El іshі

Балық шаруашылығы – берекелі кәсіп

Агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы – балық шаруашылығы. Тірліктің көзін тапқан адамға балық шаруашылығы да берекесі мол кәсіптің түрі.
Бір балықтың өзінен алуан түрлі өнім алуға болады. Бұл өз кезегінде балықтан несібе тапқысы келетін жанның тірлігін дамытуға таптырмас зор мүмкіндік.

«Мал баққанға бітеді» дегендей, балық та баптауды қажет етеді. Біздің ауданымызда да балық өсіруге мүмкіндіктер көп. Алайда жергілікті халықтың негізгі күнкөрісі мен табыс көзі мал және егін шаруашылығы болғандықтан, өңірде балық өсіруге ден қойып жатқан шаруашылықтар саусақпен санарлық деп айтуға болады.
Ауданымызда алғашқылардың бірі болып жеке кәсіпкер Көлбастау ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Мырзатаев форель балығын өсіруді қолға алып отыр. Қашанда сабақты иненің де бір сәті бар емес па? Шаруа азамат балық шаруашылығын дамытуды осы жылдан бастап, қолға алған. Бұл кәсіпке ден қойған кәсіпкер үйінің қасынан тоғанға 2 бассейн салып, оған форель балығын 5 грамдық шабақтарын жіберген. Шымкент қаласынан екі мыңға жуық форель балығын әкелген.
Нұрсұлтан Мырзатаев артезиан суынан жиналған 1 бассейнде екі мыңға жуық балықтан күзді күні 2 тонна болатын форель шабағын өсіруде. Бұл шаруамен айналысу үшін бас-аяғы 4 млн тенге қаржы жұмсалған.
– Балық шаруашылығын қолға алғаныма төрт ай болды. Бұған дейін өзім кәсіпкерлікпен айалысқанмын, аудандағы «Цифровизация» бөлімінің басшысы болғанмын, егін және мал шаруашылығымен айналысып келемін. Енді, міне, отбасыммен ақылдаса келе, балық өсіруге бел будық,- дейді кәсіпкер.
Мал және егін шаруашылығымен қатар балық өсіруді қолға алып отырған кәсіпкер бұл саладан аздап хабары болғанын, алайда балықты қолда өсірумен бұрын айналыспағанын жеткізді.
Тәжірибенің жоқтығынан алғашқыда шабақтардың бабын таппай, бірнеше жүздеген данасын өлтіріп алған кездері де болған. Барлық жұмыстың нәтижесі тәжірибемен келеді емес па? Қазіргі таңда өзінің табандылығы мен іскерлігінің арқасында бұл саланың қыр-сырына қанығып, балықтың бабын тауып отырған еңбекқор азамат. Нұрсұлтанның бастамасына жергілікті билік те қолдау білдіріпті. Ерекше айтар болсақ, жеке кәсіпкер аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязовтың көп көмегі тигенін, сонымен қоса Мыңбұлақ және Ақсай ауылдық округ әкімдері Алмаз Рахмашов пен Мақсат Мәтенов үнемі ақыл-кеңесімен бөлісіп отыратынын аса зор ризашылықпен жеткізді.
– Форель ерекше күтімді қажет етеді. Жер бетіндегі 20-дан астам ауру түрі балықта кездесер болса, форель соның бәрімен ауырады. Сондықтан да судың тазалығы басты орында. Яғни, бассейнге келіп жатқан су бір жағынан құйылып жатса, екінші жағынан арна қуалап ағып кетеді. Тіпті, балықтар жүзіп жүрген бассейн суына қол салуға болмайды. Осылайша су тоқтаусыз тазаланып тұрады. Шабақтар қысқа мерзімде өсіп жетілсе, күзде сатылымға шығаруға жарап қалады,-дейді Нұрсұлтан Мырзатаев өз сөзінде.
Қазіргі таңда ең кіші шабақтың салмағы 20 грамм болса, болашақта үлкені 3,5 келіге дейін барады. Балыққа күнделікті төрт мезгіл жем беріледі. 1 кг жемнің бағасы 1250 теңге. Алла қаласа күзге қарай өсіріп отырған форель балығының келісін 3000 теңгеден нарыққа шығаратын болады.
-Менің мақсатым-ауданды пайдалы балықпен қамтамасыз ету және кафе ашу. Кез келген сәтте тұрғындар осында өздері келіп, қалағанынша балық аулап, оны кафеде пісіріп жеуге мүмкіндігі болады, – дейді кәсіпкер.
Ауданда алғаш рет қолға алынғалы жатқан бұл бастамаға біз де қуандық. Тұрғындар бір мезгіл судың жағасында отбасымен демалуға мүмкіндігі бар.
-Алдағы уақытта бекіре балығын алып келіп, өсіріп, оны дамытқым келеді. Сонда өзіміздің ауданда икра шығатын болады. Әкімдіктен жер сұрап, өтініш тастап қойдым, қолдау болып жатса, жоспарымды іске асырамын деген ойдамын,-дейді Нұрсұлтан Сыйқымбекұлы.
Балық шаруашылығы ел экономикасының негізгі бағыттарының біріне айналуы керек. Осы байлығымыздан түрлі өнімдер өндіріп, нарыққа шығару – кәсіптің түрін дамытып қана қоймай, жаңа белестерге жол ашатынына тағы бір мәрте көзіміз жетіп отыр. Керек кәсіпті қолға алып, елге қызмет етуді көздеген еңбекқор азаматқа біз де сәттілік тіледік.

Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close