El іshі

Балық өсір, пайдасы оның көл-көсір…

Қазіргі таңда жастар кәсіпкерлік салаға бет бұруда. Олар кәсіпті қосымша табыс көзі ретінде пайдаланады. Бірі жеке дүкен ашса, енді бірі үкіметтен төмен пайызбен несие алып мал шаруашылығымен айналысуда. Бірқатар жастар балық шаруашылығына қызығушылық танытуда. Өйткені балық жесең тамақ, сатсаң ақша.

Балық шаруашылығы ел экономикасы мен адамдардың тұрмыс сапасын арттырып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі. Өздеріңіз білетіндей, біздің өңірде де жыл санап балық шаруашылығының әлеуеті артып келеді. Біздің еліміз балық қорына бай. Бұрындары балық шаруашылығымен мыңдаған адамдар тұрақты жұмыспен қамтылып, табысты еңбек еткен. Ал, қазіргі таңда балық шаруашылығының осындай мол мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр. Өйткені аталған кәсіп түрінің жетістігі мен кемшілігі қандай дейтін болсақ та, сол баяғы су тапшылығы мен мамандар жетіспеушілігі мәселесіне келіп тірелеміз. Дегенмен тұтынушылар тарапынан балық өніміне сұраныс жоғары.
Қызыларықтық жас кәсіпкер Адинай Ержанқызы қазіргі таңда балық шаруашылығымен айналысады. Ол өткен жылы республикалық «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасына қатысып, 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алған.
– Өткен жылы біздің ауылға аудандық «Жастар ресурстық» орталығының директоры мен мамандары келіп жастармен кездесу өткізіп, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы жайлы кеңінен таныстырды. Маған аталған жоба бірден көңілме қонымды болып көрініп, үйдегі жолдасыммен ақылдасып, бағымды сынап көрейін деген ой келді. Осылайша жолдасым екеуміз бизнес жоспар жасауға кірісіп кеттік. Екеуміз ақылдаса келе, балық шаруашылығына арналған бизнес жоспарымызды әзірледік. Қысқасы, тоғанда 10 000 мың шабақ өсіруге арналған бизнес-жоба дайындадым. Өйткені, бір жарым жыл бұрын біз ауылдың шетінен өзіміз қолдан көл жасаған болатынбыз. Сол көлге шабақ жібереміз деп жоспарлағанбыз. Ал, мына бизнес жоба шабақтарды алуыма үлкен көмек болды.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығына» құжаттарымды, бизнес жоспарымды өткізіп, оны ойдағыдай қорғап шығып, грант жеңімпазы атандым. Қолыма қаражатты алып, жолдасым екеуміз сазан және амур балықтарының шабақтарын сатып әкеліп, көлге жібердік. Өздеріңіз білетіндей, сазан балығы басқа балыққа қарағанда тез өседі. Ол балықтың өсуіне соншалықты ерекше талаптың қажеті жоқ. Шығын аз кетеді. Шамамен екі жасында сазанның салмағы 1,5-2 келіге жетеді. Ал амур балығы негізінен екіге бөлінеді, яғни, ақ және қара амур балығы. Біз ақ амур балығының шабақтарын алдық. Амур балығы тағамдық құндылығы жағынан жоғары және дәмді. Бұл балықтар да ерекше қоректі қажет етпейді, – дейді жас кәсіпкер.
-Балық шаруашылығы бұл отбасылық кәсіп. Биыл көлдің жанына 300 түп ағаш отырғызып және жарық жүргіздік. Болашақта көлдің жанынан ауыл тұрғындары және де басқа жақтан келіп демалатын демалушылар үшін орын ашсақ деген жоспарымыз да бар. Келген қонақтар өздері балықты аулап, аулаған балықтарын дайындайтын жер ашсақ, сондай-ақ дәл осындай тағы екі-үш көл жасап, балықтың басқа түрлерін көбейтсек деген ниеттеміз»,-дейді Адинай.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close