El іshі

Еңбекпен өткен күндер ұмытылмайды!

Сұрапыл соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі аз емес. Олар майданға аттанған солдаттардың ас-суын, киім-кешегін уақтылы жеткізумен қатар, ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей балалардың қамын қоса арқалап, тылда еңбек етті. Сондай жандардың бірі-Үрімбай Үсібалиев.
Мақала кейіпкері Үрімбай Үсібалиев бүгінде өзінен тараған жеті ұл-қызынан 47 немере сүйіп отырған ардагер. Ардагер өткен қиыншылықтардың қайтарымы ретінде қазіргі таңда балаларының ортасында өмір сүріп отырғанына шүкіршілік етеді. 102-ге келген қария балалық шағының алаңсыз күндерін ұрлаған сұм соғысты есіне де алғысы келмейді. Бүгінгі егеменді ел болып, бейбіт күнде ұрпағы өсіп-өніп отырғанын көріп, ел Тәуелсіздігінің баянды болуын аталық ақ жүрекпен тілейді.
Үрімбай ата 1922 жылы Қызтоған ауылында дүниеге келген. Әке-шешесінен он жасында жетім қалып, бар қиыншылық пен ауыртпашылықты бастан өткереді. Түлкібас ауылында әпкесінің қолына барып тәрбиеленіп, сонда оқып, оқу орнына түседі.
Күндіз-түні еңбекке араласады. Бұғанасы қатпаған бозбала жұмыстың ауырлығына қарамайды.
Еңбек ардагері Әбибамен үлкен өмірге қадам басып, отау құрады. Әбиба апа Түлкібас ауданының қызы болған. Жұбайы да тыл ардагері, соғыстан кейінгі ғұмырын ұстаздыққа арнаған.
Өмірін еңбекке, алаңсыз балалық шағын тынымсыз тіршілікке арнаған Үрімбай ата бар ғұмырын теміржол саласына арнап, абыройлы еңбек етіп, осы жерден зейнетке шығады.
Ардагер туған жері Жуалы ауданына оралуды аңсап, 2003 жылы Б.Момышұлы ауылында тұратын қызы Гүлдананың қолына көшіп келеді.
Қазіргі таңда ардагер тың, бірақ былтыр инсульт алып, салдарынан көп сөйлей алмайды екен. Барлық сұрағымызға қызы жауап қайтарып отырды. Ата басын изеп келіскенін білдірумен ғана болды.
Иә, осылайша ардагердің саналы ғұмыры бейнетпен өтті. Қаншама қиыншылықты бастан өткерді. Қария бүгінгі күніне шүкіршілік етеді. Талай баланы әкесіз, әйелді ер азаматсыз қалдырған соғыстың аты өшсін.
Соғыс балалардың тәтті ұйқысын мен күлікісін, балалық шақтарын ұрлады. Ойын ойнап асыр салып жүретін баланы өгіз айдатып, егістікке еңбекке салды. Қаншама ауыртпашылық мойындарына артылды. Осындай сұрапыл соғыс енді қайталанбасын.
Ардагерлердің көргенін бүгінгі, болашақ ұрпақ көрмесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, іргеміз бүтін болып, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын.
Бейбіт күннің қадірін білейік…
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close