мықты білім алсын, бала ұлттың тамырынан ажырамасын, заманға бейім болсын, бос уақытын пайдалы өткізсін, қажетті ем домын еш кедергісіз алсын, арман-қиялының шындыққа айналарына сенсін.
Мемлекет тарапынан балалардың денсаулығы, білім алуы, дамуы үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстар, қамқорлықтар, көмек-қолдаулар мақсатты орындалсын.