El іshі

Өз ісінің шебері

Әр мамандықтың өзіндік орындайтын міндеттері болады. Шаштараз – үлкен шыдамдылық пен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Адамның бет-бейнесін әспеттеп, көркем көрсететін шаштараз қызметіне жүгінбейтін адам жоқ. Сондықтан ол қашанда үлкен сұранысқа ие.
Мамандықтың қыр-сырын толық меңгерген Нұрбала Егембердиеваның еңбегін ерекше айтуға болады.
Шаштараз Нұрбаланы өз ісінің шебері десек артық айтпаймыз. Сондықтан да болар, оның қызметіне жүгінушілер көп.
Нұрбала Медеубекқызының аудандық орталық аурухананың жанында орналасқан «Диана» сән салонында жұмыс істеп жатқанына 20 жылдың жүзі болып қалыпты. Салонға кірсеңіз, іші ұядай жинақы. Ол жерге қашан барсаңызда кезекте отырған адамның қарасы мол.
-Шаш қиюға бала кезімнен құмар болдым. Маған әйелдердің шашына қарағанда ер адамдардың шашын қиған оңай сияқты.
Өздеріңіз білетіндей, әр шаштараздың өз орны мен құралдар жиынтығы болады. Құралдарды күнделікті тазартып, келесі кісіге дайындаймын. Келген кісі жұмысыма ризашылығын айтып жатқанын естіп, мамандығыма деген құлшынысым арта түседі. Күніне орта есеппен жиырмаға жуық адам келеді. Демалыс, каникул уақыты болғанда шашын алдыратын балалар көп келеді. Шашын қидыратындар әртүрлі жастағылар.
Халықпен жұмыс жасау қызық әрі жауапкершілігі жоғары. Шаштараз болу оңай емес. Тұтынушылардың көңілінен шығу үшін көп еңбектену керек. Күндіз-түні ізденуге тура келеді. Өйткені сән саласында күнде бір жаңалық шығады. Шаш қидырудың сан түрлі тәсілін оқып, үйреніп отырмасаң, сәннен қалып қоясың. Әрбір тұтынушының көңілінен шығу, оның жасына, бет-әлпетіне сай шаш үлгісін жасау тәжірибені қажет етеді. Адам арманға жету жолында шын ықыласымен кіріссе, мақсатына жетері хақ. Қызмет құным қолжетімді бағада. Мамандығыңды жақсы көрсең мұның барлығын оңай еңсеруге болады,- дейді тәжірибелі маман әңгімесінде.
Нұрбала Егембердиеваның қазіргі таңда өз шәкірттері бар. Ол бар білгенін біреуге үйретуден жалықпаған. Өзі де бұл мамандықты осы жақта жұмыс істеген Қасымхан деген шаштаразшыдан үйренген екен. Әрі қарай осы мамандық бойынша курстарға қатысып, көптеген тәжірибелі шаштаразшыдан тәжірибе жинақтайды. Бұл жинақтаған тәжірибесі жұмысында үлкен көмек болған. Кейіпкеріміз тек қана ерлердің шашын қияды.
Ораза айында Нұрбала Медеубекқызы көпбалалы, жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандардың шашын бір ай тегін қияды екен. Басқа айларда да бұл үрдісті қасиетті жұма сайын қайталап отырады. Бұл да болса үлкен сауап іс.
Қазір еңбектің заманы. Бейқамдық танытуға болмайды. Қоғамда жұмыссыздықты желеу етіп, сең соққан балықтай сенделіп жүрген жастар көп. Кез келген адамның өз хоббиі болады. Сол мүмкіндікті пайдалана білсең болғаны. Табысқа жеткен, кәсібін дөңгелеткен адамдар жетістікке бір күнде жеткен жоқ. Оның астарында ерен еңбектің табы жатыр. Олардың табысты болуының сыры еңбекте, төзімділікте, мақсат қоя білуін де. Өйткені, «Еңбек ер атандырады» деген уәлі сөз бекер айтылмаған. Біздің кейіпкеріміздің шаштараз салоны әрқашанда тұтынушыға толы болады. Оның себебі сапалы қызметіне жас та, қарт та дән риза.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close