El іshі
Туған жер түлектерімен кездесу
“Мамандықтың жаманы жоқ. Бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе”
Жүсіпбек Аймауытов
№16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте “Туған жер түлектері – ғұмыры жарқын тұлғалар” атты кездесу өтті. Кездесуге бір ауылдан түлеп ұшып, бүгінде биік белестерді бағындырған құрметті азаматтар, “Ерен еңбегі үшін”, “Парасат”, “Құрмет” ордендерінің иегері Шерхан Пертайұлы мен І,ІІ,ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы төсбелгісі мен “Құрмет” орденінің иегері Есенбай Иланбайұлы шақырылды.
“Еңбегіңнің ел кәдесіне жарағанын сезіну – үлкен бақыт” демекші, кеш қонақтары таңдаған мамандықтарының қыр-сырын жетік меңгеріп, өз ісінің нағыз шеберіне айналып, еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп, биік белестерді бағындырып, құрмет-қошеметке ие болған жандар.
Кездесудің мақсаты – оқушыларға туған жер түлектерінің еңбек жолы мен жеткен жетістіктерін насихаттай отырып, мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру.
Сахна шымылдығы қазақ биімен ашылып, мектеп мұғалімдері “Сәкен – Сұңқар” қойылымын қойды. Бас құйқаңды шымырлатқан қойылым қазақ тарихынан көп жағдайды еске түсірді.
Домбырашылар күй тартып, ауылдың өнерлі әжелері, мектеп мұғалімдері мен кездесу кейіпкерлерінің сыныптастары, мәдениет үйінің мамандары ән салды.
Сахна төріне кездесудің қонақтарын құрметпен шақырды.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер кәсіподағының төрағасы Базантай Данияров, Түркістан облысы “Қазақтелеком” АҚ басшысының орынбасары Қыдырбек Тойшыманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және кездесудің негізгі кейіпкерлері Шерхан Пертайұлы мен Есенбай Иланбайұлы сахна төрінен орын алып, игі тілектерімен бөлісті.
Шерхан Раздықов Алматы байланыс электротехникумын, Алматы энергетикалық институтын бітіріп, байланыс саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан. Еңбек жолын аудандық байланыс торабында ауылдық телефон байланысы электромеханигі болып бастап, байланыс торабының басшысы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы қалалық, Алматы облыстық “Қазақтелеком” мекемесінің басшысы қызметтерін атқарған. Қысқасы 46 жыл байланыс саласында үздіксіз қызмет еткен.
Ал, Есенбай Ошанов Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын ветеринария факультеті бойынша тамамдап, еңбек жолын “Бурненский” әскери совхозда ірі қара малды қолдан ұрықтандырушы болып бастайды. Кейін “ХХІІ партсъезд” атындағы колхозда бас мал дәрігері, аудандық ветеринария станциясында, аудандық аумақтық инспекциясында басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, құрметті зейнет демалысына шыққан. Ветеринария саласында адамдар мен жануарлардың денсаулығына аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ауылдық округтерде сауықтыру шараларын өткізіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мемлекетіміздің мәртебелі марапаттарын иеленеді.
Кездесуге шақырылған қонақтар бір ауылдан шыққан қос азаматтың іскерлігі, адами қасиеттері жайлы жан-жақты әңгімеледі.
Шерхан Пертайұлының адамгершілік қасиеттері, жұмысына адалдығы, жаңашылдығы, алғырлығы, талапшылдығы, өз жұмысын жетік білетіні, ұйымдастырушылық қабілеті, ауылына, туған жеріне, еліне, ана тіліне деген құрметі, жерлестеріне жасаған көмегі мен қолдауы, қайырымдылығы, ар-ұятты жоғары қоя білетін, мінезге бай азамат екенін замандастары жарыса әңгімеледі. Өмір жолынан естеліктерімен бөлісіп, ризашылықтарын білдірді.
“Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді” демекші, ветеринария жұмысы ауыр, күрделі сала. Осы саланың майталманы Есенбай Иланбайұлының да халықтың малын емдеуде, аурудың алдын алуда еткен ерен еңбегі, білімі мен тәжірибесі жайлы айтылып, осындай тағылымды, өнегелі іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Есенбай Ошановтың еңбек жолына ауыл шаруашылығы саласының ардагері, аудандық ” Әкелер кеңесінің төрағасы Әбуғали Ералиев кеңірек тоқталды.
Іс-шарада кеш иелері де сөз сөйлеп, ішкі толқыныстарымен бөлісті.
-Бала кезден әдебиетке жақын болып өстік. Оған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған марқұм Болатбек Қайыпбеков ағамыз себепкер болды.
“Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап” деп Абай атамыз айтқандай, мен өмір бойы осы ұстанымды ұстандым. Бірінші, Алланың, екінші, еңбегімнің арқасында осы дәрежеге жеттім,- дей келіп, Шерхан Пертайұлы бұл мамандыққа қалай келгенін әңгімелеп берді.
Есенбай Иланбайұлы тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, яғни аса қауіпті аурулар көбейген уақыттағы саладағы қиындықтарды қалай жеңгені жайлы әңгімеледі.
Туған жер түлектері кешті ұйымдастырған мектеп басшысы Жорабек Қадірбеков пен ұжымына, іс-шараның өтуіне көп көмек жасаған сыныптастары Қалан Мәмбеталиевке де алғыс білдіріп, сый-сияпаттарын тапсырды.
Шара барысында ауылдың қадірменді қариялары Қалдан Назар, Аташбек Әмірқұл, Зиядхан Райқұлов та игі тілектерін жеткізді.
Мектеп ұжымы, сыныптастары да кеш қонақтарына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Кездесуді мектеп директоры Жорабек Қадірбеков қорытындылады.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”