El іshі

Барлық мәселеде сергектік пен жанашырлық керек

Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылдық клубында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында халықпен кездесу өтті. Оған аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов пен аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Перизат Нүрпейісова және ауылдық округке қарасты ауыл тұрғындары қатысты.

Ақпараттық түсіндіру тобының мақсаты – Президент Жолдауын халыққа қарапайым тілмен түсіндіру және халықтың ұсыныс-тілектерін, мәселелерін тыңдап, билікке жеткізу.
Жолдауда Президентіміз бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген, халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келген қаңтардағы дүрбелең және оның салдары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты ашық айтты.
«Біз теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Осы ретте, бүлікшілер не үшін мұндай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы – айдан анық.
Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды.
Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымырасып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты» дейді Мемлекет басшысы.
Иә, халқымызда «Іштен шыққан жау жаман» деген нақыл сөз бар. Бұл жоғары лауазым иелерінің мемлекетімізге жасаған сатқындығы. Осының салдарынан Президентіміз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болды.
Осы күндерде халқымыз кез келген қауіп-қатерді жеңе алатын біртұтас ел екенін танытты.
Шын мәнінде, қаңтар оқиғалары мемлекеттілігіміз үшін зор сынақ болды. Теледидардан болып жатқан оқиғаларды көрген сайын жанымызды шүберекке түйіп, ертерек аяқталуын Алладан тіледік.
Осы жағдайлардан кейін Мемлекет басшысы саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес екенін айтып, аса қажетті міндеттерді айқындап берді.
«Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі, нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады» деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Президент Жаңа Қазақстанды құру жолында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алып, осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынды.
Оның біріншісі – Президенттің өкілеттігі туралы
Мұндағы түйін – Президентті тым көп өкілеттігінен айыру арқылы еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз ету.
Президент «Аmanat» партиясының съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартанынын мәлімдеді. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажеттігін айтты.
Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынатынын жеткізді.
«Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады» деді Президент.
Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырары сөзсіз.
Екіншісі – өкілді билік тармағын қайта құру.
Яғни, Президент өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру.
«Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелді. Олар мемлекетіміздің өркендету ісіне белсенді атсалысуға тиіс.
Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн» деді Президент. Жалпы Мемлекет басшысы айтқан өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі парламенттік мәдениетті жоғары және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.
Үшінші – Сайлау жүйесін жетілдіру.
Бұл жерде Президент барлық азаматтардың құқығы ескерілуі үшін аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Яғни, мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатынын, жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік беретінін баса айтты.
«Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы.
Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі деп сенемін» деді Мемлекет басшысы.
Ерекше тоқталып өтетін тағы бір бағыт Бұқаралық ақапарат құралдарына арналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ бәсекеге қабілетті және еркін болуы керектігін баса айтты.
«БАҚ билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек.
Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. БАҚ бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына айтып отырмын.
Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары БАҚ болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деді Президент.
Жалпы, БАҚ-ның мақсаты – мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды құжаттардың іске асырылуын ақпараттық қолдау, мемлекетіміздің ақпараттық кеңістігінің қалыптасуы мен нығаюына, еліміздің саяси тұрақтылығын, экономикалық жағынан шарықтап дамуын, әл-ауқатының айтарлықтай жақсаруын жан-жақты насихаттауға үлес қосу, халыққа шынайы ақпарат тарату, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізу. Сондықтан журналист барлық мәселеде сергек және Президентіміз айтқандай, елімізге, жерімізге деген шынайы жанашырлық қасиет болуы керек. Бұл – журналистік әрі перзенттік парызымыз.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы елімізде азаматтық белсенділікті жандандырумыз қажеттігін, яғни мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажеттігін баса айтты. Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.
Халықтың Жолдаудан күткен жаңалықтың бірі – еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру. Яғни, Президентіміз айтқандай, елімізден үш облыс құрылу арқылы сол аймақтар гүлденеді әрі қаншама жұмыс орындары ашылатын болады. Бұл бір жағы тарихымызға де құрмет. Қысқасы айта берсе, Жолдауда көптеген аса қажетті саяси реформалар айтылды.
Әрбір анаға, балаға, отбасына ел-жұртымыздың амандығы, тыныштығы керек.
Сондықтан Мемлекет басшысына сенім мен қолдау білдірейік. Әрбір ісімізді ақылмен, сабырмен, парасаттылықпен, ұстамдылықпен атқаруға міндеттіміз. Тәуелсіздігімізді сақтап, еліміздің дамуы жолында ұйысу, елімізді, жерімізді сүйіп, оны көркейту болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Әрқайсымыз отбасымызда саналы, иманды ұрпақ тәрбиелейік. Сөзден іске көшіп, өз жауапкершілігімізге сергектікпен қарайық. Жұмыста өз қызметімізді үлкен жауапкершілікпен атқаруымыз керек.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Әуесбекұлы Жолдаудың он бағытына қысқаша тоқтала келіп, ауыл тұрғындарына 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның бағыттарын түсіндірді. Сонымен бірге, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close