El іshі
Көктемнің әр күні – жылға азық
Көктем шуағы еніп, жер сызы кетісімен дала төсінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталады. Бұл – күзде орғанын кәдеге жаратқан егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, қайнаған қызу еңбектің қызатын шағы. Егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу жұмыстары рет-ретімен жасалып, мол өнім алуға бағыт ұсталады.
Аудан аумағындағы көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бізге берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, өңірде асыраушы салаға 216 306 гектар жер тиесілі. Оның ішінде 95 449 гектар егістікті құрайды. Аймақта 8 707,5 гектар суармалы жер болса, 8 460 гектар суармалы егістік саналады. Сонымен қатар, 2 046 гектар шабындық, 109 439 гектар жайылым , 265 гектар көпжылдық екпелер және 2 128 гектар басқа да жерлер бар.
Өткен жылы ауданда 59 020 гектарға дақылдар егілсе, биыл егістік көлемі артып, 59 079 гектар алқапқа дақылдар егу жоспарлануда. Оның ішінде, ағымдағы жылдың өніміне 28 674 гектарға арпа себу межеленуде. Сонымен қатар, 3 700 гектарда көпжылдық шөп орналасса, 22 100 гектарға майлы дақылдар, 2660 гектарға картоп, 730 гектарға көкөніс, бау бақша өнімдерін егу жоспарлануда. Сондай-ақ, шаруалар, 340 гектарға дәндік жүгері, 870 гектарға сүрлемдік жүгері сеуіп, 5 гектарға танқурай, құлпынай отырғызуды жоспарлауда.
Ауданда Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің шаруа қожалықтары көктемгі дала жұмыстарын бастап, бүгінгі күнге 280 гектар жер жыртып, 265 гектар жер дайындалған, 198 гектарға дән себілген.
Егістік жерлер дайын болғанда оған себетін тұқым да әзір болуы керек. Осы ретте, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл себілетін 4 874 тонна жаздық арпа тұқымы және 440 тонна майлы дақылдар тұқымы дайын. Жетіспейтін тұқымды «Сансызбай» шаруа қожалығы ережеге сәйкес, 20 тонна жоғары репродукциялы тұқымын ғылыми зерттеу институттарынан алуды жоспарлауда. Картоп дақылына қажетті 7980 тонна тұқым да әзірленген. Жүгері тұқымдары «Жер Агро» компаниясы өкілдерімен келісіліп, көктем айында қажеттілікке байланысты қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
«Орақшы – бір кісі, комбайн – мың кісі». Иә, қазір техниканың күшімен адам жасар күндік жұмысты аз уақытта бітіруге болады. Арнайы құрылғылары бар техникалар барлық жұмысты тындырып алуға тиімді. Осы ретте, ауданда көктемгі дала жұмыстарына қажетті 110 дана дән сепкіш, 165 дана соқа, 97 дана культиватор, 12 дана дән улағыш, 193 дана жүк көлігі сақадай-сай дайын тұр.
Биылғы көктемгі-күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген дизель отынын тарату қызметтерін «Ақ қайың» ЖШС атқарады. Барлығы 2405 тонна бөлінген. Көктемгі дала жұмыстарына жоспар бойынша 1300 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп отыр. Ақпан айына 325 тонна бөлініп, бүгінгі күнге қаражат толығымен аударылып, 291,3 тонна алынған. 203,0 тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге таратылуда, бағасы 1 литр жанар-жағар майы 194 теңге.
Биыл 5400 тонна минералды тыңайтқыш алу жоспарланған. Бүгінгі күнге 12 шаруа қожалық 150 тонна Аммофос минералды тыңайтқыштарын алған. Ал, 12 шаруашылық 210 тонна Аммиакты селитра алу үшін келісімшарттарын дайындауда. «Қаз Азот» компаниясы ауданға қажетті Аммиакты селитра минералды тыңайтқыштарын аудан орталығындағы астық сақтау қоймасына жинап қойған. Бүгінгі күнге қоймада 1100 тонна селитра бар екен.
Сонымен қатар, мамандардың айтуынша, жақында ауданда үш шаруашылық 200 гектарға арналған төрт дана жаңбырлатып суғару қондырғысын орнатуды бастайды. Үстіміздегі жылы төрт шаруашылық тамшылатып суғару қондырғысын орнатуды жоспарлауда. «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 100 гектарға сүрлемдік және дәндік жүгеріні тамшылатып суғару қондырғыларын пайдаланып егу үшін жоба жасауда. Үш жерден ұңғыма қазуды жақын арада бастауды межелеуде. Одан басқа, 1-5 гектар аралығында жеке қосалқы шаруашылықтарға тамшылатып суғару қондырғыларын орнату үшін түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Биыл барлық ауылдық округтерде субсидия, тыңайтқыштар, техникалар және су өнемдеу технологияларын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, сүрлемдік жүгері егетін 41 шаруашылықтың тізімі қалыптастырылған.
Сондай-ақ, биыл ауылдық округтерде сүрлемдік жүгері егістігін 2100 гектарға көбейту жоспарланған. 32 шаруа қожалық 500 гектарға сүрлемді жүгері егуді межелеуде. Тұрғындарды сүрлемдік жүгерімен қамтамасыз ету үшін Ақтөбе ауылдық округіндегі «Атамекен-Бастау» АШӨК 30 гектарға және Ақсай ауылдық округіндегі «Жуалы-2020» АШӨК 200 гектарға, оның ішінде 50 гектарға сүрлемдік жүгері егуді жоспарлап отыр.
Көктемнің алғашқы күндерінен бастап жауған жаңбыр тоқтаса ауданның шаруалары көктемгі дала жұмыстарына бірден кірісуге ниетті. «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді», демекші, тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, қызу тірлікке араласуға сақадай-сай дайын тұр.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»