El іshі

Баршамыз үшін қымбат та қастерлі!

Биыл азаттығымыздың айғағы, Тәуелсіздігіміздің төл нышаны – Мемлекеттік рәміздерімізге 30 жыл. Мемлекеттік рәміздер – Ұлы дала төсінде өз мемлекетін құрған қазақ халқы арманының ақиқатқа айналуының дәлелі, бүкіл әлемге Қазақстан мемлекетін танытқан, еңсесі биік елдік пен мызғымас бірліктің белгісі. Рәміздерді қастерлеу, оны болашақ ұрпаққа аманат етіп, тапсыру – бүгінгі әрбір азаматтың басты парызы, патриотизм мен Отанға деген шынайы құрметтің белгісі.

Расында, Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әр азаматтың бойында болуы тиіс. Көк аспанда желбіреген Туымыз біздің дербестігіміз бен еркіндігімізді білдіреді. Оны қай кезде де жоғары бағалау керек. Осы ретте, әлеуметтік желіде қаңтар айында орын алған Алматыдағы қақтығыс кезінде көк түтіннің ішінен өмір мен өлімнің арасында жүріп, Туды көтеріп шыққан азамат туралы ақпарат тарады. Көпшілік оның өз басына қауіп төнген сәтте еліміздің көк байрағын жерге тастамай алып шыққанына риза болды. “Рухы мықты, өз елінің патриоты” десті.
Ал, Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің әлеуметтік желідегі Instagram парақшасында өрт сөндірушілердің Көк байраққа деген құрметі бейнеленген бейнеролик салынды. «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 6 қаңтарда өңірде орын алған көтеріліс кезінде өртке оранған мемлекеттік маңызды нысандардағы өртті сөндіру жұмыстарына қатысқан. Өртті сөндіру жұмыстары барысында олар Мемлекеттік Тудың өртенуіне жол бермей, оны ілулі тұрған жерінен жерге алып түскен. Бұл өрт сөндірушілердің өз өмірін қауіпке тіге жүріп, Отан алдындағы жауапкершілігі мен еліміздің егемендігіне деген жанашырлығын жоғары сезіне білуінің айғағы. Елдігіміз сыналған сәтте нағыз ерлікке тән әрекет.
Міне, біздің азаматтарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігін Мемлекеттік рәміздерге деген құрметінен де аңғаруға болады. Ал, әлем елдерінің төрінде дүбірлі додаларда сынға түсіп, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымыз үшін ұлт айшықтарының орны тіптен бөлек. Жеңіске жеткен сәтте Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз көкке көтерілген кезде олардың бойындағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл ойымызды кәсіпқой боксшы Сағадат Рахманқұл да құптайды.
Жерлесіміз Сағадат Қайрат ауылында дүниеге келген. Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Боксшыға Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген жаттықтырушы Тұрлыбек Көпжасаров алғаш рет былғары қолғап кигізіп, спортқа баулыған. Осылайша ол бала күнінен спорттың қыр-сырын үйреніп, әуесқой бокста өз бағын сынайды. Ол жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионы, халықаралық турнирлердің, түрлі байрақты додалардың жеңімпазы, Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Әуесқой бокста Сағадат 69 келі салмақта өнер көрсеткен. Ол 2013 жылы Қазақстан чемпионы, 2014 жылы Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
Қазіргі таңда Сағадат кәсіпқой боксқа бет бұрып, 11 жекпе-жек өткізген. Бүгінде кезекті бәсекелі жекпе-жекке дайындық үстінде. Яғни, жерлесіміз 3 наурызда Киев қаласында WBC Азия белбеуі үшін жұдырықтасатын болады.
-Спортқа, оның ішінде боксқа әкемнің арқасында келдім, – дейді Сағадат. -Содан кейін мені жаттықтырушыма тапсырған соң, жарыстарға қатысып, боксқа деген қызығушылығым оянды. Спортта алға қойған арман-мақсатым көп. Оның ішінде әр спортшының арман-мақсаты – Әлем чемпионы болу емес пе?! Менің де арманым осы.
Жеңіс тұғырында Әнұран шырқалып, көк Тудың көтерілген сәтін айтып жеткізу мүмкін емес. Оны сезініп көру қажет. Ерекше, тұла бойыңда қуаныш сезімі оянады. Әсіресе, шет елде Әнұранның орындалуы бір бақыт. Бойыңда күш-жігер, рух пайда болады.
Кәсіпқой бокспен шұғылданғаныма біршама уақыт болды. Алып құрлық саналатын Америка Құрама Штатында үш жылдай тұрдым. Елдің, туған жердің қадірін елден жырақтаған сәтте түсінеді екенсің. Көшеден қазақты көрсең, елдің көк Туын көргенде ерекше қуанасың. Елге деген сағынышың сезіледі. Отаныңмен мақтанасың. Тәуелсіз елімізді, кең-байтақ жерімізді, туып-өскен ауылыңды аңсайсың. Әр қазақ азаматы өз елін мақтан тұтуы керек деген ойға келесің. Жалпы «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, қайда жүрсек те еліме пайдам тисін деп, еңбек ету керек. Мен өз елімді мақтан тұтамын. Жеңіс тұғырында, әлем төрінде еліміздің Әнұранын шырқатып, Туымызды желбірету – менің басты мақсатым.
Ал, бәйтеректік Әбдінұр Нұрланбек еркін күреспен шұғылданады. Ол боз кілемге ағасының ықапалымен келіп, жеңіс тұғырынан көрінуде. Бүгінде ол олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің биылғы түлегі. Балуан алғашқы кездесуін Иранда Азия чемпионатында өткізіп, күміс жүлдені қанағат тұтады. Одан кейін әлем ойындарында қатарластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінеді. Сонымен қатар, Азия чемпионатында бәсекелестерін басып озып, І орынды қанжығасына байлайды. Өткен жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен еркін күрестен әлем чемпионатының Күміс жүлдегері атанады. Қазіргі таңда ол алда өтетін ел чемпионатына дайындық үстінде.
-Боз кілемде мықты балуандармен белдесіп, елімнің абыройын асқақтату – арманымның бірі. Олимпиада ойындарында топ жарып, Көк Туды жеңіс тұғырында желбіретсем деген мақсатым да бар. Осы арман-мақсатыма жету үшін күш салудамыз. Қазақ күресінің дамуына жас спортшы ретінде өз үлесімді қосқым келеді. Біз спортшылар еліміздің абыройын асқақтату үшін еңбек етудеміз.
Жеңісте Әнұран шырқалғанда, бойыңда патриоттық сезімің оянып, көзге ыстық жас келеді. Жеңіске жету жолында төккен тер мен еңбек еске түседі. Мен әрдайым өзге елге жарысқа барған сайын өз елімді есіме аламын. Шет елдегі достарыма бейнежолдау жіберіп, елімді, туған жерімді таныстырамын. Осындай Тәуелсіз елімнің бар екенін мақтанышпен жеткіземін, – дейді балуан.
Расында, ұлт айшықтары еліміздің егемендігін, азаттығын паш ететін нышандар. Еліміздің өткені мен болашағының сабақтастығы, алтын діңгегі. Мемлекеттік рәміздер – баршамыз үшін қымбат та қастерлі құнды белгілер.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close