El іshі

сүрлем – шығыны аз, құнарлы азық

Еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісінің маңызды саласы мал шаруашылығы ежелден қазақтың дәстүрлі кәсібі ретінде дамып келе жатыр. Әдетте мал шаруашылығын өркендетуде шешімін табатын шаруа көпқырлы болып келеді. Соның ішінде мал азығын қамдау ең маңызды мәселе. Өйткені, мал азығының жеткілікті қоры жасалмай, мал шаруашылығы ешуақытта серпінді дами алмайды.

Осы ретте, аудан әкімі Олжас Қаржауовтың тікелей бастамасымен өткен жылы шаруалар сүрлем мен пішендеме дайындауды қолға алған болатын. Аудан шаруалары мал азығы үшін 11 210 тонна сүрлем және 12 250 тонна пішендеме басқан. Сүрлем мен пішендеме әзірлеуді негізінен Нұрлыкент, Ақсай, Жетітөбе, Қызыларық, Ақтөбе, Көкбастау ауылдық округтерінің және Б.Момышұлы ауылының шаруалары қолға алған. Сүрлемді әзірлеу технологиясын әсіресе, Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС-ның мамандары жақсы меңгеріп, қысқа 6200 тонна мал азығын дайындаған. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округіндегі шаруалардың басым бөлігі, оның ішінде «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі де сүрлем бастырған.
“Атамекен-Бастау” АШӨК-ның басқарушы директоры Зайырбек Сұлтанмұратовтың айтуынша, кооперативтің сүрлемдік жүгері егумен айналысқанына екі жылдай уақыт болыпты. Олар 25 гектарға жүгері егіп, өткен жылы 400 тонна сүрлем бастырған. Өткен жылы орын алған қуаңшылыққа байланысты олар гектарына небәрі 16 тоннадан өнім алған екен. Егер ауа райы жауын-шашынды, егістікте су жеткілікті болса, онда гектарына 40-50 тоннаға дейін өнім алуға болатын көрінеді.
-Негізінен сүрлем сауынды сиырларға таптырмайтын жұғымды азық болғандықтан, оны жеген сауынды сиырдың сүті 15-20 пайызға артады. Биылғы қысқа әзірленген 400 тонна сүрлем жүгеріні кооператив мүшелері 25 000 теңгеден бір ай ішінде сатып алды. Алла қаласа, үстіміздегі жылы кооператив мүшелерінің арасында сүрлемдік және дәнді жүгері егушілердің қатары артатын болады. Сүрлемдік жүгері бір түк шөп сатып алғаннан гөрі тиімді екенін көрсетті. Яғни, бір тонна шөп 45 000 теңге болса, бір тонна сүрлем 25 000 теңгені құрайды. Шаруалар үшін бағасы екі есе арзан әрі құнарлы мал азығы. Сондықтан шаруаларға жүгері егіп, сүрлем әзірлеу технологиясын меңгеріп, дайындау әлдеқайда тиімді болмақ, – дейді З.Сұлтанмұратов.
Ал, Ақтөбе ауылдық округіндегі «Мұхиддин» шаруа қожалығының басшысы Керімхан Мейірханұлы жүгері дақылынан 170 тонна өнім алып, одан сүрлем бастырған. Өткен жылы ол егістік алқабының 20 гектарына «Машук-319» сұрыпты жүгерінің тұқымын еккен. Қуаңшылыққа байланысты тек сегіз гектарынан ғана өнім алған. Үш гектардан жиналған өнімді дәнге алып қалып, 5 гектардан жиналған 150 тонна дала аруынан сүрлем әзірлепті. Оның әзірлеу технологиясын да жақсы біледі. Арнайы техникасы да бар.
-Сүрлемнің шығыны аз. Ол сауынды сиырдың сүтін көбейтуге таптырмас құнарлы мал азығы. Сүрлем мен пішендемені жылда өз малымызға жететіндей етіп әзірлейміз. Менің сүрлем әзірлеумен айналысқаныма бес жыл болды. Оның пайдасын да жақсы білеміз. Сүрлем шаруаларға қаржы жағынан да өте тиімді. Жүгері түгелдей орылып, арнайы әзірленген шұңқырға тасталады. Оны жақсылап ауа кірместей бастырып, үстін дұрыс жабу керек. Егер де ауа кіріп, іші буланса, сүрлем мал азығына жарамай қалуы мүмкін.
Қожалықтың негізі жұмыс бағыты – сүт бағыты.Сондықтан біз сауынды сиырлардан мол өнім алуды көздейміз. Қазіргі таңда қожалықта 60 шақты сауынды сиыр бар. Бір сиыр күніне 15 литрдей сүт береді. Негізінен өткен жылдары сауынды сиырдың әрқайсысы 17-18 литр сүт берді. Шұңқырдағы сүрлем наурыз айына дейін жетеді деп отырмыз, – дейді К.Мейірханұлы.
Түктібай ауылындағы «Төлеген» шаруа қожалығының басшысы Мейірбек Төлегеновтің пішендеме әзірлеумен айналысқанына 10 жылдай уақыт болыпты. Шаруасын ет және сүт бағытында жүргізеді. Қазіргі таңда қожалықта 100 бас бордақы малы және 100 бас сауынды сиыры, 130 бас жылқысы бар. Шаруа қыстың қамын жазда ойлап, 600 тоннадай пішендеме әзірлеген. Пішендемеге 80 гектардан көпжылдық жоңышқа және 100 гектардан экспарцет орып, бастырыпты. Бүгінде аталған шаруашылықтағы сауынды сиырдың әрқайсысы күндігіне 20 литрден сүт беруде. «Пішендеменің пайдасы да көп. Шөпті орып, турап, шұңқырға ауа қалмайтындай етіп тастаймыз. Сауынды сиыр үшін пішендеме жұмсақ, әрі тұзды, құнарлы мал азығы. Сүтті молынан алуға септігі көп. Оны өз тәжірибемізден білеміз. Енді алдағы уақытта жүгері егіп, сүрлем бастыру жоспарымызда бар» дейді Мейірбек аға.
Аудан әкімінің орынбасары Жарқынбек Шоғаловтың айтуынша, өткен жылы өңірде 860 гектарға дала аруы егілсе, биыл сүрлемдік жүгерінің алқабын ұлғайтып, 1020 гектарға дән себу жоспарлануда. Жоспар бойынша ауданда шаруалар 11 мың тонна сүрлем бастырса, үстіміздегі жылы 23 мың тонна сүрлем дайындау межеленуде.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов өткен жылы сүрлем әзірлеуді қолға алған шаруаларға қолдау білдіріп, оның ішінде «Жуалы-2020» АШӨК-ға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-дан жеңілдетілген несие алуға ықпал жасағанын айтқымыз келеді. Нәтижесінде, ақсайлық шаруалар 16 техниканы қосымша тіркемелерімен сатып алып, өз жұмыстарын жалғастыруда. Биыл да сүрлем әзірлеуге сұраныс білдірген шаруаларға қолдау болады деп жоспарлануда.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close