El іshі

Кітап оқуға баулу – ұрпақ үшін де, ұлт үшін де маңызды

Кітап – асыл қазына. Кітапхана – ғасырлар бойы келе жатқан шырағы биік парасат пен білімнің киелі шаңырағы. Бізде де руханият ордасы – аудандық балалар кітапханасы бар. Кітапхананың дамуы, өсіп-өркендеу тарихы 1960 жылдан бастау алған.
Балалар кітапханасы ұядай шаңырақ. Кіреберісте бірінен бірі өткен көзтартар кітаптар қаз-қатар тізіліп тұр. Кітапхананың кітап қоры – 13 055 дана. Оның 6 971 данасы қазақ тілінде. Бізді ауылдық балалар кітапханасының тыныс-тіршілігімен оқу залының кітапханашысы Гүлнұр Егеубаева таныстырды.
– Қазіргі таңда кітапханада 2 270 оқырманымыз бар. Орталықта балалармен түрлі іс-шаралар, акция-жарнама ұйымдастырылады. Әрбір ата-ана өз балаларының жақсы оқып, білімді болғанын қалайды. Кітап оқуға деген құмарлығын арттырып, рухани жан дүниесін байытуға атсалысады. Балалардың рухани байлығын арттырудың сан түрлі жолы бар. Сол жолдың бірі – шығармашылық тәрбие. Қазіргі ата-ана жұмыс басты, ал балалар телефонға телмірген деп жатады. Негізінде бұл пікірмен толық келіспеймін. Себебі, көптеген ата-ана бізге баласын өздері алып келіп, бірге кітап таңдайды. Кейбір әкелер үйлеріне ертегі кітаптарды алып кетіп, отбасымен бірге оқиды. Жалпы қазіргі буынның, әсіресе балалардың кітапқа деген қызығушылығы жоғары.
Балалар кітапханасының кітапханашылары жаздыгүні мектеп жанындағы лагерьлерге қызықты кітаптар алып барды және олар бізге саяхаттауға келеді. Әсіресе, аудан орталығындағы мектеп-гимназиялар мен №1,5 бөбекжай-балабақшамен тығыз байланыстамыз, – дейді кітапханашы.
Кітапханашының айтуынша, қазіргі балалар комикс, психологиялық және шытырман оқиғалары мен шетел әдебиеттерін сүйіп оқиды екен. Бұл жерде балалардың ой-өрісін дамытуға арналған кітаптар да жетерлік. Балалар кітапханасында өткен ауқымды іс-шараның бірі – балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 толуына орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы. Кітапханадан бастау алған акция қазіргі таңда барлық ауылдық округтердегі кітапханаларда жалғасын табуда.
Сонымен қатар кітапханада мектеп оқушылары арасында «Жас өлкетанушылар» мен «Рауан» клуб үйірмелері жұмыс жасайды.
-Оқырмандардың рухани жан дүниесін байыту үшін «Бұлақ көрсең көзін аш, сусыныңды қандырар» – деген халық нақылын ескеріп, іс-шараларды түрлендіріп отыруға тырысамыз.
Кітапхананың болашағы әрине оқырмандарымен байланысты,- дейді балалар кітапханасының кітапханашысы.
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз»,-деген болатын. Абай атамыз айтқандай, «Артық білім – кітапта». Сондықтан баланы кітап оқуға баулу – ұрпақ үшін де, ұлт үшін де маңызды.

Баян Тұрсынқұлқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close