El іshі
Бірлік пен береке орнаған Әбдірашовтар жанұясы
«Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деп ақын, ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, әр отбасындағы балаға берілген жақсы тәлім-тәрбие оның жақсы тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Яғни, отбасындағы өзара сыйластық, ынтымақ, сүйіспеншілік пен адамгершілік, тағы да басқа адами жоғары қасиеттерге ие жандар бақытты жанұяның біріне айналады. Мұндай ата-бабамыздан қанымызға сіңген жақсы қасиеттер әр жанұядан табылса, еліміздің көсегесі көгеретіні даусыз.
Отбасы бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекерге айтылмаса керек. Адам баласы өмірді отбасы арқылы таниды. Ең маңызды балалық танымды жанұядан алады. Отбасы – адамның рухани құндылықты бойына сіңіретін ортасы. Көлбастау ауылында бірлігі мен ынтымағы жарасқан, тәрбиелі де саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген Әбдірашовтар жанұясы тұрады.
Бұл жанұяның отағасы Едіге Әбдірашов Қайрат ауылында туып-өскен. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген оның әкесі Мәттәй – Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Ардагер соғыстан жараланып келіп, ауылда пошташы болып жұмыс істеген. Бір аяғы жоқ болса да, жұмыстан берілген атқа мініп, оқырмандарға сүйікті газет-журналдарын уақтылы жеткізіп отырған.
Өнегелі әрі еңбекқор отбасында тәрбие алған бозбала Едіге мектепті тамамдаған соң, Луговой мал-дәрігерлік техникумына оқуға түседі. Техникумда оқып жүргенде 1970-1972 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын Моңғолияда өтейді. Әскерден келгеннен кейін Луговой мал-дәрігерлік техникумындағы оқуын қайта жалғастырып, ветеринариялық фельдшер мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын бұрынғы Ленин колхозында жұмысшы болып бастайды.
Еңбекпен шыңдалған ол 1975 жылы сарыкемерлік Замира Сүйінбаевамен отау құрады.
Одан кейін ол аудандық мал дәрігерлік инспекциясында, «Большевик» колхозында, сүт-алу пунктте сүтті есептеуші, кейін меңгеруші болып жұмыс істеген. Сонымен қатар, қой фермасында колхоз тарағанша меңгеруші болған. 1992 жылы колхоз тараған соң кооперативтер құрыла бастады. Кейіпкеріміз сонда мал дәрігері болып жұмыс істейді. Кооперативтер жабылған соң, 2007 жылы зейнетке шыққанша №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте еңбек етеді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, 10 жыл сайлау учаскесінің комиссия мүшесі болады.
Ал, отанасы «Күміс алқа» иегері Замира Сүйінбаева көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Ол Жамбыл медициналық колледжін медбике мамандығымен бітірген. Отбасында әкесі өте байсалды жан болған. Ең бастысы, әкесі адалдық, тазалықты талап ететін. Әрдайым өзгеге көмек қолын созып, барын беруге дайын тұратын жан болатын.
-«Әке көрген оқ жонар» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Әкеміздің салған ізімен біз де адалдықты, қарапайымдылықты, көпшілдікті ту етіп өстік,- дейді Замира Тыныстанқызының әкесі мен анасы өмірлерін ұстаздыққа арнаған жандар. Отбасында да ұл-қызына жақсы тәрбие берген.
Замира Сүйінбаева аудандық орталық аурухананың терапия бөлімінде табан аудармастан ұзақ жыл жұмыс істеп, сол бір бөлімнен зейнетке шығады.
-Жұбайым екеуміз жұмысбастылықпен перзенттеріміздің қалай өскенін де білмей қалдық. Құдайға шүкір, ата-анамыздың берген жақсы тәлім-тәрбиесінің арқасында балаларымызды тәрбиелі етіп өсірдік. Олар білімге, еңбекке құмар болып өсті. Мен әке ретінде олардың осындай азаматтар болғанын мақтан тұтамын. Бәрі де біздің жанұяның бірлігі мен ауызбіршілігінің арқасы – дейді отағасы Едіге Әбдірашов.
-«Бойжетіп, осы киелі қара шаңырақтың ақ босағасын аттап, үйдің бірінші келіні атандым. Ата-енем өте қарапайым, ауыл-аймаққа қадірлі кісілер еді. Олар мені өз қыздарындай қабылдап, ортаға сіңісіп кетуіме көп көмектесті. Білмегенімді үйретіп, жөн сілтеп, келіндік міндетімді абыройлы атқардым. Бір жаман сөзін естіп, ұрысқан емес. Балаларымды да азамат болып қалыптастырған сол кісілер. Отбасында ауызбіршілігімізбен, өзара сыйластығымыз нық орнаған» деген отанасы әрбір жанұяда ынтымақ орнап, сыйластыққа өмір сүрген абзал дейді.
«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» демекші, өмірде де, еңбекте де қатар жүрген Едіге Мәттайұлы мен Замира Тыныстанқызы бір ұл, бес қызды дүниеге әкелген. Ұрпағының әрқайысы өмірден өз орындарын тауып, бүгінге бір-бір шаңырақтың, белгілі бір мамандық иесі атанған. Үйдің үлкендері Жанар мен Камшат анасының жолын қуып медбике болса , Ұлбану мұғалім, Айжан мен Ұлбала жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Ал, үйдің кенжесі Нұрасыл Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құрылысшы мамандығымен тамамдаған. Бүгінде Астана қаласында құрылыс компаниясында менеджер болып еңбек етуде. Келіндері Жания мұғалім. Отандасқандарына 49 жыл болған ардагерлер ұл-қыздарынан 19 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Иә, кез келген жанұяда береке-бірлік, сүйіспеншілік пен бауырмалдық орнауы ата-анадан берілген жақсы тәрбиенің жемісі. Әбдірашовтар жанұясының үлкен-кіші мүшелері ұлттық тәрбиемен сусындап, ата-ананың ақ батасын алған бақытты жандар.
Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»