El іshі

Болашақ бүгіннен басталады!

үлкен өмір жолына қадам жасағанда қателесуге болмайды!

Әрбір адамның білім алып, кәсіби мансабын қалыптастыруы – өмірде жасайтын маңызды қадамға жатады. Қолға қалам ұстай алмайтын баладан, қандайда бір үлкен мамандық иесіне айналу адамнан жауапкершілікті, қажырлы еңбекті талап ететіні белгілі. Оқу – білімнің бұлағы болса, білім – өмірдің шырағы. Халқымызда білімнің адамзат өміріндегі орнын айшықтайтын даналық сөздер жеткілікті.
Баланың санасында жастайынан пайдалы қасиеттерді қалыптастыруды алға қойған ата-бабамыз: «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» деп оқу-өнерге, білімге құштарлықтың маңызды қадам екеніне ертеден-ақ мән берген. Бұл жолда дұрыс таңдау жасап, нәтижеге қол жеткізу үшін негізінен өмірде көрген-түйгені мол тәжірибелі аға буын өкілдерінен ақыл-кеңес алған дұрыс. Сондықтан мен де болашақ түлектерге бағыт-бағдар беру мақсатында білім алудағы алғашқы соқпақтан, даңғыл жолға қалай келгеніммен бөлісейін деп шештім…
Қазақстандық білім алушылардың арасында қала балаларымен қатар, ауыл балаларының да үлесі жоғары. Ауылдағы орта мектеп түлегінен жоғарғы оқу орнының студенті атану, студенттік тыныш өмірден салааралық құрылымдарға өту тынымсыз оқуды, көп ізденіс пен белсенділікті талап ететін процесс. Мен де осыдан үш жыл бұрын қасиетті Жуалы өңіріне қарасты Қоңыртөбе ауылындағы №21 Д.Пахомов атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Қазақстанның үздік жоғарғы оқу орындарының бірі, елордасы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түсемін деген арманым болды.
Мектепте 11-ші сынып оқып жүргенде алғашында мамандық таңдаудан қателесіп, ҰБТ-да тест сұрақтарына дұрыс зейін қоя алмағаным рас. Дайындық барысында да пәндерді оқуға аса зауқым болған жоқ. Ұзақ уақыт сенделіп, кейіннен бойымдағы қабілет пен қазақ тіліне, жазу өнеріне құштарлық мені «Журналист» мамандығына жетелеп әкелді. Сол кезде түсінгенім, мамандық таңдауда ең алдымен жүрек қалауына құлақ асу керек екен. Айналаңдағы адамдар сенің мықты болып, биіктерден көрінгеніңді қалайды. Бірақ мамандыққа деген махаббат болмаса, сен ешқашан ол істен ләззат алып, өмірде де өз орныңды таба алмайтының анық…
«Журналист боламын!» деп шешім қабылдап, мектеп қабырғасында жазылған өлеңдерім мен «жазған-сызғандарымды» қолыма алып, пойызға билет алдым да, «нартәуекел» деп Астана қаласына жолға шықтым. Ауылдың күйбең тіршілігінен басқаны көрмеген мен үшін Еуразияның жүрегінде орналасқан әсем қала – Астананың келбеті пойыздан түсе салысымен-ақ қатты таңқалдырды. Көк аспанмен таласқан алып ғимараттар, билік өкілдері шоғырланған министрлер үйі мен «Ақорда», елдегі жетекші оқу орындары саналатын – Назарбаев, Нәрікбаев және Еуразия университеттерінің орналасу аймақтары ерекше әсер сыйлағаны рас.
Университетке барып, құжаттарымды қабылдау комиссиясына тапсырғанымда, алғашқыда іштей қобалжу болғаны рас. Қала балаларынан бөлек, «ауыл балалары» дегенімнің астарында мынадай мән жатыр. Ауыл балалары көп жағдайда білім тұрғысынан қала балаларымен теңесе аламыз ба деп қорқып жатады. Алайда, қазақ тілінің қаймағына қанып өскен, нағыз қазақи тәрбиені бойына сіңірген ауыл балаларына өздерін осал сезінуге ешбір негіз жоқ. Тәжірибелі әрі білімді түлек қай ортада білім алсын, өзіне сенімді болса, кез келген биік белесті бағындыра алады.
Шығармашылық емтихан тапсыру кезеңінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің профессор-оқытушылары сөз өнеріне деген талпынысымды бағалаған сияқты. Қорқынышты жеңе білгенімнің арқасында университетке ең жоғары балмен грантқа оқуға түстім. Бірінші және екінші курс қалаға сіңісу, қаһарлы ауа-райына үйренісудің алғашқы кезеңі болса, кейінгі курстарда тәжірибе жинап, маман болып қалыптасасың.
Ендігі кезекте оқу орнында сабақ беретін оқытушылардың құрамы туралы әңгімелегенді жөн көрдім. Еуразия университетінде елдің бас газеті – «Егемен Қазақстан» РГ-ны ұзақ жылдар басқарып, кейіннен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болған білікті журналист, кино сыншысы Сауытбек Абдрахманов, факультет деканы, белгілі алаштанушы, профессор Қайрат Сақ, білім беру саласында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ғылыми журналистикадағы жетекшім, өмірлік ұстазым Гүлмира Әшірбекова, журналистік жанрларды айыруды және журналистік құқықтарды сақтауды үйреткен доцент Ғалия Ақсейіт, қазақ басылымдарындағы әйелдер образын алғаш болып зерттеген ғалымдардың бірі, білікті профессор Сәуле Тапанова сынды тағы басқа көптеген тәжірибелі, ізденуден талмайтын оқытушылардың алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алу үстіндемін. Бұл – мен үшін үлкен бақыт. Онымен қоса білікті маман болып қалыптасуға да үлкен мүмкіндік.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – отандық және әлемдік білім беру кеңістігінде жыл сайын алға ілгерілеп келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі. Университет түлектерінің басым бөлігі жұмыспен қамтылады. Журналистика мамандығын тамамдаған түлектерге «Qazaqstan» және «Хабар» сияқты отандық мемлекеттік телеарналарда, радио және медиахолдингтерде, басқару органдары мен әкімдіктердің баспасөз хатшылығында жұмыс істеуге тиімді мүмкіндіктер қарастырылған.
Өндірістік тәжірибе кезеңінде жоғары дәрежелі мекемелерден практикадан өтуге мүмкіндік қарастырылған. Журналист болып қалыптасу үшін қаламың төселіп, жазу машығыңның болғаны маңызды. Ол үшін де жазу дағдысын меңгеруді өңірлік немесе жергілікті газеттердің редакциясынан үйренген дұрыс. Мен осы кезге дейін өзім туып-өскен Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің редакциясында тәжірибеден өтіп, сондағы білікті мамандардан үйреніп, тәлім-тәрбие алғаным университет тапсырмаларын еркін орындауыма мүмкіндік бергенін баса айтқым келеді.
Білім – таусылмайтын кеніш. Қазір білім іздеген талапты жастарға ізденуге қолайлы жағдайлар жасалған. Бойыңызда жаңашылықты игеруге бағытталған өзек болса болғаны. Сондай-ақ таңдаған мамандықтың қыр-сырымен етене таныс болған да артық етпейді.
Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегені қазір де өзектілігін жойған жоқ. Әрине, жастарға білімді болумен қатар, Отансүйгіштік және патриоттық сезімнің жоғары болғаны өте маңызды.
Түптеп келгенде, Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретіндегі басты міндет – халыққа адал қызмет етіп, өз еліңнің дамуына пайдаңды тигізу. Ел өркендеуінің негізгі кілті – өзгенің өзіңе деген сүйіспеншілігінен басталса керек. Бұл жолда талапты жастар мамандық таңдауды басты орынға қойып, осындай жауапты сәтте қателесуге әсте болмайды! Болашақтың бүгіннен басталатынын ұмытпайық!
Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
қазақ журналистикасы ББ-ның 3-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close