El іshі

Әке есімін ұрпақтары ұмытпайды

Менің әкем Наралы Жолдасбеков 1912 жылы шаруа отбасында дүниеге келіп, 7 сыныпты бітірген соң жастайынан қызметке араласқан. Алғашқыда Қоңыртөбе ауылдық советінің хатшысы болған ол ел ішінде халықты ұжымдарға топтастыруға атсалысқан азамат. Әкемнің қызметке араласқанын бекерге айтып отырған жоқпын. Әкемнің кіндік қаны тамған жері – Жуалы ауданы. Өзінің туған өңірінде аудандық жер қатынастары бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарып, сол тұста жеке азаматтарға және ұжымдарға жер телімдерін бөліп берумен айналысқанын сол тұста өмір сүрген үлкен кісілер жақсы білсе керек…
Бірде Қарасаз ауылының тұрғыны болған Жанбосынов Жұмағұл қариямен және оның ұлы Жұмағұлов Төленмен жолымыз түсіп, қазіргі Қызтоған ауылында орналасқан қарияның ата-бабалары мәңгілік тыныс тапқан бейітке құран оқытуға бардық. Қызтоған ауылынан өткеннен кейін бір үлкен сайдың аңғарындағы бастаудың басына тоқтап, демалып, су іштік. Сол бастаудың жанында Жұмағұл қария: «Мына жерді, мына бастауды сенің әкең біздің жанұяға бөліп берген болатын. Әкең өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын өте ұқыпты кісі еді. Астында үкіметтің берген екі бірдей аты болатын. Сол аттарды кезек-кезек мінетін» деген еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін әкемнің Дүйсен, Ермұхан және Роза деген ұл-қыздары болған. Анамның айтуынша, Әкем соғысқа өз еркімен сұранып аттанған екен. Шешем Седепкүл Мырзалықызы Жолдасбекова 1916 жылы туған. Әкем соғысқа аттанған жылы мен анамның құрсағында қалған екенмін. 1943 жылдың мамыр айында дүниеге келдім. Әкем соғысқа аттанып кеткеннен қайтып елге оралмаған. Анам небәрі 27 жасында ерінен жесір қалып, екі ұлды бағып-қағып, тәрбиелеп, (бір ұл, бір қызы сәби кезінде шетінеп кеткен) өмірінің соңына дейін Әкемді «аман-есен оралады» деген үмітпен күтіп отырды.
Иә, ол кез соғыстың уақтысы. 1943 жылы сәуір айында біздің үйге аудандық әскери комиссариаттан «без вести пропавший» деген қара қағаз келген. Әкемнің майдан даласында қайтыс болғаны туралы деректерді кейін де анықтап білдім. Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник А.Ахметовтен №84 03.06.2021 жылы берілген Анықтамада:
«Сіздің 2021 жылдың 03 маусымдағы ЖТ-Н-0307365 нөмірлі өтінішіңізге байланысты, әкеңіз Джолдосбеков Нарала (мәліметтерде солай жазылған) мұрағаттық анықтамаларға сәйкес, Ұлы Отан соғысында 19.04.1943 жылы жараланып қайтыс болғандығы туралы мәліметттің анықталғанын және барлық мәліметтерді www.pamyat-naroda.ru электронды мәліметтер базасынан алуға болатынын хабарлаймын» деген мәтіндегі жауап алдым.
Анам Седепкүл жастай жесір қалса да, тірі қалған екі баласын, ағам Дүйсенді және мені бар қиыншылыққа мойымай «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» бағып-қағып өсіріп, азамат қатарына қосты. Бізге «жетімсіңдер» деп ешкім маңдайдан сипаған жоқ… Екі жетім Анамыздың арқасында оқыдық, жоғары білім алып, кейіннен ел қатарлы қызмет атқардық. Ешкімнің ала жібін аттамай, ешкімге зиянымызды тигізген жоқпыз.
Әкем Наралы Жолдасбеков биыл 112 жасқа толып отыр. Әкемнің жаны жұмақтың, жәннаттың төрінен орын алып, қабірі нұрға толып, үрім-бұтағы аман-сау болуын Алладан тілеймін. Еліміз аман, жұрт тыныш болсын.

***
Әскери-патриоттық тәрбиеге баса көңіл бөлінсе…
Әке – асқар тау, Ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Сонау соғыс жылдары өмірге келген буында бақытты балалық шақ болған жоқ. Әке тәрбиесі мен мейірімін көрмесек те, анамыз бізді жетімсіретпей, қатардан қалдырмай өсіріп, тәлім-тәрбие берді. Біз осынау асыл жандарға қарыздармыз. Осы тұста жастардың бойындағы патриоттық тәрбиені ояту үшін өзімнің өткен өмірім туралы азды-кем айта кеткенді де жөн көріп отырмын. Қиын кезде туып, қиын кезде білім алсақ та, өмірде көрген қиыншылықтарға мойымай, кездескен кедергілерге қарсы тұра білдік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасында көрген тәлім-тәрбиенің әсері, мектепте ұстаздардан алған тағылым, үлгі-өнегенің нәтижесі болу керек, ел қатарлы азамат болып, жарты ғасырға жуық уақыт қасиетті Жуалы ауданында, кейін облысқа қарасты Талас ауданында ұстаз болып еңбек еттім. Қазір зейнет демалысындамын.
1958-1962 жылдары ауданға қарасты Қарабастау ауылында ұлт қайраткері Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте (бұрынғы Билікөл орта мектебі) интернатта жүріп оқып, 10 сыныпты күміс медальға бітірдім. 1962 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы 13 қарашада 2-курстан Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу үшін Кеңес әскерінің қатарына алындым. Бізді алғашқыда Фин шығанағындағы Кренштабтағы әскери жабық қалаға алып келді. Бір аптадан кейін Ресей жерінде Ломоносов қаласындағы орман ішінде орналасқан 83233 әскери бөлімге келіп түстік.
Аталған әскери бөлімде әскери азаматтық борышымды өтей жүріп, сондағы Попов атындағы байланыс әскери мектебінде 7 ай курсант болып, одан байланысшы мамандығын алып шықтым. Өзіме қажет болар деген оймен әскер қатарында жүргенде спорттық дайындықтан да өткенмін. Кейіннен аталған әскери мектепте инструктор болып қалдырылдым. Әскер қатарында жүргенде Коммунистік партияның мүшелігіне Ленинград қаласында өттім. Осылай әскердегі кезең өтіп жатты. 1967 жылы 5 қыркүйекте «аға старшина» атағына қол жеткізіп, запастағы кіші лейтенант шенін алып, әскерден қайттым. Сол жылдан бұрынғы өзім оқыған пединститутқа қайта оралып, күндізгі бөлімде оқуымды жалғастыра бердім. 1970 жылы Қызылорда қаласындағы оқуымды сәтті аяқтап, сонда үйленіп, екі кішкентай қызыммен ауылға аман-есен оралған жайым бар.
Әскери борышымды Балтық әскери-теңіз флотында төрт жыл өтеп, оқуыма да, азаматтық борышымды да өтеуге үлгердім. Бұл маған үлкен тәрбиенің мектебі болғаны анық. Әскер өмірі азаматты шыңдайды, темірдей тәртіпке үйретеді. Отанды, туған жерді, елді сүюге үндейтіні анық. Өзімдей тәртіпті азамат болсын немесе әскери адам болсын деген ниетпен кенже ұлым Айкенді Алматы қаласындағы Б.Момышұлының есімімен аталатын әскери мектепке беріп, ол үш жыл сонда оқып, аттестат алып шықты. Кейіннен балам Уфадағы вертолетчиктерді дайындайтын әскери училищеге оқуға түсті. Бірақ денсаулығына байланысты оқуын аяқтай алған жоқ.
Әскер қатарында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу, Отанға, ел мен жерге адал қызмет ету – әрбір ер азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан, сөз соңында айтарым, әрбір ата-ана балаларын жақсы тәрбиелеп, олардың әскер қатарында болып, Отан қорғауға ықпал етулері қажет деп білемін. Батыр ата-бабаларымыз аттың үстінде жүріп қорғап қалған қасиетті туған жер мен атамекенді жастар көздің қарашығындай қорғаулары тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі міндет. Осы орайда ел өңірлерінде болсын, ауданға қарасты ауылдардағы орта білім беретін мектептерде болсын, әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінуі қажет. Мен елдің азаматы ретінде де, ардагер ұстаз, аға буынның өкілі ретінде де осыны баса айтқым келеді. Жастар отаншыл, ұлтжанды болсын десек, мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиеге баса көңіл бөлгеніміз жөн!

Тілеуқабыл НАРАЛИЕВ,
ардагер ұстаз.
Ауданның Құрметті азаматы,
облыстың Құрметті ардагері.
Суретте: Сол жақтан
бірінші отырған
Наралы Жолдасбекұлы
туыстарымен бірге

Таңдаулы материалдар

Close