El іshі

«Ауызсуды есептегіш құралы арқылы тұтыну тиімді»

дейді «Жуалы су» мекемесі бастығының өтім жөніндегі орынбасары Ғани Зерекбайұлы

Судың күнделікті тіршілік ресурсы ретінде маңызы баршаға белгілі. Осы ретте аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету, оны тұтынудың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жүктелген.

Мекеме бастығының өтім жөніндегі орынбасары Ғани Зерекбайұлының айтуына қарағанда, ауданда 2000 жылдан бері мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
– Біздің күнделікті тұтынып жүрген ауызсуымыз артезиан суы деп аталады. Артезиан суы жерден 150 метр тереңдіктен арнайы тепкілер арқылы жер бетіне шығарылады. Бұл сүзгіленген табиғи таза су. Жер бетіне шығарылғаннан кейін ол су қоймаларында тұндырылады. Бұл жерде механикалық түйіршіктерден тазартылады. Ең соңғы тазарту бактерицидтік тазалау деп аталады. Яғни ультракүлгін сәулелермен зарарсыздандыру жүргізіліп болғаннан кейін таза ауызсу су құбырларға түсіп, тұтынушыға жеткізіледі.
Ал біздің Жуалының суы өзі де таза, жұмсақ болып келеді, – дейді Ғани Зерекбайұлы.
Ауызсуды тұтыну саласында тұрғындар арасында түрлі мәселелер туындап жатады. Осы ретте, су құбырына қосылу, есептегіш құралдарды орнату тәртібі мен шарттарын нақтылай кетудің артығы болмас. Жалпы, ауызсуды пайдалану, оған төлем жасау, есептегіш құралға деген талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы №163 бұйрығында көрсетілген. Мекеме жұмысын осы нормативтік құжаттың аясында ұйымдастырады.
Ауызсуды қосу үшін үйдің иесі алдымен мекемеге келіп, техникалық шарт алуға өтініш береді. Әрі қарай үйді ауызсу құбырына қосу жөнінде жұмыс жасалады.
Әрбір тұтынушы үй ішілік су желісіне есептегіш құралды орнатуға міндетті. Ол Қазақстан Республикасының «Қуат көздерін үнемдеу туралы» Заңында белгіленген. Бірақ, бұл Заң шығардан бұрын су желісіне қосылған тұрғындардың басым көпшілігінде әлі де су есептегіш құрал қойылмаған. Кейінгі су желісіне қосылған тұтынушыларды есептегіш құралсыз қосуға рұқсат жоқ.
Есептегіш құралды қойғаннан кейін су тұтыну жария шарттың негізінде іске асады. Оның мәтіні ауданның ақпарат құралдарында жарияланады.
Кей тұрғындар ауызсуды өз бетінше қосып алып, мекемеге абонент ретінде тіркелмейді. Егер мұндай фактілер анықталса, оның қосылған күннен бергі тұтынған судың көлемі арнайы нормативпен есептеледі. Мәселен, диаметрі 15 мм құбыр сағатына 3 текше метр су алады. Енді оны 24 сағатқа, әрі қарай тұтына бастаған мезгілдің әр күніне көбейтіңіз. Бәрі жиыла келгенде қомақты қаражат шыға келеді.
Ал ауызсуды есептегіш құралмен пайдаланудың тиімді екені айтпаса да түсінікті. Мәселен, 4-5 адамы бар әр үй айына 7-8 текше метр су тұтынады. Ал орташа норматив бойынша адам басына 2500-3000 теңгеден төлейді. Орташа нормативке үйдегі су тұтынатын мал-жанның бәрі қосып есептеледі.
Ауданда 5537 абонент бар десек, оның ішінде су есептегіш құралымен қамтылғаны 3415, қалғандары орташа норматив бойынша тұтынады. Қазір ауданда жеке тұлғалар үшін белгіленген ауызсудың тарифі текше метріне 44 теңге 29 тиынды құрайды. Бұл облыс көлемінде ең арзан тариф (салыстыру үшін Меркіде 90 теңге, Құланда 220 теңге шамасында).
Былтыр 10 ауылда ауызсу құбыры пайдалануға беріліп, бүгінгі күнге 693 аула абонент ретінде тіркелген. Ендігі кезекте, Шақпақата, Ертай ауылдарындағы ауызсу құбырын қабылдап, тұрғындарды тіркеу қажет.
– Бір ескертетін жайт, су есептегіш құралын орналастыру мәселесі. Тұрғындар оны ауладағы құдыққа орналастырады. Бұл дұрыс. Алайда, құдықтың тереңдігі мен айналасы 1 метрден кем болмауы және есептегіш құрал жылылануы тиіс. Себебі, қыс айларында күн аяз болғанда, есептегіш құрал да сумен бірге қатып, жарылады, істен шығады. Бұл қосымша шығынға әкеледі.
Есептегіш құралға мекеме тарапынан пломба салынғаннан кейін оның бүтіндігіне, оның ақаусыз жұмыс істеуіне тұтынушы жауапты. Өйткені, пломба басылғаннан кейін есептігіш құрал коммерциялық есеп жасасу құралы ретінде пайдаланылады.
Тұрғындар арасында «су есептегіш құрал тұтынған су көлемін көп есептейді, көрсеткіші дұрыс емес» деген арыз-шағымдар кездесіп жатады. Осындай жағдай орын алғанда, себебін анықтау үшін тұтынушы мекемеге келіп, жазбаша өтініш жазады. Одан кейін мамандар үйге барып, есептегіш құралдың көп есептеу себебін анықтайды.
Көп есептеудің бір себебі, су құбырларындағы кранның бірінен су ағып жатуы мүмкін. Оған үйдің иесі мән бермей, есептегіш құралдың кінәсінен деп ойлайды. Есептегіш құралдың механикалық ақауынан көп есептелсе, су құбырынан келетін кран жабылғанда есептегіш құрал жұмыс істемеуі керек. Кранды ашқан кезде есептегіш құралдың көрсеткіш дискілері айналса, үйдің бір тұсынан су ағып тұр деген сөз. Алдымен осыған мұқият болу керек.
– Тұтынған суға төлем жасау мәселесіне де айрықша тоқтала кеткен жөн. Қазір әр аймақта мекеменің бақылаушылары жұмыс істейді. Тұтынушы есептегіш құралға қарап, бақылаушыға тұтынған су көлемін хабарлауы тиіс. Бұл көрсеткіш негізінде абоненттің төлемі болып есептеледі.
Ауызсудың төлемі ай сайын үйге келетін табиғи газ түбіртегіне енгізілген. Бір ескеретіні, ауызсудың төлемі астында «за холодную воду и канализацию» деп бөлек көрсетіліп тұрады. Төлемді екінші деңгейдегі банк мекемесіне барып, қолма-қол төлеуіне, сонымен қатар «Каспий» банктің немесе Халық банкінің мобильді қосымшаларына кіріп, сол арқылы төлеуіне және мекеменің кассасына келіп төлеуге болады.
Осы және басқа да туындаған сұрақтарға жауап алу үшін кез келген тұрғын мекеменің 2-02-54 телефонына хабарласуына болады. Тағы да қайталап айтамын, егер есептегіш құрал көп есептеп кеткен, немесе бұзылып қалған жағдайда абонент мекемеге жазбаша түрде арыз беруі тиіс. Барлық іс-әрекеттер осы арыздың негізінде жасалады, – дейді мекеме бастығының өтім жөніндегі орынбасары Ғани Зерекбайұлы.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close