Басқа-басқа, Жуалы жерінде картоп жақсы өседі. Бұған, бәлкім, топырақтың құнарлы, ауа райының қолайлы болуы да әсер ететін болар, сірә. Әйтеуір, соңғы жылдары аудан жұрты дақылдың түрінен көп өнім алуды жақсы меңгеріп келеді. Бүгінде өңірдің таулы-қырлы даласында картоп өсірумен 520-ға жуық шаруашылық айналысады. Әрине, барлығы дерлік ұсақ шаруашылықтар, бірақ, ешқайсысы да бұл кәсіптерінен қол үзгісі келмейді.
Сол көп шаруашылықтың ішінде Түктібай ауылындағы «Злиханың» шоқтығы биік. Осы істің көзін тауып, тынымсыз еңбегінің арқасында көп өнім алуға қол жеткізіп жүрген «Злиха» шаруа қожалығы өткен жылы Ресей мен Голландиядан картоп тұқымын әкелген болатын. Енді биыл бұл іске немістің озық технологиясын ендіріп, картопты голланд әдісімен егуде.
«Злиха» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиевтің айтуынша, былтыр Қарағанды облысынан «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы «Латона» аталатын картоп тұқымын әкеліп еккен. Алайда былтыр жауын-шашын аз мөлшерде түсіп, құрғақшылық орын алғандықтан, бұл тұқым өнімін дұрыс бермеген. Енді биыл 50 гектар жерге осы тұқымды қайта егуде. Әр гектарға 3,5 центнер тұқым егілуде.
Шаруа қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиевтің сөзінше, Қарағанды облысындағы «Максим» шаруа қожалығынан 30-40 тонна тұқым алған. Одан бөлек, тікелей Голландия мемлекетімен келіссөз жүргізіп, 20 тонна «Артемис» аталатын элита сортын алуды жоспарлап отыр.
– Тараз қаласындағы «Казфосфат» зауытынан шығатын фосфорлы гипс қалдықтарынан 400 тонна алып келіп, аударылған жерлерге тыңайтқыш ретінде әр гектарға 10 тоннадан себілді. Бұл әдісті біз ғалымдар мен профессорлардан сұрай отырып жүзеге асырдық. Айтса айтқандай-ақ, жұмыстың нәтижесі жаман емес. Бүгінде картоп егу жұмысы басталып кетті. Германияның техникасын пайдаланып жатырмыз. Себебі, бұл техника картопты егіп, үстінен дәрілеп, тыңайтқыш береді. Картоп егілетін алқапты күзде бір, көктемде бір айдап, жерді қайта-қайта өңдеу керек. Сонда ғана, жақсы өнім алуға болады, – деген Керімқұл Мамырұлы ағымдағы жыл әр гектардан 250-300 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтады. Өйткені, шаруа қожалықта күн демей, түн демей қызу жұмыс істейтін мамандар өз жұмыстарын жақсы біледі. Ал былтырғыдай құрғақшылық қайтадан айналып келсе, жаңбырлатып-тамшылатып суғаруға көшетінін және қазіргі таңда, аталған шаруа қожалық жерасты суын шығару үшін жеті ұңғыма қазуға тапсырыс беріп отырғанын жеткізді. Ендігі кезекте жаңа технологиямен картоп алқабын суғаруды бастап та кетеді. Сондай-ақ, «Анна» аталатын картоп жинайтын агрегатты да арнайы Польшадан алдырған. Өйткені, шаруа қожалық басшысы жылдан-жылға терімшілердің қатары азайып бара жатқанын айтады.
Сонымен қатар, Керімқұл Мамырұлы «Злиха» шаруа қожалығына бүгінде егістік жер жетіспей жатқанын алға тартты. Одан бөлек, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдаудың да аздығын айтып шағымданды. Мәселен, «КазАгро Қаржы» арқылы екінші деңгейлі банктен 10 миллион теңге несиеге трактор алатын болса, оны 26 миллион теңге көлемінде қайтаруға тура келетінін, бұл шаруаларға үлкен қиындық тудыратынын баса айтты. Одан бөлек, шаруаларға қаржы алуға жеңілдіктер қарастырылып, кемінде 1-2 жыл демалысымен берілсе, шаруалар өз жұмысын жандандыра түсетінін, алайда екінші деңгейлі банктер қаржы алуда көп шектеулер қойып тастағанын күйінішпен жеткізді.
Аталған шаруа қожалықтың техника және жер жөніндегі жетекшісі Нұрлан Ілесов жер айдау, егу науқанында тікелей өзі қатысады. Жалпы шаруашылықта 10 адам жұмыс істейді.
– Қазір гектарына 4 центнер тұқым егілуде. Жаңа Керімқұл ағамыз айтып кеткендей, фосфор қалдықтарын күздің күні жер айдалғаннан кейін үстіне себелеп шыққан жөн. Сонда ғана, қыс бойы жерге сіңіп, топырақты құнарландыра түседі. Өздеріңізге белгілі, фосфорда темір, калий сияқты химиялық элементтер бар. Биыл жауын-шашын жылдағыдан мол түсіп отыр. Бұл шаруалар үшін қуантарлық жағдай. Картопты негізінен сәуір айының орта тұсынан мамыр айына дейінгі аралықта еккен жөн. Ал, егер құрғақ топыраққа картоп салғаныңыз, қуырып жегенмен тең болады. Одан дұрыс өнім шығара алмайсыз, – дейді Нұрлан Ілесов.
Әрбір тірлікті сараптап, мол өнімнің қыры мен сырын зерттеуден жалықпайтын «Злиха» шаруа қожалығы картоп егуден көп пайда барын білгеннен болар, жыл сайын алқап көлемін ұлғайтып келеді. Тек мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін көмек артса болғаны.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»