El іshі
«Жуалының түкпірінде ауыл бар…»
Қошқарата ауылында арда ақын Бауыржан Үсенов атындағы жас ақындар мүшәйрасы өтті
Тарих үшін аз ба, көп пе, ол жағын анық білмейміз. Бірақ қазақтың жазба әдебиетінде соны соқпақ салып, артында екі томға жуық поэзиялық және прозалық дүниелер қалдырған ақын, композитор Бауыржан Үсеновсыз 31 жыл өтіпті. 31 жасында бақилық болған арда ақынды жерлестері ұмыта қойған жоқ. Ақынның артында қалған мұраларын өскелең ұрпақ бүгінде жатқа айтады. Оның жасын жырларымен қатар, әуезді әндері де әуелей шырқалуда. Мұның бәрі әрине, жерлестерінің арда ақынға деген құрметі мен сағынышы һәм ақын есімін ұдайы насихаттаудың нәтижесі.
Мұндайда халқымыздың: «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деген сөзіне құлақ аспасқа тағы да амалымыз жоқ. «Жазылар естеліктер мен туралы» деген ұлы ақын Мұқағалидың сөзімен айтсақ, аңсау мен сағынышқа толы жерлес ақын Бауыржансыз өткен осынау отыз бір жылдың бедерінде ғажайып дарын иесінің азаматтық һәм қайраткерлік қырлары туралы талай естеліктер жазылды. 2020 жылы ақынның 60 жылдық мерейтойына орай Б.Үсеновтың досы, журналист-публицист Шоқан Шөжеевтың құрастыруымен және ақын, баспагер Темірғали Көпбаевтың қаржылай қолдауымен Алматы қаласындағы «Қазығұрт» баспасынан «Жарқырап өткен жыр-ғұмыр» деп аталатын естелік кітап жарық көрген болатын. Ақынның қаламынан туған өлең-жырларының, әндерінің басы біріктіріліп бірді-екілі кітап шығарылды. 1992 жылы алғаш рет ақынның «Табиғат терезесі», одан кейін араға жылдар салып «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», «Менің бұлтым» деп аталатын жыр жинақтары жарық көрді. “Әлі де жарық көрмеген прозалық шығармалары бар” дейді ақынның асыл жары Гаухар апай. Бұл да болса дәтке – қуат, көңілге – медеу.
Ақынның өзі өлсе де, артында қалған асыл сөзінің өлмейтіндігіне көзіміз анық жетеді. Олай дейтініміз, бұл фәнидегі құйрықты жұлдыздай аз ғана ғұмырында әдеби ортаға сал-серілігімен, өлең әлеміне ерекше сыршылдығымен танылып үлгерген Бауыржан ақынның дарыны мен шығармашылығы жөнінде қазақ көсемсөзінің сардары, халық жазушысы Шерхан Мұртаза жақсы баға берген. Тіпті, оның табиғат қаскөйлері туралы жазылған өлеңін табиғатты қорғау жөніндегі мекемелердің маңдайшасына жазып қою керектігін де айтқан еді.
Бауыржан Үсеновтың туғанына 62 жыл толуына орайластырылып осы аптада аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қошқарата ауылында 14 пен 29 жас аралығындағы жас ақындар арасында жыр мүшәйрасы өтті. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйытқы болған «Туған жердің түлегі» атты мүшәйраны өткізудегі мақсат – ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін мәнерлеп айтқызу. Талантты жастардың ақындық қабілетін шыңдап, өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беру және поэзияны дәріптеу арқылы халық мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде өнерді жан-жақты насихаттау.
Жыр жарысы еркін тақырыпта бір өлең және Б.Үсеновке арналған бір өлең оқу деп аталған екі кезеңнен тұрды. Байқауға аудан мектептерінен барлығы 12 үміткер қатысты. Мүшәйраға қатысушы үміткерлердің өнеріне республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Нұржан Дербісәлиев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Алмас Жолдасов, №9 Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдіркөз Кенжебекова және аталған мектептің кітапханашысы Нұржанат Байқожа әділ бағаларын берді.
Жас ақындар алғашқы кезеңде қазақ ақындарының және өз шығармашылықтарынан бір-бір өлең оқыса, екінші кезеңде арнау өлеңдерін оқыды. Жалпы мүшәйра барысында байқағанымыздай, қатысушылардың ішінде таудай талабымен, талантымен дараланғандары да және тиісінше, сөз саптауы келіспей, шаршы топта мүдіргендері де болғанын айта кетуіміз керек. Бұл туралы байқау қорытындысында қазылар алқасының мүшелері тарапынан пікірлер білдіріліп, жас ақындарға бағыт-бағдарлар берілді.
Сонымен ақын-сазгер Бауыржан Үсеновты еске алуға арналған аудандық жас ақындар арасындағы жыр мүшәйрасының қорытындысында Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы, жас айтыскер ақын Санжар Даярбек талантымен дараланып, І орынға ие болды. Ал, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Қызтоған ауылының тумасы, жас ақын Бәйдібек Мизамов ІІ орынға лайық деп танылды. Қазылар алқасының шешімімен тағайындалған екі бірдей ІІІ орынның жүлделерін Көлтоған ауылындағы С.Бәйтіков атындағы орта мектептің оқушысы Гүлімай Тұралы және Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектептің оқушысы Мадияр Мәдібек өзара бөлісті.
Жыр жарысының жүлдегерлерін қазылар алқасының мүшелері марапаттап, талапкер жастарға табыс тілеп, оқуда озат болуына тілектестік білдірді. Жүлдегерлер мен қатысушыларға аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің арнайы Дипломдары мен Алғысхаттары және естелік ретінде бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Жуалының түкпірінде ауыл бар,
Ей, бұлттар, сонда барып жауыңдар.
Сол ауылда Қыдыр дарып, Бақ қонған,
Ағайын бар, ауылдас бар, бауыр бар»,- деп жырлаған ақын Бауыржан Үсеновтың азаматтық ажары, ұлт әдебиетіне сіңірген еңбегі мен салған олжасы мәңгі ұмытылмайтынына сенімдіміз!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»