El іshі

Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы

Сан ғасырлардан бері қаншама тарихи қиын-қыстау заманды басынан өткерген халқымыз дәстүрін тұтастай етіп ұстап, өзге ұлттар мен ұлыстарды өзінің бауырына сыйдыра алды. Бүгінде Қазақстан әлемдегі көпұлтты мемлекеттердің қатарына кіреді.
Осы орайда Жетітөбе ауылдық округін көпұлтты екендігін айта кеткен жөн. Атап айтар болсақ, округ тұрғындарының саны – 3 068 адамды құраса, оның 77%-ы қазақтар, 13%-ы өзге этностың өкілдері. Ауылдық округте ұлттық араздық пен діни кикілжіңдерге жол берілген емес. Себебі, бұл – біздің көпұлтты мемлекет болудың және талайлы тағдырымыздың әлеуметтік-тарихи көрінісі.
Сан ғасырлық қатпарлы тарихымызға көз жүгіртсек, ұлан-байтақ жерімізде түрлі ұлттардың діни наным-сенімдері, мәдениеттері қатар өмір сүргендігіне көз жеткіземіз. Жалпы дін – адамның дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, татулық пен тыныштыққа қызмет етіп қана қоймай, адамның жан дүниесін иман нұрымен нұрландырып, көркем мінез бен сабырды серік етуге жетелейтін бірден-бір ілім.
Қоғамның ең басты байлығы адам болғандықтан, оларға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратуда діннің алар орын ерекше екендігін ата-бабаларымыз іс жүзінде көрсетіп берді. Бұл – ата-бабалардың діни төзімділіктің озық үлгісін көрсетіп бере алғандығының дәлелі. Біз исламның басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық үрдістерін құрметтеп, әрі дамыта отырып, осы заманға сай зайырлы мемлекет орнатуымыз керек.
Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады. Біз оны алыс жақын көршілес елдердегі саяси оқиғалардан көріп-біліп отырмыз. Әpбір халық үшін азат мемлекет, егеменді ел болудан артық құндылық болмас, сірә?! Ал сол тәуелсіз мемлекет үшін елдің тыныштығы мен бейбітшілігінен асқан бақыт жоқ екенін ұмытпауымыз қажет!

Қайнарбек БЕДЕЛБЕКОВ,
Жетітөбе ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close