El іshі
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасы
«Бірлік болмай тірлік болмас» демекші, берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы-бірлік, ел-іші тату тірлік» қағидасын ұстанған қазақ халқы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті ту етеді. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Тұрақтылық пен тыныштық, достық бар жерде елде бақыт пен береке, ырыс орнайды.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Мыңбұлақ ауылдық округі көпұлтты елді мекеннің қатарына жатады. Ауылдық округтің орталығы Көлбастау ауылында тілі басқа тілегі бір, түрі басқа жүрегі бір өзге ұлт өкілдері ауызбіршілікте ғұмыр кешуде. Оның бірі Мамедовтар жанұясын айтуға болады.
Отағасы Хамбалла Мамедов өкінішке орай ортамызда жоқ, екі жыл бұрын өмірден озған. Түркістан облысының түлегі. Ал, отанасы Базаркүл Дөнешқызы Түркістан облысы Алғабас колхозында дүниеге келген. Екеуі өмірге төрт ұл-қызды дүниеге әкеліп, әр қайсысын мамандық иесі атандырып, құтты орындарына қондырған. Қыздары Зарина Шымкент қаласында мұғалім, Билора Түлкібас ауданында мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Мектепте балаларға білім мен тәрбие беруде, яғни мұғалім. Ал, ұлы Арман аудандық орталық ауруханада хирург болып қызмет етеді. Кіші қызы Эльенора Шымкент қаласында медбике болып жұмыс істейді. Бұл жанұяның басты құндылығы – еңбекті жоғары бағалауында. Өмірлік ұстанымдары да бірлікте, ауызбіршілікте ғұмыр кешіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету болып табылады. Балаларына әке жолымен адал еңбек етіп, адами жоғары қасиеттерді бойына сіңіріп, түзу жолмен жүруді үйретеді. Өздерінің таңдаған ісінің маманы болып, пайдалы іспен айналысуларын қолдайды. Татулықта, ынтымақты ту етіп, бір-біріне көмек қолын созуға шақырады.
-Ата-анам жастайынан еңбекке араласқан жандар. Сол қиын кездері ата-бабамызды Иран шекарасынан жер аударып жіберген. Әкемнің әулеті сол тұстағы солақай саясаттың салдарынан туған жерлерінен жырақтап, қазақ жеріне келген. Сол замандары қазақ халқы жер аударып келген әкемнің әулетіне есігін айқара ашып, бір нанды бөлісіп жеген. Қонақжайлылықтарын танытып, бауырмалдық көрсеткен. Әкем оны үнемі айтып отыратын.
Біз Түркістан облысы Алғабас колхозында тұрғанбыз. Әкем колхозда өмір бойы жұмыс істеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Отбасында алты ағайындымыз. Бүгінде әрқайсысы бір-бір жанұяның иесі болып, өсіп-өніп отырған жайы бар.
Еңбек түбі – береке. Анамыздың жастайынан еңбек етіп, абыройға бөленгенін көріп өстік. Біз де қолымыздан келгенше, жұмыс істедік.
-Өзім Түркістан қаласында медбике мамандығы бойынша оқыдым. Еңбек жолымды Тұрар Рысқұлов ауылындағы ауруханада медбике болып бастадым. 1982 жылы Хамбалла Мамедовқа тұрмысқа шығып, отбасылы болдым.
Жолдасым Хамбалла Мамедов Алматы қаласында провизор технолог оқуын бітірген, фармацевт болып жұмыс істеді. Жұмыс бабымен әр өңірде жұмыс істедік.
1994 жылы Көлбастау ауылына көшіп келдік, содан бері 30 жылдай уақыт осында бақытты ғұмыр көшудеміз.
-Аудандық орталық ауруханада балалар медбикесі болып 2011 жылға дейін қызмет еттім, содан кейін зейнет демалысына Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда медбике болып шыққанша жұмыс істедім. Қазіргі таңда бейнетімнің зейнетін және тоғыз немеремнің қызығын көріп отырған бақытты әжемін. Жолдасым екі жыл бұрын өмірден озды. Жолдасым да еңбекқор, жайдары жан еді…
Біз осы ауылдың тұрғындарымен ағайындай болып кеткенбіз. Бір-бірімізбен жақын араласып, қуанышымызды бөлісіп отырамыз. Әрдайым бір-бірімізге есігіміз ашық. Көмегімізді аямаймыз. Бірлігіміз бекем, татулығымыз баршаға аян. Көршілерімізбен сәлеміміз түзу, – дейді Базаркүл Дөнешқызы.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»