El іshі

Тұрғындар табысын арттыруға күш салуда

Ақсай ауылдық округінде «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Қанатқақты жобаға округтен 108 азамат құжат тапсырып, оның 102-сінің құжаты мақұлданған. Елді мекенде жобаның төрт бағыты бойынша жұмыс жүргізілуде.

Округте «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Кооператив құрамына 80 тұлға алынған. Мұнда жаңа тракторлар, “Германка” шөп шапқышымен қоса қосымша тіркемелері сатып алынуда. Кооперативте үш механизатор жұмыс істейді. Ұжым көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Кооператив биыл дала төсін дүбірге бөлеп, егістікке жүгері, арпа, мақсары және көпжылдық жоңышқа егуді жоспарлауда. Құнарлы мал азығын дайындауды да қолға алуға ниетте.
Одан бөлек, мұнда тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобалар да ұсынылған. Яғни, Сабира Канкиева полипропилен (ұн, картоп, пияз) қапшықтарын және баулау жібін жасау, Ермек Жазылханұлы, Қайсар және Елдар Құралбай ара шаруашылығымен айналысу, Қуанышбек Төребеков машина-трактор жөндеу цехын ашу, Ерсұлтан Әлжапар сүт өнімдерін өңдеу цехының жұмысын қолға алу, Диас Рахманқұлов кілем жасау ісін жандандыру жобасын ұсынған.
Сонымен қатар, пилоттық жобаның бірінші бағыты аясында ауылдық округте 79 тұрғын несие алған. Нәтижесінде, аймақ тұрғындары жалпы 1451 бас мал сатып алған. Оның ішінде, 443 мүйізді ірі қара, 368 жылқы және 640 бас ұсақ мал бар.
Қайрат ауылының тұрғыны Әлімхан Әсібеков те осы жоба аясында отбасылық табысын арттыру мақсатында құжатын тапсырған. Құжаты мақұлданып, өткен жылы қараша айында 2,5 пайызбен 4,5 млн теңге несие алған. Берілген қаржыға жергілікті 11 бас сиыр сатып алған екен. Бүгінде қорада сиыр төлдеп, отанасы сиыр сауып, оны аудандағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізуде.
-Өзім Ауған соғысының ардагерімін. Жұбайым жұмыссыз. Екеуміздің төрт баламыз бар. Үш ағайынды бірігіп құрған «Жолдас» деп аталатын шаруа қожалығымыз бар. Қожалықта бірнеше техникамыз, 76 гектарға жуық жеріміз бар. Жыл сайын 35 гектарға арпа сеуіп, 40 гектарға жоңышқа егеміз. Ағайындылар болып, мал азығын өзіміздің шағын жерден жинап аламыз. Бір-бірімізге көмектесіп, қыстан аман шығып, малдың басын азайтпауға тырысамыз.
Ал, Ақтөбе ауылдық округінде жүзеге асқан пилоттық жоба аясында біздің ауылға да қаражат бөлініп, ақсайлықтар да өз бақтарын сынап көретінін естігенде, әрине, қуандық. Отбасымызбен ақылдасып, жеңілдетілген пайызбен несие алуға бел будық. Үйдің құжаттарын дұрыстап, біз де керекті құжаттарымызды өткіздік. Округтен құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрамына кірдік, – дейді Әлімхан аға.
Шаруаның айтуынша, қаржы малдың бағасы қымбаттаған тұста берілген. Дегенмен «шешінген судан тайынбас» демекші, ұлы екеуі тәуекелге бел буып, базарда баға жоғары болса да, ірі қараның әр басын 330-350 мың теңге аралығында сатып алады. Сонымен қатар, мал азығының да қымбаттаған тұсында 680 мың теңгеге жем-шөп дайындайды. Шаруа қожалығының жеріндегі өнімнен мал азығын жинап, қысқа дайындық жасаған.
-Несие алмас бұрын қолдағы малды сатып, жаңа қора-жай соғылды. Қораға әлі жарық жүргізу керек. Алдағы мамыр айында несиенің үстіндегі пайызын төлей бастаймыз. Шарт бойынша бір жылға несие каникулы берілді. Алғашқы төлем күз айларында жасалатын болады.
Қазіргі таңда сегіз бас сиыр төлдеді. Жас мал болғандықтан сүті аздау болады. Өріске шығып, көкке жайылғанда сүті біршама көбейеді деп үміттеніп отырмыз. Бүгінде күнделікті сиыр қолдың күшімен сауылып, 40 литрдей сүт өткізіледі. Зауыт сүттің 1 литрін 160 теңгеден қабылдап алады.
Шаруаға ұлым қолғабыс етеді. Уақтылы жем-шөбін беріп, қора-жайды да таза ұстаған жөн. Малдың төлдейтіні уақыты жауапты кезең. Оған да немқұрайдылықпен қарамай, жауапкершілік танытуымыз керек. «Мал баққанға бітеді» дегендей, малдың жайын жасап, науқанды жақсы аяқтауымыз керек. Бұзаудың өсіп-жетілуі үшін оған міндетті түрде сүт беріледі. Өз жайылымымыз болмағандықтан, күн жылынып, ауа райы тұрақталса, малды ауылдан шығатын табынға қосып, өріске жібереміз, – дейді шаруа.
Әлімхан аға жобаның пайдасын көруге ниетті. “Әзірше, әліптің артын бағып, нәтижесін алдағы уақытта көрерміз” дейді. Өйткені, қанша сүт көп өткізгенімен, мал басы артқанымен, жем-шөптің бағасы шарықтап тұр. Әне-міне дегенше, уақыт зымырап өтіп, несиенің алғашқы төлем уақыты да келіп қалады. Сондықтан Әлімхан аға шығынға батпай, керісінше, табысын арттыру үшін күш салуды ойлауда. Біз де қанатқақты жобаның тұрғындарға зияны емес, керісінше, пайдасы тисе деген ниеттеміз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close