El іshі

Қазақтың бір өнері – кілем тоқу

Кілем тоқу – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер. Оны бұрын қабырғаға іліп, еденге төсеп, үйдің жылуын сақтау үшін пайдаланса, кейін сәндік бұйымға айналды. Ал, жеке кәсіпкер Диас Рақманқұлов әкесі Нұрғали Рақманқұлов бастаған істі жалғастырып, бүгінде портретті кілем тоқумен айналысуда.

Ол 2017 жылы “Бастау-Бизнес” бағдарламасы аясында үш миллион теңге қайтарымсыз грант иегері атанып, жаңа құрылғылар мен керекті материалдар сатып алған. Бүгінде ол жергілікті төрт тұрғынды жұмыспен қамтып отырған жайы бар.
-Әкем марқұм кезінде аудандағы Ш.Үлеков атындағы тоқыма фабрикасында жұмыс істеген. Фабрика тоқырау жылдары жабылатын болған соң ондағы барлық кілем тоқуға қажетті құрылғыларды сақтап қалған. Анам Әзима Байсейітова 20 жыл осы өндіріс ошағында еңбек еткен. Қазіргі таңда анамыз цехтың меңгерушісі болып, мұндағы істің басы-қасында жүр. Жалпы кәсіпкерлігіміз отбасылық. Жанұямызбен бірлесіп, істі жүргізіп отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Кілем тоқу цехы Қайрат ауылында орналасқан. Цехта екі кілем тоқу станогы және өзге де қажеті құрылғылар бар. Кілем сапалы шығу үшін жібек жіптер пайдаланылады. Жіпті жеті жылға дейін жететіндей сатып алған. Олар оны Қырғызстан және Моңғолия елдерінен әкеледі. Ал, құрылғыларды Тараз қаласынан алған.
Тапсырыстар жан-жақтан түседі екен. Көбісі жақындарын қуанту мақсатында сыйлық ретінде тапсырыс береді. Кілемнің көлемдері 1х0,80, 1х1,20, 1,10х1,50. Ал, бағалары бір портреттік кілем орташа есеппен 100 мың теңге тұрса, екі адамдық кілем 170-180 мың теңге көлемінде саудаланады. Бір кілем екі аптада дайын болады.
-Үйдің жанынан жаңадан цех соғылды. Жұмыс істеуге ыңғайлы. Жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 75-85 мың теңге көлемінде. Бізге көбінесе “Алтын той”, 60, 70 жас секілді мерейтойларға арналған кілемдерге тапсырыс береді. Балалары ата-аналарына тосынсый жасағысы келеді. Сонымен қатар, көбінесе халық қалаулыларына, сыйлы азаматтарға, атақты ақын-жазушыларға арналып портреттік кілемдер тоқылады, – дейді кәсіпкер.
Шебер тапсырысты Қазақстанның барлық өңірлерінен қабылдайды. Жеке кәсіпкер кілем тоқу бизнесінің тоқырап қалмайтынын айтады. Себебі, Қазақстаннның түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер саны толастар емес: «Соңғы жылдары қолөнер бұйымдарының қадір-қасиетін түсінетіндердің қатары көбеюде. Қазақстанда кілем-портрет тоқитын тек біз ғана. Көбіне тапсырысты қазақтың даңқты тұлғаларын бейнелейтін кілемдерге де аламыз. Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлия Молдағұлова, Шәмші Қалдаяқов сияқты тұлғалардың портретін бірнеше мәрте тоқыдық. Әсіресе, Батыс Қазақстанның қызығушылығы жоғары” дейді.
-Кілем-портрет туралы көпшілік бір-бірінен естігендіктен тапсырыс берушілер көп. Сол себепті, сапаға аса мән береміз. Жібекке синтетиканы араластырып, кілемнің жылтырауын, суреттің дәл келуін қадағалаймыз. Жібек пен синтетиканы араластырмаса да болмайды. Екеуі үйлесім тапса, кілем жылтырып, көздің жауын алатындай болады.
Кейде кілемнің сапасы тапсырыс берушінің жіберген суретіне де тікелей байланысты. Сурет жақыннан түсірілген түпнұсқа болуы қажет. Неғұрлым сурет сапалы болса, соғұрлым жақсы портретті кілем шығады. Көлемі үлкендеу кілемдердің жөні бөлек. Онда адамдардың суреті анық көрінеді, – деген ол цехтағы жұмыс барысына да тоқталып өтті.
Жеке кәсіпкер өзге өңірлерден түскен тапсырысты уақтылы жеткізу үшін оны пойызға болмаса автобусқа салып жібереді екен. Алдағы уақытта өңірлердегі тапсырыс беруші мекемелермен келісімшартқа отырып, кәсіпкерлігін кеңейту жоспарында бар. Сонымен қатар, өндіріс ошағындағы жұмысшы санын да арттыру жоспарының бірі.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close