El іshі

Рысбек батыр ауылына газ кіргізіледі

Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев округке қарасты Рысбек батыр ауылының тұрғындары алдында аймақта 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін берді. Есептік кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов қатысты.

Жиналысты ашып, есептік баяндама жасаған Бауыржан Абдалиев бірден өткен жылы өңірде атқарылған жұмыстарға ойысты. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық округтің Ертай және Көлтоған ауылдарында кварталішілік газ кіргізу және ауыз су құбырын тарту жұмыстары толық аяқталған. Нәтижесінде Ертай ауылындағы 127 ауланың 40-на табиғи газ және 120-сына таза ауыз су берілген. Округ орталығы – Көлтоған ауылындағы 242 аула сапалы ауызсуға қол жеткізген.
Ауылдық округ аумағы арқылы облыстық мәндегі Бауыржан Момышұлы-Қызтоған бағытындағы автомобиль жолының 13 шақырымы өтіп жатыр. Баяндамаға сенсек, осы аталған автожолдың алты шақырымы жөнделген. Жалпы құны 328,0 млн. теңгені құрайтын жоба 2022 жылға өтпелі. Тапсырыс беруші облыстық автомобиль жолдары басқармасы, мердігер «АрсикоСтройИнет» ЖШС. 2022 жылы қалған жеті шақырымы жөнделмек.
Ауылдық округке қарасты Көлтоған, Ертай және Рысбек батыр ауылдарындағы 16 көшедегі 458 аулаға QR коды мен нөмері бар көше атауларының аншлагтары жасалып, ілінсе, Рысбек батыр ауылындағы Оралбек Ауғанбаев көшесіне жарық шамдар орнатылған. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша Көлтоған ауылының тұрғынына үйі өртенуіне байланысты, көпшіліктің көмегімен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Есептік баяндамада 2022 жылы атқарылатын жұмыстар да назардан тыс қалмады.
Жер асты және табиғи су көздерін тиімді пайдалану мақсатында Ертай ауылындағы «Шіркей» тоғанын механикалық тазалаудан өткізу, орта жөндеу және айналасын абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, облыстық және аудандық бюджетке сұраныс берілген.
Рысбек батыр ауылындағы ауызсу жүйесінің құрылысының ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алынған, жоба құны шамамен 374,0 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар Рысбек батыр ауылына кварталішілік газ құбырларын жүргізу үшін 44 087,0 мың теңгеге облыстық энергетика басқармасына бюджеттік сұраныс беріліп, қаржыландыру қолдау тапты. Бұйырса, биыл ауыл тұрғындары табиғи газды пайдаланатын болады.
Жергілікті қоғамдастықтың ұсынуымен аудандық бюджеттен Көлтоған ауылындағы Рысбек батыр көшесін орта жөндеу құны 9 500,0 мың теңге, Б.Момышұлы көшесін орта жөндеуге 10 514,0 мың теңге және Әмір көшесін орта жөндеуге 9 500,0 мың теңгеге ЖСҚ-лары әзірленіп, бюджетке сұраныс берілді. Сондай-ақ Көлтоған ауылындағы Төле би, Абай, Б.Момышұлы, Рысбек батыр, Әмір және Сейділда көшелерін жарықтандыруға 22 342,0 мың теңгеге ЖСҚ әзірленіп, бюджетке сұраныс берілген.
Рысбек батыр ауылында шағын футбол алаңы мен «Street Workout» спорт алаңшасы құрылысына 13 527,0 мың теңгеге ЖСҚ әзірленіп, бюджетке сұраныс берілген.
Ауыл тұрғыны Нұрила Мақашова округте атқарылған істерді қанағаттанарлық деп бағалады. «Дегенмен алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар бар, ауылдан клуб және кітапхана секілді мәдениет ошақтарын ашу қажет» деген ұсынысын айтты.
Асқар Сопбеков жол жөнделетін болса, жолдың бойындағы көпірлерді де жөндеу қажеттігін еске салды. Ауыл әкімі аталған объектінің облыстық мәндегі жолға жататынын, сондықтан аудан әкімдігінің бейінді бөліміне сұраныс хат жолданатындығын айтты.
Тұрғындар газды үйлерге кіргізу бағасына, жайылымдардың тапшылығы, электр жарығының жиі өшетіні мәселесіне қатысты сұрақтарын қойды. Бауыржан Абдалиев жиында айтылған ұсыныстар мен ескертпелердің іс-шаралар жоспарына енгізіліп, орындалу барысына жүйелі бақылау жасалатынын айтты.
Рысбек батыр ауылының тұрғындарымен өткен есептік кездесу барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ауылда әлеуметтік объектілерді салу мәселесін мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы шешуге болатынын еске салды. «Ол үшін тұрғындар бұл объектінің салынатын жерді таңдауы қажет. Одан кейін осы объектілерді салған кезде құрылыс нормативтері талаптарының сақталуы басты назарда болуы керек» деді.
Жиын соңында тұрғындар ауылдық округ әкімінің бір жыл ішінде атқарған жұмысына оң баға берді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close