El іshі
Береке-бірлік – біздің қасиетті туымыз!
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ел өміріндегі айшықты мерекелердің біріне саналады. Бұл күні елімізде тұратын барлық этнос өкілдері бір-бірлерін татулық күнімен құттықтап, мәре-сәре болып жатады.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деп білетін халқымыз «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасымен тату тірлік етіп келеді.
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея өз кезегінде Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.
Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде, әрбір ұлт конституциялық құқықтық заңнаманың негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына сіңісе білді.
Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін қазақстандық ортақ мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты.
Осы ретте, өзім басшылық жасайтын «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жуалы ауданындағы бөлімшесінің жұмысы туралы айта кеткенді жөн көріп отырмын. Қауымдастық дүниежүзі қазақтарының басын біріктіріп, барша қазақ баласының мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Сонымен қатар, Қазақстанға қоныс аударып жатқан қандастарға көмек көрсетуді де назарға алып отырмыз. Біздің ұйым да өз кезегінде Қазақ жерін құтты қоныс еткен барша отандастарымыздың ынтымақ-бірлігі жолында, ұлттар мен этнос өкілдерінің арасындағы достықтың дәнекері болу жолында жұмыс істей беретін болады.
Береке-бірлік – біздің қасиетті туымыз. Сол себептен бірлік мерекесі барша отандастарымызға құтты болып, ынтымағымыз артып, ел тәуелсіздігінің тұғыры биіктей берсін, деген ізгі тілегімді білдіремін!
Шора ЫСҚАҚОВ,
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның
аудандық бөлімшесінің директоры.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы