El іshі
Әже мен ана махаббатына бөленіп өсіп ек…
Менің анам Алтын Шымырбайқызы Ақбастау ауылының тумасы болатын. Әкем Мамыр мен анамның да білімі жеті кластық қана еді. Мәселе, оқуда емес, тоқуда екен… Әкем шаруаның басында болса, анам үй шаруасында болды. Одан қала берді, ертелі кеш колхоздың қара жұмысында. Отбасында төрт ұл, алты қыз үйелмелі-сүйелмелі болып, өсіп ержеттік. Анам барлығымыздың сабағымызды қадағалап, тәрбиемізге баса мән беретін. Әсіресе, білімімізді қатты қадағалайтын. Балаларға дауыс көтеріп, ұрысқанын көрген емеспін. Бәрін қас-қабағымен білдіретін. Содан біздің жаман болған жеріміз жоқ. Қыздар өмірден өз орындарын тапты. Ұлдар ауылда қалып, қара шаңырақтың отын өшірмей, өзіміз туып-өскен аядай ғана Түктібай ауылын өркендетуге атсалысып келеміз. Анамыз біздің отбасының екінші ұлы Нұржігіт пен келіні Жаннаның қолында тұрып, 2009 жылы дүние салды.
«Ата-ананың қадірін балалы болсаң білерсің» деген. Ел ағасы болатын жасқа жетсем де сонау бала кезде болған бір оқиға есіме жиі-жиі түсе береді. Мен онда ауыл мектебінде 5 сыныпта оқитынмын. Сол жылы қыстыкүні мектепке киіп баратын пальтом болмады. Күн суықта көбінесе бешпетпен жүреміз. Анам бір күні азын-аулақ ақшаның басын қосып, аудан орталығындағы базардан пальто сатып әперді. Сонда менің қуанышымда шек болған жоқ. Пальтоны үстіме кигізіп тұрып, анам да жылады. Анама қосылып мен де жыладым. Ананың баласына деген мейірімі мен махаббаты шексіз екенін сонда түсінгендеймін. Анам Алтын Шымырбайқызының бойында нағыз қазақ әйеліне тән жақсы қасиеттердің барлығы болатын. Үнемі ауыл әйелдерін ұйымдастырып, көпшілік бас қосқан жерлерде белсенді жүретін. Қолының ісмерлігі де өз алдына бір төбе болатын. Қартайғанда анамның жанында жиі болуға тырыстым. Өмірден бір түйгенім, ата-ананың балаларына деген махаббаты мен мейірімі шексіз екен.
Құдайға шүкір. Атам мен әжемнен тараған ұрпақтар өсіп-өнуде. Бүгінде 40-тан астам немере, 30-ға жуық шөбере әулетіміздің санын көбейтіп отыр. Кіші ініміз Нұрлан мен келініміз Жұлдыз өзіміз өскен қара шаңырақтың отын өшірмей, түтінін түтетуде. Қашанда қазақ халқы үшін қарияның, ақ жаулықты апа-әжелеріміздің төрдегі орны мен олар айтатын ақыл-кеңестері бөлек қой шіркін. Өзіміз де әке болып, аталық жасқа жақындасақ та, көкірегі қазына болған ата-әжемізді, ардақты әкеміз бен анамызды сағынамыз. Қазіргі жастар қазыналы қариялардан тәлім алса, адаспайды деген сенімдемін. Аналарымыз бен әжелерімізді сыйлап, көзі тірісінде қадіріне жетсек, нұр үстіне нұр болмақ!
Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
«Зылиха» шаруа қожалығының басшысы.
Облыстық мәслихаттың депутаты