El іshі

Құмай тазы – түз ырысы

Көшпелі бабамыз жаз жайлауды той-думандатып өткізсе, қысқы күнде ит жүгіртіп, құс салып саятшылық құрған.
Сөйтіп, аңға салатын құстарды, мінетін атты – жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар деп ерекше қасиеттерімен атаған. Осындағы құмай тазының қасиетіне тоқталсақ…
Тазының ең жүйрігін, аң алғыш, ұшқырын құмай, құмай тазы деп атайды. Халқымыз тазының ең күштісіне, жүйрігіне «нағыз құмай екен, қанатты құмай екен» деген секілді мадақ сөздер айтқан, оның ерекше қабілеттеріне сүйсінген. Өз бойына біткен ептілік, жылдамдық, әдісқойлық, түлкі-қоянды құйындай соғатын, тіпті арқарға, қасқырға шабатын қасиеттердің бәрі құмайға тән. Құмай тазы өзінің ізшілдігімен, желмен жарысқан жүйріктігімен, сұлу мүсінімен өз аталастарының ішіндегі сырттаны, төресі деп есептелген.

Қазақы құмай тазының қадірін, қасиетін Қайрат ауылының азаматы Ардақ Бектұрғанов жақсы біледі. Оның тазыны жүгіртуге деген әуестігі 16 жасынан бастап пайда болып, ең алғаш “Тұйғын” атты тазыны баптайды. Әкесінің қарсылығына қарамай, жақын досынан тазының күшіктерін алып, төбетінің бауырына салады.
Ол күшік тазысын иттерге талатпай, жанынан тастамай өсіреді. Кейіннен “Тұйғын” құмай тазысы бір жастан асқан соң батыр, жүйрік, өжет болып шығады. Ауылдағы жігіттермен тазы жүгірткен кезде ол оқ бойы оза шығып, жүйрік тазы атанады. Міне, сол уақыттан бері тазының түр-түрін баптап, қазіргі таңда қызыл қасқа және ақ тазыны ұстауда. “Ұшар” және “Сарыбай” есімді тазыларының бірі тоғыз айлық болса, бірі үш жасар.
Ардақ аға жасы елуге таяса да әлі күнге дейін тазы жүгіртіп, аң аулап, саясатшылықпен айналысады. Тазыларды да ерекше күтіп-баптауды біледі. Ауыл азаматтарымен бірге тазы жүгірту дәстүрін жаңғыртып, бос уақытында тазының жүйріктігін тексеріп отырады. “Жуалы – құмай тазы” деген Whatsapp желісіндегі топта саятшылар ақылдасып, қазақы тазыларды жүгіртуге бірге шығады. Тазының ерекшелігі, оның түрлері барлығы осы топта айтылады екен.
– Тазыны түр-тұлғасына, түсіне қарап ажыратуға болады. Ала немесе тарғыл болса ол таза тазы емес деген сөз. Ондай тазылар көбіне төбетпен будандастырудан шығады. Таза тазының түсі біркелкі болады. Арасында қасқа түсті тазылар да кездеседі. Таза тазының құйрығы жамбасындағы шашағына жетіп тұрады.
Қазақы тазының қасиеті көп. Жүгіретін тазы шүйделі, аяқты, бұлшықеттері бұлым-бұлым, қабырғалы келеді. Қазақы тазы шашаққұлақты және жарғақ құлақты болады. Жарғақ құлақты тазының құлағында шашақ болмайды. Кейбір адамдар тазының шүйдесіне, бұлшықеттеріне, көзіне қарап таңдайды. Көбісі көк қасқаға құмар болады. Өзіме тазының мүсіні ұнаса, қаны таза болса, бірден сатып аламын. Қазақы тазылар ауа райына бейім болады. Біздің өңірдің тазыларының жүні жылтыр келеді.
Ата-бабаларымыз тазыны бекерге текті деп атамаған ғой. Тазының тектілігі – тазалығында. «Итің жаман» десе өкпелеген қазақпыз ғой. Халқымыз иттің ішінде тазыны қасына ертіп, жақын ұстауының себебі де тегіннен-тегін емес. Тазы мен бүркіттің бір қасиеті ащы су ұрттаған, темекі тартқан адамның қасына келмейді. Сондай бір жағымсыз заттың иісін сезсе болды, алыстан орағытып, қашып, жаныңа жоламайды. Сондықтан да шығар, саятшылық өнерді бекзат өнер деп атайтындығымыз. Саятшылық адам жанының тазалығын талап етеді, – дейді Ардақ Кеңесұлы.
Оның айтуынша, құмай тазы егесіне қарап, әрекет етіп, жүйріктігімен көздеген аңына шабады екен. Тазылар көбінесе, түлкіні, қоянды, кейде шибөрілерді, кейде арқарды, қасқырды да аулайды.
Бұлардың күтімі де ерекше. Ардақ аға оларға таза ет пен күніне бір мезгіл ыстық тамақ береді. Кезінде ата-бабамыз тазыны үйде ұстаған екен. Ал, ол тазыларын жылқының қасында ұстайды. Олар көбінесе бос жүреді. Қарлы, аязды күндері тазыларды бір жерде қамап ұстау отыру мүмкін емес екен.
– Тазының ерекшелігі оның тәрбиесіне байланысты. Күйі жақсы болған сайын көздері ашылады. Жастайынан тамағы тоқ болса, өскенде егесінің қас-қабағына қарап, әрекет етеді. Адамның жанын түсінеді. Олар кербез болады. Тамақты көп жей бермейді. Қазақы құмай тазылар тамақты талғап жейді. Жақсы тазы 7-8 жасқа дейін жүгіреді. Жүгіріп жүрген тазы тез қартаяды. Қазіргі таңда барлығы заманауилыққа қарай бет бұрған ғой. Сол себепті, саятшылар тазыларға дәрі-дәрмегін беріп отырады, – дейді Ардақ Кеңесұлы.
Ол тек саятшы ғана емес ат баптап, көкпар тартады. “Сарыгүл” есімді қаражал атымен құмай тазыларын ертіп, оларды жүгіртіп, бір демалыс күнін өткізеді. Әкесінің ізімен кішкентай ғана ұлы Аңсар да жүргісі келеді. Бала күнінен ол да құмай тазыны жүгіртуге әуестеніп, әкесінің жанынан қалмайды екен. Осындай бекзат өнерді насихаттап отырған Ардақ аға жұбайы Сабира Мамыралиева екеуі үш қыз, бір ұлды тәрбиелеп отыр.
Ардақ Кеңесұлы “жастарымыз бос уақыттарын тиімді пайдаланып, қазақтың ұлттық ата дәстүрімен тәбиеленсе, ұлттық құндылықтар қайта жаңғырса, нұр үстіне нұр болар еді” дейді.
Иә, бүгінгі таңда бұл өнерді дамытып, қазақы құмай тазылардың “қызыл кітапқа” еніп кетпей тұрғанында, ата дәстүрімізді қайта қолға алу керек. Сонда жастарымыз да пайдалы іспен айналысып, ұлттық өнермен сусындар еді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close