El іshі
Жаңа оқу жылына – екі бірдей жаңа мектеп
Диқан және Алатау орта мектептері биыл пайдалануға беріледі
«Білім – өмір шырағы» демекші, білім беру үздіксіз жүргізілетін процес. Сол себептен, оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Бірқатар өңірлерде жаңа оқу жылын жаңа мектептермен бастау жақсы дәстүрге айналып отыр. Үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу міндеттерін орындау аясында Жуалы ауданында да мектеп құрылыстары қызу жүргізілуде деуге болады.
Атап айтқанда, ауданда көп жылдан көпшіліктің «көңілін күпті» еткен Диқан және Алатау орта мектептерінің құрылыстары еді. Иә, көп жылдан бері ыңғайластырылған ғимаратта, әрі десе, не асханасы, спортзалы, шеберханасы, т.б. қажетті бөлмелері қарастырылмаған ғимаратта оқып келген оқушылар мен ұстаздардың өкпе-реніші де бір жағынан орынды. Биыл осынау олқылықтардың орны толғалы отыр. Бұл бағытта былтыр аталған екі бірдей мектептің құрылысы қатар басталған болатын.
2021 жылы басталғанымен, құрылысы 2022 жылға өтпелі нысандарда қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Қосымша айта кетейік, тұрғындар көптен күткен білім ошақтарының заманауи жаңа ғимараттары Ақсай ауылдық округінің Диқан және Қызыларық ауылдық округінің Алатау ауылдарынан бой көтеруде. Сәтін салса, биыл аталған екі мектептің де құрылысы толықтай аяқталып, ғимарат тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілгелі отыр.
180 орындық №27 Диқан орта мектебінің жаңа ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың сәуір айының соңында басталған болатын. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметінше, құрылысқа тапсырыс беруші Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев былтыр жазда Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Диқан орта мектебінің құрылысымен танысып, жауапты мердігер мекеменің басшыларына жобаны сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтауды тапсырғаны белгілі.
Айта кетейік, конкурс жеңімпазы болып танылған тараздық «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС бұл жобаны 478 миллион 300,4 мың теңгеге ұтып алып отыр.
180 орындық үш қабаттан және үш блоктан тұратын жаңа мектептің құрылысы барысында оқу бөлмелерімен қатар әр пәнге арналған жеке кабинеттер, сонымен қатар лингафонды, мультимедиалық кабинеттер, кітапхананың оқу залы, шеберхана (бөлек ғимаратта), зертханаға арналған кабинет, архив сақтайтын орын, асхана, акт залы және спортзал қарастырылған.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары біршама еңсеріліп отыр. Ғимараттың үш қабаты да толықтай тұрғызылып, ендігі кезекте құрылысшылар шатырын жабу жұмыстарына кірісіп те кетті. Онымен бірге есік-терезелерді монтаждау жұмыстары да қатар жүруде. Құрылыс прорабтары есік-терезелерді монтаждаудан кейін ішкі әрлеу жұмыстары басталатынын айтады. Қазір үш қабатты жаңа ғимараттың ауласынан салынған шеберхананың да құрылысы аяқталды.
Ал жаңа мектеп ғимаратының құрылысы мерзімінде аяқталса, биылғы жаңа оқу жылында Диқан ауылының оқушылары заманауи жаңа мектепте оқитын болады.
***
«Сабақты ине сәтімен» демекші, Алатау ауылының орталығынан салынып жатқан 100 орындық жаңа мектептің құрылысы былтырдан бері қарқынды жүруде.
Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылынан 100 орындық жаңа мектеп салу мәселесі соңғы онжылдықта тұрғындар жиынында жиі-жиі көтерілетін өзекті мәселенің бірі еді. Ауылдағы бала санының жыл санап өсуімен және жаңа заман тұрғысынан алғанда қазіргі оқып жатқан мектеп оқушыларға тарлық етіп, заманауи оқу кабинеттерін орналастыруға мүмкіндік болмай келгені рас.
Жылдар бойы кейінге қалдырылып келген осы іс былтыр оң шешімін тауып, мектеп құрылысына мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тапсырыс беруші облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы. Құрылысты жүргізуге «Агроспецстрой» ЖШС мердігер болып танылып, былтыр іске кірісіп те кеткен болатын.
-Алатау ауылындағы 100 орындық Алатау орта мектебінің құрылысын салуға жалпы 434 125,8 мың теңге қаржы бөлінді. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен іске асырылып жатқан құрылыстың бас мердігері «Агроспецстрой» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2021 жылдың 29 наурызында 418 058,8 мың теңгеге келісім- шарт рәсімделді. 2021 жылы нысанға бөлінген 320 000,0 мың теңге қаржы игерілген болса, 2022 жылға қалған 114 126,0 мың теңге қаржысы бөлінді. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары 63 пайызға орындалып отыр. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың маусым айына белгіленген.
Диқан ауылындағы 180 орындық Диқан орта мектебінің құрылысын салуға жалпы 498 250,8 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл құрылыс та облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылуда. Бас мердігер болып табылатын «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-мен құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін, 2021 жылдың 31 наурызында 478 300,0 мың теңгеге келісім-шарт рәсімделді. 2021 жылы нысанға бөлінген 220 000,0 мың теңге қаржысы игерілген болса, 2022 жылға қалған 278 251,0 мың теңге қаржысы бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы еңсерілді деуге болады. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың маусым айында аяқталады деп күтілуде.
Тағы бір айта кетерлігі, 180 орындық Диқан орта мектебін сыртқы жүйесімен (абаттандыру жұмыстары) қамтамасыз етуге 2022 жылға тиісті қаражат қарастырылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс жарияланды,- дейді аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Тимур Қалдыбаев.
Иә, қаржы бөлінді. Ендігі кезекте мердігер мекеме тарапынан мектептің ауласына абаттандыру, жарықтандыру және электр, газ жүйелеріне қосу жұмыстары атқарылады.
Назардағы нысан – Диқан және Алатау ауылдарындағы жаңа мектептердің құрылысы аудан басшылығының ұдайы бақылауында. Бұл өз кезегінде аудандағы білім беру саласындағы ғимарат тапшылығын азайтуға да өз септігін тигізбек. Сәтін салса, биылғы жаңа оқу жылында екі ауылдың балалары заманауи жаңа мектеп ғимараттарында оқитын болады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»