El іshі
Жаңашылдыққа бет бұрған шаруа қожалық
Ауданның негізгі тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығына негізделген. Себебі, топырағы құнарлы өлкеміздің климаты көптеген дақылға қолайлы. Дегенмен прогресс ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтіп жатқан жоқ. Яғни, ауыл шаруашылығын жаңа технологиясыз, заманауи әдіс-тәсілдерсіз және сапалы тұқымсыз елестете алмаймыз.
“Дарын” шаруа қожалығы ауданда жаңашылдыққа бет бұрған шаруашылықтың бірі.
Шаруа қожалық 2019 жылы құрылған. Күлзира Құдиярова жетекшілік ететін агроқұрылым мал және егін шаруашылығымен айналысуда.
Қожалықтың жұмысымен кенже ұлы Валихан айналысады. Валихан бүгінде иелігіндегі 70 гектар жерге арпа, бидай, мақсары және көпжылдық шөп егуде. 2023-2024 жылдары бидайдың супер элита тұқымын егіп, алған өнімінің өзінен артылғанын ауылдағы шаруа қожалықтарға сатты. Мәселен, төрт гектарға “Кондитерский”, 16 гектарға “Октябрина” супер элита тұқымын, 36 гектарға арпаның “Бәйшешек” супер элита тұқымын егіп, шаруа жаңа тұқымнан мол өнім күтуде. Сонымен қатар шаруа өткен жылы “Lovol” жаңа тракторын лизингке алып, жұмыс істеуде.
Шаруа қожалық 2023 жылы “Ауыл аманаты” бағдарламасымен 7,7 миллион теңге несие алып, мал бордақылаумен де айналысуда.
-Несиеге алған қаржыға 27 бас бұқа сатып алып, бордақылап саттық. Енді мал басын көбейтіп, қосымша көмекші алып, жұмысты жандандырудамыз. Мал басын көбейтуге кең қора-жайымыз бар. 52 гектар жайылым жеріміз де бар. Алдағы уақытта егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу жоспарымызда бар. Жаңбырлатып суғару қондырғысын алсақ дейміз.
Арпа мен бидай егіліп қойды. Енді жауын қойса, мақсары егеміз,- дейді Валихан.
Отағасы Еркінбек Әлімбаев ұзақ жыл совхозда инженер болып жұмыс істеген. Совхоз тараған соң “Бірлік” өндірістік кооперативінде басшы болып еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Бүгінде ұлына шаруа қожалықтың жұмысына көмектесіп, бау-бақшада жеміс ағаштарының түр-түрін егіп, баптаумен айналысады.
Ал, отанасы Күлзира Құдиярова 40 жылға жуық мектепте мұғалім болып жұмыс істеген ардагер ұстаз. Жолдасы екеуі отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде ұл-қызынан 12 немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Арман Алматыда жеке кәсіпкер. Отбасылық кәсібі жиһаз цехында 30 кісіні жұмыспен қамтуда. Үлкен қызы Камиланың мамандығы – мұғалім. Камила отбасымен Түркістан қаласында тұрады. Кенже қыздары Диляра Астанада мобилография саласында жұмыс істеуде.
Қара шаңырақта Валихан жұбайы Алуа екеуі тұрады. Алуа мектепте мұғалім. Валиханның мамандығы – қаржыгер. Валихан Алматыдағы банк ісі академиясын бітірген соң, мамандығымен емес, бірден ауылға келіп, шаруа қожалықтың жұмысымен айналысады.
-Әкелері Еркінбек техниканың барлық түрін айдайтын. Валихан да әкесінің жолын қуып, техникаға бала кезден жақын болды. Қазір техникаларды жүргізіп, өзі жөндейді. Электр энергиясына қатысты жұмыстар болсын, құрылыс жұмыстары болсын барлығын өзі атқара береді.
Қазір жаңа тракторы мен бірқатар керекті қосалқы агрегаттары бар. Жұмыс күші қажет болғанда ауыл жігіттерін көмекке шақырады.
Еркінбек балаларды кішкентайынан еңбекке баулыды. Қазір денсаулығына байланысты үйде. Алайда үйде қарап отырмайды. Жеміс ағаштарының түр-түрін егеді. Таңқурай, құлпынай егіп, немерелеріне теріп береді. Ол айналамыздың жайнап тұрғанын қалайды,- дейді Күлзира Сейітнәсімқызы.
“Еңбек еткеннің еңсесі биік” деген дана халқымыз. Алтын бесік ауылымыз осындай еңбекқор азаматтардың еңбегімен гүлденеді. Биыл шаруа бағып, еңбек сауған жандардың еңбегі жанып, берекелі, өнімді, толағай табысты, молшылық жылы болсын деп тілейік!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»