El іshі
«Балғын ұрпақ – бақытым!»
Балалар жазушысы Марат Құлибаевтың «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген тәмсілге ден қойған дана халқымыз әсіресе бауыр еті бала дегенде ет жүрегі елжіремей қоймас. Талбесіктен жер бесікке дейінгі аралықта оқу оқып, білім ізде, өнер үйрен дейді ұлы ғұламалар. Адам қайткенде жақсы азамат болып қалыптаспақ? Ал азамат қайткенде қоғамға өз пайдасын тигізе алады? Әрине, мұның бәрі баланың жастайынан қандай тәлім-тәрбие алатынына тікелей байланысты.
Ал адамның өмірге деген көзқарасы мен талғамы да балалар әдебиетімен бірге қалыптасатыны белгілі. Демек, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің бастау көзі мен талбесігі, тағылым мен тәлім ордасы. Сондықтан да балалар тақырыбына қалам тартып жүрген жазушылардың көтерер жүгі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі де өте салмақты.
Жуалы ауданы батырлар мен ақын-жазушыларды тудырған қасиетті топырақ дейтін болсақ, қалам ұстаған жуалылық ақын-жазушылардың үлкен бір шоғырына қаламгерлік ерекше қасиетімен, жазудағы өзіндік стилімен танылған тағы бір жазушы келіп қосылып отыр. Осы ретте көсемсөзбен қатар балалар әдебиеті саласында өндіріп жазып жүрген қаламгердің бірі ретінде Марат Құлибаевтың есімін ерекше атап айтуымызға болады.
М.Құлибаев қасиетті Жуалы ауданына қарасты Бақалы атты алақандай ауылда туып, бүгінде Әулиеата өңіріне танылған қаламгер азамат. Марат Құлибайұлы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің филология және журналистика факультеттерін бітірген. Алғашқы еңбек жолын өзі тәрбие мен білім алған Теріс ауылындағы №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Кейіннен біржолата журналистік жолға түскен ол әр жылдары Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінде жауапты хатшы, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде Директор-Бас редактордың орынбасары (12 жыл) болып қызмет атқарып, 2018 жылдан Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде тілші, қазіргі таңда «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ында жемісті еңбек етуде.
Қаламгер Марат Құлибайұлының бұған дейін балалар тақырыбында жазылған бірқатар көркем шығармалары балғын оқырмандарға «Мейірім», «Қолқанат» атты жинақ кітаптары арқылы жол тартса, биыл «Балалар жылына» орайластырылып жазушының «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабы баспадан жарыққа шығып отыр. Шығармашылық тұлға үшін жаңа кітаптың жарық көруі – үлкен қуанышты мереке екені белгілі. Жазушының есімі оқырмандарға авторлық кітабы арқылы кеңінен танылатынын ескерсек, жаңа кітаптың да тұсаукесерінің өткізілуі қаламгер үшін үлкен маңызға ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты өңірімізде бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Балалар жылына орай өңірге танымал журналист, балалар жазушысы Марат Құлибаевтың «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабы жарық көрген болатын. Аталған кітаптың алғашқы тұсаукесер рәсімі облыс орталығында ұйымдастырылса, осы аптада қаламгердің жаңа кітабының тұсаукесері мен таныстырылымы аудан орталығында өткізілді.
Қаламгер Марат Құлибаевтың «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабының тұсаукесеріне арналған «Балғын ұрпақ бақытым» атты кездесу кешінің өтуіне Жуалы ауданының басшылығы ұйытқы болғанын айта кеткен ләзім.
Танымдық кеш аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған аудан орталығындағы мектептер мен мектеп-гимназиялардан балғын оқырман оқушылар шақырылды. Сонымен қатар, кездесуге ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагер журналистер мен ардагер ұстаздар да арнайы шақырылды.
Қаламгердің оқырмандармен кездесу кешіне М.Құлибаевтың қаламдас әрі әріптес аға-інілері облыс орталығынан арнайы келіп қатысты. Атап айтқанда, облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің шолушысы, журналист, ҚР «Ақпарат саласының үздігі» Ақылжан Мамыт, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-жазушы Бақытжан Советұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын Есет Досалы шығармашылық кеш иесіне ақжарма ізгі тілектерін айтқалы келген екен.
Аудан басшылары кездесу кешінің иесі мен қонақтарын «Достық» мәдениет үйінің ауласынан күтіп алып, оларға қазақы дәстүрмен дәм-тұз ұсынылды. Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының қызметкері Мәлік Мықтыбеков арнау жырын қара домбырамен шебер жеткізе білді.
Кездесу кешінің иесі, қаламгер Марат Құлибаев құрметпен сахна төріне шақырылды. Ең алдымен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков құттықтау сөз сөйледі. Ерғали Өтемісұлы өз сөзінде, журналист-жазушы Марат Құлибаевтың жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, қаламгердің азаматтық қырларына, оның ішінде, қарапайымдылығына жеке тоқталып, жазушының өзі қандай қарапайым болса, балаларға арналған шығармаларының да тілі жатық, мағынасы өте ұғынықты әрі оқуға жеңіл екенін баса айтты. Сонымен қатар, кеш иесіне шығармашылық табыс тілеп, жазар тақырыбының таусылмауына тілектестік білдірді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы шығармашылық кештің негізгі кейіпкері, қаламы қарымды журналист, жазушы Марат Құлибаевтың «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабының көтерер жүгінің салмақты екенін айта келе, аудан халқы атынан және өз атынан жаңа кітаптың жарық көруіне құтты болсын айтты.
-Сіздің есіміңіз аудан жұртшылығына және оқырмандарға ең алдымен азамат ретінде, одан кейін қаламы жүйрік қаламгер, кәсіби журналист ретінде жақсы таныс. Аудандық газеттің дамуына, жалпы өңірдің ақпарат саласына аз еңбек сіңірген жоқсыз. Саладағы тәжірибеңіз бен көп жылғы еңбегіңіз жоғары бағаланып, қазіргі таңда облыстық газеттің қара шаңырағында жемісті еңбек етіп келе жатырсыз. Сізді биылғы Балалар жылына орайластырылып баспадан жарық көрген жаңа кітабыңыздың жарыққа шығуымен құттықтаймын. Аталған кітабыңыз балалардың іздеп жүріп оқитын сүйікті досына айналады деп сенеміз,- деді Асхат Базарбайұлы.
«Балғын ұрпақ бақытым» атты кездесу кешінің алғашқы бөлімінде балалар жазушысы М.Құлибаевтың «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың қызыл лентасын ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков, журналист, ҚР «Ақпарат саласының үздігі» Ақылжан Мамыт салтанатты жағдайда кесіп, кітап авторына игі тілектер айтып, шығармашылық табыс тіледі. Кеш барысында кеш иесі, қаламгер, балалар жазушысы Марат Құлибаевқа да сөз берілді.
-Құрметті оқырман қауым және аға буын өкілдері. Сіздермен бетпе-бет жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Жазушының ең жақын досы, оның оқырмандары екені анық. Сондықтан осы кештің басы-қасынан табылған тілектес-ниеттес жандардың бәріне алғысымды айтамын.
Отбасында әкем Құлибай мұғалім, ал анам Нұрғаным кітапханашы болған кісілер. Тағдырдың жазуымен екі жыл бұрын әкем дүние салды. Ал анам аман-есен. Осы кешке қатысып отыр. Менің жалпы кітапты құныға оқуыма, қаламға икемділігімді арттыруға бірден-бір себепші болған да осы кісілер. Әкем ауданның орталығына жиындарға барған сайын міндетті түрде маған сондағы кітап дүкенінен бірді-екілі кітап сатып әкеліп беретін. Бала кезімде анамның жанында жүріп, жұмыс орнында болған кездерімде де әдебиетпен етене таныс болдым. Оның ішінде, балалар әдебиетінің классик жазушыларының шығармаларын көп оқыдым. Аудармадан шетел әдебиетімен де танысуға мүмкіндіктер мол болды. Бойымдағы қаламгерлік қасиеттер қасиетті топырақтан да дарыған болар. Міне, осылай жазушы болып қалыптастым деуге болады.
Жазушылық жолымның ашылуына және қалыптасуына мектепте ұстаздық еткен тәжірибемнің де көп пайдасы тиді. Бұл ретте маған сабақ беріп ұстаздық еткен және кейіннен әріптес, сырлас болған Болатбек, Қатшакүл, Орынкүл, Сатымбек, Күлсін сынды ардагер ұстаз аға-апайларымның азамат болып қалыптасуыма сіңірген еңбектерін ерекше атап өткім келеді. 13 жылдай ұстаздық қызметімнің шығармашылығыма тигізген әсері ұшан-теңіз.
Жастайымыздан халықтың аңыз-әңгімелер мен ертегілерді оқып, тыңдау арқылы сусындап өскенбіз. Негізінен ертегі тыңдап өскен баланың ой-өрісі, қалыптасуы мен арман-мақсатқа жетуі де басқаша болады. Ертегілер адамды қанаттандырады, мақсатқа жетелейді. Баланың бойындағы ой-қабілетінің ұшқынын оятады. Бізді қанаттандырып, қияға қанат серметкен халықтық мектептің әсері деп ойлаймын. Өзім де балалар тақырыбында қалам тартуға бекініп, үнемі ізденісте, өз өзімді жетілдірумен болдым. Ой-өрісті де кеңейтіп отырғанда, ізденісте болғанда ғана жақсы шығармалар дүниеге келеді деп ойлаймын. Жақсы шығарманың дүниеге келуі – ең алдымен жазушыға, одан соң оқырманға үлкен олжа. Бүгін міне, алдарыңызда тұсауы кесілгелі отырған «Апамның аялы алақаны» атты жаңа кітаптағы туындылар осындай ізденістің жемісі. Құрметті оқырман, әсіресе осында отырған оқушыларға айтарым, кітап оқыңыздар. Жан дүниелеріңізді жақсы нәрселермен байытыңыздар,- деп тілек білдірді кітап авторы М.Құлибаев.
Кеш қонақтары арасынан алғаш боп сөз сөйлеу мәртебесіне ие болған облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы кеш иесінің қаламгерлік және азаматтық қырларына, ерекше қасиеттеріне тоқталып, жиналған қауымға арнау жырын домбырамен жеткізді. Ал кеш иесінің әріптес ағасы, қаламгер Ақылжан Мамыт: «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген бұрыннан келе жатқан тәмсіл бар. Бүгін қаламгер ініміз, елдің азаматы Марат Құлибайұлына Жуалы ауданының басшылығы сый-құрмет көрсетіп, оқырмандармен кездесу кешін өткізіп беріп жатыр. Бұл қуанышты әрі құптарлық жағдай. Өз замандастарынан ақыл, біліммен, жақсы қасиеттерімен озып жүрген қаламгер азамат Марат Құлибайұлына шығармашылық табыстар тілеп, бағындырар белестерінің көп болуына шын жүректен тілектеспін. Оның шығармалары негізінен балаларға арналған. Біле білгенге, бұл үлкен тәлім-тәрбиенің көзі. Жазар көбейсін, Марат. Ізбасарларың көп болсын»,- деген игі тілегін арнады.
Ал одан кейін кеш иесін құттықтау үшін сахнаға шыққан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, сатирик жазушы Бақытжан Советұлы, ардагер журналист Мейірбек Мәтенов, ардагер ұстаздардан Аташбек Әмірқұл, Күлсін Ақылбекова, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің атынан келген ұалағатты ұстаз Еркінкүл Сейдахметова ақжарма тілектерімен қоса, кеш иесіне сый-сияпаттар жасады.
Ал аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова кеш иесіне жылы лебіздерін білдіріп, өңір басшылығының атынан Алғысхат және ықылас гүлін табыстады. Кеш иесі М.Құлибаевтың анасы Нұрғаным апайға да сый-сияпат жасалды. Айта кету керек, кеш иесін аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Перизат Шымыртайқызы редакция ұжымының атынан құттықтап, арнайы Құттықтау хатын және естелік сыйлық тапсырды.
Кеш барысында туған жер және Ана туралы әсерлі әндер шырқалып, жазушының «Ата аманаты», «Кішкентай азамат» атты әңгімелерінің желісімен қойылымдар көрсетіліп, кездесу өте әсерлі өтті.
Шығармашылық жолда қияға өрлеп, балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан қаламгер Марат Құлибайұлына барша қаламдас, әріптестерінің атынан біз де зор денсаулық, талмас талап пен шығармашылық толайым табыстар тілейміз! Болашақта қаламгердің «Балалар әлемінің бағбаны» атанатын жазушы болатынына титтей де күмәніміз жоқ. Ендеше, жазар көбейсін!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»