El іshі
Закира – жалпы тәжірибелік дәрігер
Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Закира Болысбай Қарасу ауылында туған. Қарасаздағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте білім алады. 2016 жылы Астана медициналық университетіне оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын былтыр аудандық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып бастады.
Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Закира Болысбай Қарасу ауылында туған. Қарасаздағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте білім алады. 2016 жылы Астана медициналық университетіне оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын былтыр аудандық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып бастады.
-Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығына бей-жай қарамауы керек. Аурудың алдын алу мемлекетіміз үшін де, тұрғындар үшін де маңызды. Дегенмен, өз денсаулығына салғырттық танытатын тұрғындар жоқ емес. Тұрғындар арасында скринигтік тексерулерге бірнеше шақырғаннан кейін әрең келетіндері бар. Осыны ескеріп учаскеге қарасты көшелерді аралап, түсіндірме жұмыстарын қолға алып жатырмыз, – дейді Закира Болысбай.
Электрондық денсаулық паспорты бойынша аудан тұрғындарының басым бөлігі базаға енгізілді. Қазір науқастар карточкасын арқалап, кабинет жағаламайды. Амбулаторлық картаның нөмерін айтып, тексерілуге мүмкіндік алды. Оған қоса, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде кешенді медициналық ақпараттық жүйесі іске қосылды. Әрі «Damu.med» мобильді қосымшасы енгізіліп, аудан тұрғындары үйде отырып-ақ дәрігердің қабылдауына жазылуды жақсы меңгеріп келе жатыр.
Жас маманның айтуынша, мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдауына жазылу немесе жедел жәрдем шақыртуға, жалпы тәжірибелік мамандар мен бейінді мамандарға электрондық кезек алуға мүмкіндік көп. Бұл – пациенттің әрі дәрігердің уақытын үнемдеудің тиімді жолы. Емханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Бағдарламада көрсетілгендей, жүйенің 10 тармағы бойынша тегін қызметтер көрсетілуде екен. Әсіресе егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар осы көмекке көбірек жүгінеді.
-Өкінішке орай, бізде салғырттыққа салынып, ауруды созып барып, дәрігердің алдына келеді. Сондықтан жергілікті тұрғындардан бөлек, аудан көлеміндегі өндіріс орындарында, вахталық жүйеде қызмет жасайтын қызметкерлер де ерікті түрде скринигтік тексерулерден өтіп тұрса, құба-құп болар еді, – дейді жас маман.
Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»