El іshі

Қолдағы бар азықты үнемдеп беруде

Жуалы өңірінде биылғы қыс малшы қауым үшін де, төрт түлік үшін де жайлы болып тұр. Алғашқы екі айда ара тұра қырбық қар түскені болмаса, қалың қар мен сақылдаған сары аяз әзірге байқалмайды.

Қызыларық ауылдық округі әкімі аппаратының мәліметіне қарағанда, округте биылғы мал қыстату науқанына 402 бас мүйізді ірі қара, 672 бас жылқы, 3 466 бас уақ мал түсіп отыр. Ауыл маңындағы және шалғай мал базаларына қысқы азық қоры негізінен жеткілікті көлемде жеткізілген.
Округке қарасты Алатау ауылындағы «Алатау» шаруа қожалығының мал базасы Бауыржан Момышұлы атындағы шекара заставасының маңындағы жазықта орын тепкен. Қыстақ басында малшылар үйі, жылқылар мен ұсақ малдар тұратын қоражайлар бар. Арық-тұрық малдар мен жаңа туған төлдерді күтімге алатын бөлек қоражай салынған.
Қожалықтың негізі 2003 жылы қаланған. Бастапқыда 50-60 гектар алқапқа ақ егіс сеуіп, 20-30 гектарға картоп егуден бастаған шаруашылық одан түскен табыстың бір бөлігін мал өсіруге жұмсады. Бертінде жер көлемін арттыра келе, мал басын көбейтуге, тұқымын асылдандыруға ден қоя бастады. Бүгінде шаруашылықта қой басы 1 700-ге жетіп отыр, оның 1100 басы асыл тұқымды Гиссар, қалғаны қазақтың еділбай тұқымды қойлары.
Шаруа қожалығының басшысы Нұрмұханбет Исақов екі-үш жылдан бері селекция жұмыстарына деген қызығушылығы артып, түрлі мекемелермен хабарласып, осы бағытты мықтап қолға алып отыр. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдаудың да септігі тиюде.
Қазір қожалықтың иелігінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 500 га жер бар. Оның 70 гектары суғармалы алқаптар, онда жоңышқа, картоп бапталады. Қалғаны тәлімі алқаптар. Ауа-райының құрғақ болуы салдарынан қысқы мал жем-шөп қорының жылдағыдан аз жиналды. 100 гектарға жуық алқаптағы арпаның басы комбайнға ілінбей, жиналмай қалды.
Шаруашылықта мал басы жыл санап көбейіп келеді. Қыстақта төрт түліктен ондаған бас сиыр мен 180 бас жылқы бағылуда. Мал қыстағында екі малшы отбасы тұрақты жұмыс жасайды. Жылқыға бірнеше жылдан бері Нұрмұханбеттің әпкесі Айсұлу мен жездесі Жолдыбек қараса, қойды Қарасаз ауылынан қойшы отбасы бағуда. Олардың тұратын үйлері жылы, жарық, тұрмыстары жайлы.
– Өткен жылы құрғақшылыққа байланысты қысқы жем-шөпті тиісті көлемде қамдай алмадық. Жем-шөп бағасы да қымбаттап кетті. 60 мажар сабан, 250 рулон құрғақ шөп, 7000 түк күріш сабанын дайындадық. Қыстың аяғы созылып, көктемнің кеш шығуы мүмкін. Сондықтан қолда бар жем-шөпті барынша үнемдеуіміз қажет. Қазір ауа-райының жылы мезгілін пайдаланып, өз аяғымен тебіндеп жайылатын жылқы мен ұсақ малды қыстақ маңындағы өріске айдап, бағудамыз, – дейді шаруашылық басшысының көмекшісі Сапарғали Исақов.
Мал базасында электр қуатын өндіретін күн батареялары орнатылған. Мал суатына су артезианнан келіп тұр. Артезианнан шыққан су сәл төменіректегі сай жерге жиналады.
Шаруашылықта шөп шабу, жер жырту, егін оруға, жинауға арналған техникалар саны жеткілікті.
– Төл алу науқаны таянған сайын аналық басқа қосымша азық берудің маңызы артып келеді. Қазір күйекке ерте түскен кей отарлардағы саулықтар төлдей бастады. Дегенмен, жаппай туыт маусымына наурыз айында кірісеміз. Оған күнібұрын дайындалып, қораларды бөлу, жылылау жұмыстары қолға алынуда. Сақпанға жергілікті тұрғындарды тартамыз, – дейді Сапарғали Исақов.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close